МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» халықаралық онлайн-конференция өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігі, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы мен Нұрсұлтан Назарбаев қорының ұйымдастыруымен «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өтті.

Жиынға Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі Ялчин Топчу, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Əміреев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджи, Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, Әзірбайжан Ататүрік орталығының төрағасы Низами Джафаров, Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырəлі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеінің ректоры Жанар Темірбекова, «Елбасы Академиясы» Корпоративтік қорының Басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, археолог Зейнолла Самашев пен бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері, еліміздегі ЖОО басшылары қатысты.

Басқосуға қатысушылар биыл 31 наурызда Түркістан қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитінің қорытындыларын сараптап, талқылады.

Жиында сөз алған Ақтоты Райымқұлова биыл 31 наурызда Түркістан қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті аясында Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланғанын, ежелден тиімді географиялық орналасуы қаланың саяси, сауда-экономикалық орталыққа айналуына өз ықпалын тигізгенін, XV ғасырдан бастап Түркістан мұсылман әлемінің қажылық ететін орын ғана емес, маңызды тарихи шешімдер қабылданған қазақ хандарының резиденциясы болғанын ерекше атап өтті.

«Бұл мәліметтер ортағасырлық тарихшылар мен әр түрлі ел шежірешілерінің еңбектерінде, ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегінде сипатталған. Қаланың тарихи орталығы XV ғасырдан бастап, Қожа Ахмет Ясауи, Рабия Сұлтан Бегім, Есім хан, Тәуке хан, Гаухар ана кесенелері, Әбілқайырдың Хан Ордасы, Жұма мешіті, Хильвет жерасты мешіті, Хан мешіті және т.б. бірегей археологиялық және тарихи ескерткіштерге бай. Жалпы қасиетті Түркістан жерінің аумағында Арыстан баб, Үкаша ата кесенесі, ежелгі Отырар, Сауран, Сидақ қалаларының ортағасырлық бекіністері және Ұлы дала тарихында өзінің ұлылығымен елеулі із қалдырған басқа да көптеген объектілер бар.

Қаланың тарихи бөлігі киелі мәнге ие екені баршаға мәлім, бұл жерде ғылыми деректерге сәйкес 21 ханның, 8 сұлтанның, 23 бидің, 59 батыр жерленген. Олардың қызметі көптеген жағдайларда тек қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі әлемі тарихының қалыптасуында шешуші рөл атқарған»,-деді министр.

Ақтоты Райымқұлова еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи-мәдени мұра объектілерін зерттеуге, сақтауға және оларды танымал етуге маңызды рөл бөлінгенін, қандай стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірленіп, қабылданғанын, жүзеге асырылып жатқанына тоқталып өтті.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2004-2011 жылдар аралығында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде алғаш рет отандық ескерткіштерге инвентаризация жүргізілді. Өңірлер бойынша ескерткіштер жинақтары әзірленді, қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді анықтау үшін Ватикан, Германия, Қытай, Италия, Египет және қзге де шет елдерге ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды, ғылыми-реставрациялау және археологиялық жұмыс институттарының жүйесі қалыптасты. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама аясында 80-ге жуық тарихи-мәдени мұра ескерткішке ғылыми-реставрациялау жұмысы және 40-қа жуық археологиялық зерттеу жүргізілді.

2017 жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының логикалық жалғасы болды. Оның маңызды құрамдас бөлігі біздің ұлттық бірегейлігіміздің негізін құрайтын Қазақстанның тарихи және киелі орындарын біріктіретін «Қазақстанның киелі географиясы» арнайы жобасы әзірленді.

Жүргізілген ауқымды жұмыстың нәтижесінде 256 жалпыұлттық және 575 жергілікті маңызы бар объектіден тұратын Қазақстанның киелі жерлерінің белдеуі қалыптастырылды. Бұл объектілер бірыңғай qazmaps.kz виртуалды картасында синхрондалған және 3D турлар арқылы онлайн режимінде қолжетімді. Сондай-ақ киелі нысандар туралы толық ақпаратты, аңыздарды қамтитын «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының төрт томы жарық көрді. Нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, 2020 жылы Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» жаңа Заңы күшіне енді»,-деді.

Министр Түркістанды қайта жаңғырту жолында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысын құрып, әкімшілік орталығын Түркістан қаласы деп бекіту туралы шешімінің маңызы зор екенін жеткізді.

«Осы тарихи шешімнің арқасында ғасырлық тарихы, көптеген тарихи-мәдени, туристік және діни ескерткіші бар ежелгі қала жаңа келбетке ие болып, әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаланың бірегей сәулет элементтері мен ерекшеліктерін сақтай отырып, Түркістанның тарихи орталығын қайта жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр.

Реставрация, реконстукция және археологиялық зерттеулер бойынша жүргізілетін барлық жұмыс халықаралық сарапшылардың, ЮНЕСКО мен ИКОМОС сияқты беделді ұйымның ұсынымдарына сәйкес жүргізіліп келеді.

Ғылыми-қалпына келтіру жұмысымен қатар кесене аумағын абаттандыру бойынша жоба іске асырылуда. Барлық объекті тарихи деректерге сәйкес қайта құрылып объектілерді жаңғырту мәселесінде гипотикалық көзқарасқа жол берілмейтінін ерекше атап өткім келеді. Осы мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі атақты ғалымдар мен білікті мамандармен бірлесе отырып, Әзірет Сұлтан республикалық музей-қорығының жанынан ғылыми-әдістемелік кеңесін құрды. Кеңесте ғылыми-реставрация жұмысы жөніндегі әрбір мәселе алдын-ала талқыланады және оларға жан-жақты ғылыми-әдіснамалық қолдау мен сүйемелдеу көрсетіледі»,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Осыдан кейін Түркістанды түркітілдес халықтардың астанасы ретінде қалыптастыру, өңірде туризм саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс жайымен таныстырды.

«Бүгінде Түркістанда тарихи ескерткіштермен бірге ондаған жаңа мәдениет, спорт және туризм нысаны салынды. Олардың ішінде қазақ хандарына арналған мемориалдық кешен, «Керуен-сарай» туристік кешені, «Ұлы Дала Елі» орталығы, Қожа Ахмет Ясауи музейі, қолөнершілер орталығы, «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасы, музыка мектебі, амфитеатр, спорт-сауықтыру кешендері, «Түркістан-Арена» стадионы және тағы басқа нысандар бар.

Туризм саласында жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып, Түркістан қаласында Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университеті құрылған-ды. Оның негізгі ерекшелігі – үздік әлемдік тәжірибелерге негізделген практикаға бағдарланған оқыту.

Түркістанда туризмді одан әрі танымал ету мақсатында маркетинг стратегиясы да іске асырылып жатыр. Дәл осы күндері біз Түркістанда Ыстамбұлдан тікелей рейспен келген түркиялық журналистер мен блогерлерді күтіп аламыз.

Бай тарихты, заманауи инфрақұрылымды, көптеген тарихи-мәдени объектіні және табиғи ерекшелікті ескере отырып, өңірдің туристік әлеуеті күннен-күнге артып, 2025 жылы туристер ағынының 3,5 млн адамға дейін ұлғайтсақ деген жоспарымыз бар. Бұл ретте мәдениет және туризм саласының симбиозы дамыған рухани-мәдени қоғам қалыптастыруға мүмкіндік береді»,-деп Ақтоты Райымқұлова баяндамасын аяқтады.

Сонымен қатар конференцияда баяндама жасаған Ялчин Топчу 31 наурызда Түркістан қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитінің маңызы зор екенін айтты.

«Түркі әлемін біріктіруге күш жұмылдырып, қадамды сеніммен бірге басуымыз керек. Саммитте қабылданған шешімдер түркі әлемімен қатар өзге өңірлер үшін де маңызды. Біз рухани мәдениетімізді жаңғыртуға, түркі әлемін нығайтуға бағыт алып келеміз. Осы жолда біраз еңбек сіңірген, Түркістанға жаңа мәртебе беру идеясын ұсынған түркі әлемінің ақсақалы, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымды білдіргім келеді. Түркістанның гүлденуі мен ортақ құндылықтардың дамуы түркі әлемінің бірегейлігін нығайтары анық», — деді Түркия Республикасы Президентінің кеңесшісі.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Шахрат Нұрышев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммит қорытындыларына тоқталып, кеңес құрамындағы мемлекет басшыларының салиқалы саясаты түркі интеграциясын жаңа деңгейге көтеріп, «түркі ренесансына» мұрындық болғанын атап өтті.

«Ортақ тамыры, тарихи, мәдени және ұлттық құндылықтары бар түркі мемлекеттерінің өсіп келе жатқан беделі мен экономикалық қуаты халықаралық және өңірлік ауқымда ынтымақтастықты барған сайын тартымды ете түсуде. Энергетикалық ресурстардың болуы және қолайлы географиялық орналасуы, біздің елдерді жаһандық экономиканың маңызды құрамдас бөлігі ретінде айқындауда», — деді ол.

Ал іс-шараны модераторы Бақытжан Темірболат Түркі кеңесінің бейресми саммиті түркі елдерінің әріптестігін дамытудың жаңа кезеңіне алып келуі мүмкін маңызды мәлімдемелер мен келісімге толы мазмұнды жиын болғанын атап өтті.

«Түркі өркениеті өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады. Мәдени бірегейлік пен ортақ құндылықтар негізінде ол одан әрі дамудың барлық мүмкіндігіне ие. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі әлемін ХХІ ғасырдың аса маңызды экономикалық, мәдени және гуманитарлық өңірлерінің біріне айналдыруды көздейтінімізді саммитте атап өтті. Мәдениет саласындағы жетістіктердің қандай да бір экономикалық пайдамен өлшенбейтіні көпшілікке мәлім. Алайда бұл жетістіктер экономиканың жақындасуына өз септігін тигізетіні рас. Еуропа, Азия, Африка және Латын Америкасындағы интеграциялық бірлестіктер мәдени және құндылық ортақтығында дамып келеді. Түрлі елдер мен өңірлерді мекен еткен 175 миллион түркінің тағдыры мықты мәдени бірегейлігінің арқасында тарих толқынында адаспай, жаһандану заманында алға қадам басуға мүмкіндік алды. ТҮРІКПА, ТҮРІКСОЙ, Түркі академиясы мен Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қажырлы еңбегі Түркі кеңесін беделді ұйымға айналдырса, «түркі әлемі» ұғымы көпшілік мойындаған халықаралық дискурсқа айналды»,- Елбасы кітапханасының директоры.

Әзірбайжан Республикасы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Низами Джафаров Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бейресми саммитінің түркі әлеміндегі өзекті мәдени, экономикалық, саяси мәселелерді қозғағанын тілге тиек етті.

«Түркі мемлекеттері басшыларының шешімімен ресми халықаралық деңгей мен озық форматта ұйымдастырылған кездесулер түркі халықтарының мүддесін толықтай қамтитынына ризамыз», — деді.

«Түркістанның мәртебесін айқындап, әлеуетініне серпін берген, түгел түркінің төріне айналдырып, тамырластығы пен бауырластығын бекемдей түскен Саммиттегі басты оқиға ретінде «Түркістан декларациясы» қабылданып, «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланды. Бұл ретте, «Түркістан декларациясы» Қазақстанның түркі әлеміндегі көшбасшылық ұстанымдарын бекітудің тағы бір байсалды қадамы деп бағалауға болады», — деді Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ халықаралық конференция кезінде Жанар Темірбекова, Билал Чакыджи, Мұрат Жұманбай, Бағдат Әміреев, археолог Зейнолла Самашев, Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің «Философия және руханият негіздері» кафедрасының меңгерушісі Нигинахон Шермухамедова, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әмребаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Жақсылық Сәбитов баяндама оқыды.

Алдыңғы ақпарат

Кесенеде жерленген тұлғалар

Келесі ақпарат

Ұлы Жібек жолы бойындағы сыры ашылмаған көне қалалар