Құсшы ата – Қожа Ахмет Ясауидің он екі шәкірттерінің бірі, сайыскер, құс салатын сегіз қырлы бір сырлы жан болған. Ол Ислам дінін жергілікті тұрғындар арасында таратуға үлкен үлес қосқан.Кентау мен Түркістан арасындағы жол бойында орналасқан Құсшы ата мазарын сол жердегі өзбек ағайындар күтімге алған. Құсшы ата жөніндегі деректерде Құсшы атаның шын аты – Қарашайық. Баһауадин шайыхтың екі ұлы болған: Үсеншайық, Қарашайық. Хазіреттің белгілі мүриттерінің бірі әрі туысы Құсшы ата көзі тірісінде-ақ әулиелікке қолы жеткен адам болса керек. «Жас кезінде саятшылық құрып, аң аулаған» дейді. Сондықтан да, оны ел «Құсшы»атап кеткен. Бір күні ол құс салуға шығады. Бір жерге келген кезде қолындағы құс ұшып барып, бір бейіттің үстіне қоныпты. Құсын әрі-бері шақырса келмепті.Сол сәтте ат үстінде тұрған Құсшы ата:
– Ей, Найсап, құсымды ұшырып жібер, – дейді. Осы кезде бейіттен күңгірлеп үн естіліпті:
– Баяғыдан бері ескерусіз жатыр едім, «Найсап» десең де, ел енді ескеріп, мені білетін болды-ау. Рақмет, пақырым. Сені де маған Алла жіберіп тұрған шығар, –деп үстіндегі құсты ұшырып жіберіпті. Бұл күнде сол өңірде Найсап ата атымен аталатын елді мекен де бар және Найсап өзені ағып жатыр. Құс салумен дүйім елді асырған әулие баба құстан тек қаршыға ұстаған. 7-11 қаршығасы болған.Құсшы ата аталуының себебі – қаршығалары көк аспанда торғай сықылды еркін самғаған. Атын ерттей бастағанда үш қаршығасы мінгенде бес қаршыға болған.Қасқыр кездесетін күні жетеуі төбесінде ұшып жүрген. Ел ашыққан жағдайда он бір қаршығасы түгел аспанға көтерілген. Әр қаршығаға бір-бірден ғана қоян алдырған. Құсшы ата құстарын қатты қадірлеген, егер жазатайым мерт болған жағдайда, арулап, Құран бағыштап, ас беріп көмген. Негізгі кәсібі – диқаншылық және құсбегілік. Арал өңірінен бастап Қаратаудың теріскей, күнгей бетін,Түркістан, Сырдарияның арғы-бергі бетін мекендеген халықтардың арасынан шыққан құсбегілер арнайы келіп, қасқырға, түлкіге, киікке, қырғауыл-қоянға,арқарға салатын құстарды сынатады екен. Олар «Қаршығалық» деген жердегі бөлмелері көп үйде 10-15 күннен жатып, құстарын аңға салуға жаратқан. Бірде ағасы Үсен Шайық Қара Шайықты шақырып, ас-суларын ішіп болған соң:
– Ей, ақымақ, Құдайдан бейхабарсың. Азаннан кешке дейін ит жүгіртіп, құс саласың,жер-жерден құс жинап сынайсың, түнімен қу-қулап шығасың, үсті-басың садыра-садыра құстың қиы, бұл жүрісіңді қой. Менің саған жаным ашып айтып отырмын, – деп ұрыса бастаған. Інісі: – Аға, сыртқа шығайық, – депті. Сыртқа шыққан соң оң қолын көтеріп: – Мына саусақтың арасына қараңызшы, – дейді.
Үсен Шайық көз салса саусақ арасынан «Арша Алла» деген жазу көрініп тұр екен. – Кешір, жетіліп қалған екенсің, шырағым, менен білместік өтіпті, – деп кешірім сұрапты ағасы. Сонда інісі: «Көке, сіздің үу-үуіңізден, менің Қуқуым», – деген екен. Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өтер шағында шәкіртіне Түркістанның шығысындағы жеті бұлақ қатар аққан осы нұрлы өңірді мекен етіп, кәсібін жалғастырып, ілімін таратуды аманат еткен деседі. Содан ел Әзірет Сұлтанның шәкіртін құрметтеп «Құсшы ата» атаған екен. Сопылық жолды берік ұстаған Құсшы ата дүниеден өткен соң, ел оны әулие тұтып сиынған. Күні бүгін де ауыл маңындағы бұлақты ел-жұрт «Құсшы ата бұлағы» деп атайды.