Ел ішіндегі кең тараған әңгіме бойынша кезінде Қожа Ахмет Ясауидің өзі Ораза, Құрбан айт намаздарын Қорасан бабаның басында өткізіп жүріпті.
Әзірет Сұлтан Ясыдан шығып, Сауран арқылы Аққұм бекеті тұсында Сырдариядан Тасөткел арқылы өтіп, Көкжидедегі Шәмші Қылауыз ауылына бір қонып, Қорасан атаға зияратқа барғанша Бабаға жалбарынып:
Бабам Қорасан, келдім арасан,
Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.
Мүшкіл ісімді қылғайсың асан,
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.
Атың-дүр мәшһүр аршы самада,
Тауап етейін деп келдім пияда,
Үміт етіп мен хауф-рижада,
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.
Аршының үстінде Сұхбат құрарсың,
Әзіреті Қызыр била үлпат қыларсың.
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.
Сексен шайхыны жаныңда көрдім,
Тоқсан шайхыны артыңда көрдім.
Қағбаны махаллаңның алдында көрдім,
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.
Сұлтан Хұсайынның ұлы болармын,
Астанасының құлы болармын.
Шашым-сақалымны шыпта қылармын,
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.
Әлінің әулеті Шери Құдасың,
Келген бәлеге дәпі қыларсың,
Таңа Қожа Ахметке жары боларсың,
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан, – деп, дәремет сұрайды екен. Содан бері Қорасан бабаның басынан адам үзілмейді. Сан ғасырлар бойы қаншама ұрпақ әулие кереметіне сиынып, бірі ауруына шипа іздесе, енді бірі тәңіріден бала сұрап әулиелі жерге түнейді.