2012 жылы Шаян ауданының тұрғыны Құрысай деген мекеннен табылған ақша көмбесін «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қорына өткізген болатын. Көмбе 450 дана тиындардан тұрады. Тиындарды тексеру барысында оларды жасырарда құмыра ішіне май жағып салғандығы анықталды. Осыған байланысты тиындар жақсы сақталған. Көмбеге тазарту жұмыстарын жүргізгеннен соң тиындардың жартысына жуығының беттерінде күміс қабаттарының қалдықтары бар екендігі белгілі болды. Көмбе құрамы біртекті, көлемі 39-43 мм. салмақтары 5,3-11 г. аралығындағы дирхемдерден тұрады. Көмбенің құрамы ХІІІ ғасырдың екінші және үшінші ширектерінде (1248-1265 жж. аралығы) тек бір типте және бір құндылықта соғылып отырған Отырардың күмістелген дирхемдерінен тұрады.
Сақталу жағдайлары орташа. Беттеріндегі жазбалар куфи үлгісінде түсірілген. Барлық дирхем беттеріндегі негізгі алаңдағы жазбалар үлгісі бірдей. Дирхемдердің көпшілігінде бетіне соғылған жылдық жазбалардың тек бір бөлігі немесе үзінділері ғана сақталған.
Дирхемдер бір типті болғанымен олар өз ішінде өзара элементтік айырмашылықтар арқылы ерекшеленеді. Ең алғашқы айырмашылық ол- خانى (хани) немесе منكو خانى (Менгу хани) түріндегі дирхем эпитеттерінің жазбалары. Олардан бөлек, элементтік әшекейлер айырмашылықтары дирхем беттеріндегі негізгі жазбалардың оң немесе сол тараптарына түсіріліп отырған элементтік әшекейлерден көрініс тапқан.
Отырар ақша сарайында күмістелген мыс дирхемдерді хижраның 646-шы жылынан 663 х.ж. дейін (1248-1265 жж.) 17 жыл көлемінде соғылып отырған.
Отырар дирхемдері беттерінде бұл элементтік әшекейлерге негізделген айырмашылықтар мынадай үлгілерде кездеседі: (2 сурет)