«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің жазба ескерткіштер тобында құнды жәдігерлер көп деп айтуға болады. Сондай кітаптардың бірі әулиелердің өміріне қатысты шығарма «Тазкират ул-Аулия» (Әулиелердің өмір жолы) деп аталады. Бұл еңбектің авторы сопы, әулие кісі болған, көптеген кітаптардың авторы парсы елінің танымал ақыны Шайх Фарид ад-Дин Мухаммад ибн Ибрахим Аттар. (1148-1221 ж.ж) Қолжазба парсы тілінде жазылған. 286 беттен тұрады. Өлшемі: 15х26 см. Мұқабасы қайыс және қағазбен қапталған жұқа тақтайдан жасалған. Шығарма толық, жақсы сақталған. Кітаптың көшірілген жылы мен көшірушінің аты-жөні көрсетілмеген. Шамамен айтқанда ХІХ ғасырға жататын дүние.
Бұл кітапта ислам тарихындағы рухани кемелдікке жетіп «әулие» атанған 100 шақты кісінің өмірі, өнегелі сөздері, кереметтері және ата-тектері туралы айтылған. Шығармада оқиғаға байланысты аталған адамдардың есімдері мен жер-су атаулары көп кездеседі. «Тазкират ул-Аулия» (Әулиелердің өмір жолы) кітабы 96 баптардан тұрады және әр баб белгілі бір тұлғаның өмірбаянына арналады. Танымал діни тұлғалардың шежіресі Имам Джафар Садықтан басталып, Абул Фазл Хасанмен аяқталады. Олардың ішінде Имам Абу Ханифа, Имам Ахмад ибн Ханбал, Хасан Басри, Рабиа Балхийа, Абу Мансур Халладж, Увайс Қарани, Малики Динар, Джунайд Бағдади және т.б секілді есімі елге танымыл діни тұлғалардың өмірбаяны баяндалады.
Ибрахим Аттар тұлғалардың өмірінде орын алған ең қызықты, ең таңқаларлық оқиғаларды баяндай отырып, олардың сауап үшін жасаған игі істеріне жеке-жеке тоқталып өткен. Бұл кітаптың мазмұны Қожа Ахмет Ясауидің өмір жолы мен артында қалдырған рухани мәдениетіне толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, әрбір оқырман шығармадағы ғұламалардың өмірбаянын оқи отырып ғибрат алсын және жақсылық жасау сауабынан құр алақан қалмасын деген ниетін аталмыш еңбегінде атап көрсеткен. Бұл кітап мұсылман елдерінде заманауи басу тәсілімен көп таралған, бірақ біздегі түпнұсқа қолжазба болуымен құнды. Тіпті еліміздегі әртүрлі қолжазбалар қорларында сақталған жазба ескерткіштердің арасында мұндай шығарманы кездестіру мүмкін емес деп нық сеніммен айтуымызға болады.