Мөр – құжаттарды куәландыратын ағаштан, металдан, темірден немесе тастан жасалатын белгілі зат.
Археология табыстарына жүгінсек мөр ерте замандардан белгілі. Бүгінгі таңда бұрын мөр ең алғаш Вавилон мен Египетте пайда болған деген сөз айтылмайды. Себебі қазба жұмыстары нәтижесінде Ұлы Дала Елінен және басқа да жерлерден табылып жатқан мөр мұндай пікірдің орынсыз екенін дәлелдеді.
Қазақ жерінде, қазақ елінде көшпенділердің де өзіне тән белгілері болған. Әрбір ханның, батырдың, әрбір бидің, өзіне тән белгісі байрағынан басқа – мөрі де болған. Қазақ хандары мен билерінің, батырлары мен датқалардың мөрі туралы ғалымдар біраз деректер жинақтаған. Олардың айтуынша, қазақ хандары арасында мөрді алғаш пайдаланған Әз-Тәуке хан. Ертеректе мөр басылмаған ер болмаған. «Құранды ер» деген тіркес немесе атау ердегі мөрдегі араб харпімен жазуларына байланысты айтылса керек. Мөр таңбалары ерекшеленіп, бояумен ысталатын. Осылайша қазақ халқы үшін мөр қасиетті, киелі таңбаға айналды. Оны жасырып, тығып ұстады. Мөрді көзден таса етіп ұстау, сақтау қалыптасты. Тіпті мемлекеттік дәрежеде «мөр сақтаушы», «мөрді алып жүруші», «мөр таңбасын салушы» қызметтері болды. Тарихты айқындайтын мөр аса құнды да маңызды жәдігер екені осы сала мамандарына белгілі. Мөр тарихын зерделейтін жаңа ғылым сфрагистика (грекше — σφραγις — қазақша аудармасы мөртану; таңбатану) XVIII-XIX ғасырларда пайда бола бастады. Бұл ғылым мөрді зеріттей отырып жеке адамнан бастап мемлекеттің даму деңгейін анықтауға үлкен рөл атқарып келеді.
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қорында өзіндік тарихы бар мөр сақталуда. 2007 жылы Қожакелді Ұзаировтың музейге сыйға берген мөрі — «Үсенбай датқаның мөрі» деп аталады.
Мөрдің тұғыры күмістен құйылып, жасалып бетіне сопақша пішінді мыс пластина орнатылған. Осы мыс пластинаға араб әрпімен сыдырылып ойылып «Хусейнбай бин Төлеген би 1252» деген жазу жазылған. Мөрдің бетінің ұзындығы — 3,2 см болса, ені — 2,7 см.
Мөрдің иесі Үсенбай Төлегенұлы шамамен 1777 жылы Түркістан маңындағы «Шоқтас» аулында туған. Үсенбайдың арғы атасы – тарихтан белгілі, сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген атақты Сүйіліш батыр. Сүйіліштің бесінші ұрпағы Бекет қалпеден – Беген, Қара, Малбай, Жанбай, Әйтей, Ақшай, Қасай туған. Осылардың арасындағы Қара атадан Барқы, Тайсоймас тарайды. Барқыдан Атығай, Төлеген, Телғожа батыр, Тас, Сейдуалы өрбіген. Ал Төлеген – осы Үсенбайдың әкесі. Үсенбай жастайынан замана ызғарын, басқыншылардың езгісіне түскен халықтың ауыр жағдайын терең сезініп өседі. Ат жалын тартып мінер жасқа келгеннен бастап ел ісіне араласып, жақсылар мен жайсаңдардың соңына ілеседі. Оның бұлайша ерте есеюіне түрлі саяси және әлеуметтік жағдайлар әсер етеді. Әсіресе, Үсенбайға өскен ортасының, шыққан тегінің осал болмағаны көптеген жауапкершілік жүктегендей. Үсенбай ұзын бойлы, ірі денелі, сөзге шешен, елдің ынтымақ-бірлігін сақтап, әділ билік жүргізген әрі жылқылы бай адам болған екен.
Қоқан хандығы кезінде қазақ байтағына тырнағын батырып, ашкөздікпен ауыз салғаны белгілі. ХІХ ғасырдың басында Шымкент, Түркістан қалаларын жаулап алған Қоқан хандығының езгісіне тап келген халқын қызғыштай қорғап, әпербақан биліктің көптеген жөнсіз әрекеттеріне ақыл-парасатымен тоқтау салған, жүректілігімен, ақылдылығымен әлдіге әлсіздің ақысын жегізбей, ел үлесінің ортаймауына қызмет еткен Үсенбай Әулиеатадағы Байзақ датқа Мәмбетұлы, Сыр өңіріндегі Жанқожа батыр Нұрмұхаметұлы секілді басқа да атақты тұлғалармен тығыз байланыста болып, олардың басқыншыларға қарсы күрестеріне астыртын қолдау білдіріп отырған. Қоқан хандығы сыртқы күштермен соғыстар, ішкі бас көтерулер хандықтың іргесін шайқалта бастағанда, хандық тарапынан жергілікті халық арасынан сөзі өтімді, беделді адамдарға шен-шекпен үлестіріп, өздеріне тартып, солар арқылы ел ішіндегі ықпалын сақтап қалу амалын кеңінен қолданды. Сол тұста Ташкент құшбегі тарапынан Үсенбайға датқа шені беріледі. Датқа — Қоқан және Бұқар хандығы және өмірлік жүйесінде қалыптасқан лауазым. (Датқа билік жүйесінде билерден жоғары, сұлтандармен шендес дәреже болып саналған. Тек ханға немесе әмірге ғана бағынышты болған. Датқа — парсы сөзі, дад+хаһ «тілек, әділдік», соттың әділдігін талап етуші деген мағынаны білдіреді.) Оны бұл дәрежеге Түркістан әкімі Беглербек ұсынады. Қоқан хандығына деген көзқарасының жақсы емес екенін қала әкімі біле тұра, Үсенбайдың аталған лауазымды алғанын қалайды. Себебі, Беглербекке оның мүлде теріс қарап кетпеуі аса қажет болған. Беделі бұрынғыдан да өсе түскен Үсенбай датқалықтың мөрін алған соң өз қарауындағы елдің өрісін кеңейтуді ойлап, Қаратаудың теріскей бетіне, яғни Созақ даласына ойысуды көздейді. Бұл үшін Қоқан билігінен арнайы рұқсат керек еді. Ал Үсенбайдың бұл ойысуы Қоқан өкілдеріне қолайсыз болатын. Шынында, биліктің иегі астында жүрсе де өзінің жан қалауын іске асырып жүрген датқа Созаққа өтіп кетсе, Қоқан хандығына қарсы күреске шыққан қазақ тұлғаларымен алаңсыз, еркін байланысқа түсетіні басы ашық мәселе еді. Үсенбай датқаның немере қарындасы Ханымбибі Түркістан әкімі Беглербекке тұрмысқа шығып, құдалар басын бастап келген Үсенбай датқа, осы жиында Созақ қамалы мен Қарақұр өзенінің маңына көшуіне рұқсатын алады.
Көп ұзамай, шамамен 1830 жылы Үсенбай датқа өзіне қарасты елді күнгейден теріскейге, яғни Қарақұр өзенінің бойына көшіріп әкеледі. Өзі әлгі бұлақты төбенің үстіне жайғасады. Кейіннен бұл жер «Ағалық» аталады. Бүгінде оны жұрт «Ағалақ» деп кеткен.
Үсенбай датқа 1865 жылы 88 жасында Созақ жерінде қайтыс болған. Сүйегі Созақ және Қарақұр ауылдарының ортасындағы Ағалақ деген жердегі биіктеу, үсті жалпақ, әр тұсынан бұлақтар саулаған, қалың шилі төбешікке өзі тірі кезінде салдырған кесенеге қойылған.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушы — Дәулетияр АДИЕВ