Мыс ақшалар көмбесі 1999 жылы Түркістан қаласынан шығыс бағытына қарай 20 км. қашықтықта орналасқан Ораңғай селосында жүрген құрылыс жұмыстары кезінде кездейсоқ табылған. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан жұмысшылар, Түркістан археологиялық экспедициясына жерді тегістеп жатқан трактордың сүріп өткен жерінен көп көлемде тиындар табылғандығы туралы хабар береді. М.Тұяқбаев бастаған археологиялық экспедиция мүшелері тиындар табылған жерге келіп, қазба жұмыстарын жүргізіп, ол жерден біршама аумаққа шашылған 803 дана мыс тиындар жиып алған болатын.
2000 жылы 6 қараша күні Түркістан археологиялық экспедициясының инженері А.Ержігітова тиындар жинағын «Әзірет Сұлтан» музейінің қорына өткізді. Барлық тиындардың бір ақшалар көмбесі екендігін немесе, жеке ақшалар жинақтары екендігін тап басып айту қиын.
Бұл мыс ақшалар жинағының құрамы XVI ғасырдың басы мен XVII ғасыр аралығында соғылған мыс ақшалардан тұрады. Тиындар арасындағы соғылу мерзімдерінің алшақтығы (бір ғасырдан астам уақытты құрайды) мен едәуір ауқымды аумақтан жиылып алынуы, аталмыш тиындар жинағын бір көмбенің құрамы деп қарастыруға кедергі болып отыр.
803 данадан тұратын тиындардың 247 данасының беттеріне түсірілген шекіме бедерлері толықтай дерлік жойылып кеткен. Тиындардың 90 пайызының беттеріндегі бедер іздерінің басым бөлігі жойылып кеткен. Шекіме бедерлері, топырақ құрамындағы тиын металының сақталуына зиянды химиялық түзінділермен байланысқа түсуі салдарынан жойылып кеткен деуге, тиындардың басым бөлігінің беттерінде тотығу салдарына тән іздердің байқалмауы кедергі болып отыр.
Тиындардың басым бөлігінің беттері теп-тегіс етіп, арнайы қайта қыздырылып соғылғанға ұқсайды. Бедер қалдықтары негізінен, металдың ішіне кіріңкі етіп түсірілген, әдетте үстінен қатты соғу арқылы түсіріліп отыратын үстінен қайта шекімелерде (надчекан) сақталған. Осы орайда, тиындар табылған жер, ақшаларды қайта шекімелеуге дайындайтын ақша сарайы орналасқан мекен болуы керек деген болжам бар.
XV-XVI ғасырлар өлкеде мыс ақшалармен жүргізілетін ұсақ сауданың қарқынды дамып, халықты ұсақ ақша түрлерімен мейлінше толық қамтамасыз ету қажеттігі туындаған кезең болғандығын ескерсек, аумақтың орталығы болған Ясы-Түркістан қаласындағы ақша шекімелеу шаруасы тек қаланың өзінде ғана емес, қалаға қарасты ұсақ қоныстар мен қыстақтарда да іске асырылған болуы мүмкін. Ал, бұл тиындар осы жерде орын тепкен уақытша құрылған ақша сарайының қайта шекімелеуге арнайы дайындалған тиындар жинағы болуы керек.
Тиындар қатарында шекіме бедерлері айырып тануға мүмкіндік бере алатын жағдайда сақталған үлгілері арасында Ташкентте 907 х.ж. (1501-1502 ж.) соғылғандығы көрсетілген ضرب تاشكند في تاريخ 907 (907 жылғы Ташкент шекімесі), беттеріне парсы тілінде عاقبت خير باد (Ақибат хайр бад/Сәтті болсын) жазбасы түсірілген, ضرب يسي فلوس (Зарб Йасы фулус/Ясы мыс ақша шекімесі), ضرب سرام (Зарб Сайрам/Сайрам шекімесі), (фулус-и Адиль хан),ضرب يسي عادل خان (Зарб Йасы Адиль хан), ضرب تاشكند (Зарб Ташканд), ضرب فاحرة يسي (Зарб фохиро Ясы) жазбалары түсірілген XVI ғасырдың басы мен алғашқы жартысына тән мыс динарлар бар.
Беттеріне жазба бедерлері түсірілген тиындармен қатар толықтай анэпиграфты үлгіде, бір бетінде гүл тектес өрнек, келесі бетіне аң-құс бейне бедерлерінің қалдықтары сақталған тиындар да орын алған.
Тиындар арасында беттеріне торлама, доға пішінді сызықтардан құралған өрнектер түсірілген, сырдарияның орта және төменгі ағыстарында орналасқан мекендердің ұсақ сауда айналымында болған XVII ғасырға тән мыс ақшалар да, Р.З.Бурнашеваның зерттеулері бойынша өлкеде XVII-XVIII ғғ. ақша соғу ісінде орын алған тоқырау кезеңдерінде мыс ақша орнына жүрген мыс сым кесінділері түріндегі ақша дайындамалары да кездеседі.