Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында 150 метр қашықтықта орналасқан. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ескі Түркістан қаласы тарихи-мәдени, тарихи-деректік тұрғыдан зерттеліп, консервация, реконструкция жасалуы тиіс нысандар кешені анықталды. Солардың қатарында, «Төрт қақпалы Түркістан» деген атпен белгілі 4 қақпаның бірі Мүсәллә қақпасына 2009-2010 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық қазба нәтижесінде табылған тарихи-мәдени ескерткішті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
«Мүсәллә» атауы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі алдындағы жұма намазын оқитын алаңның атынан шыққан. Арабша – «мүсәллә» — Аллаға табыну, намаз оқу, ал «мүсаллә ал-ид» — мейрамдарда намаз оқитын жер дегенді білдіреді. Өзбекстандық ғалым Б.Д.Кочнев өзінің «Средневековые загородные культовые сооружения Средней Азии» атты монографиясын түгелдей осы Мүсәллә мешіттері мен оның түрлері «Намазгах» және «Идгахтарға» арнаған (Ташкент, 1976). Еңбекте, автор, алдымен арабтың «мусалла» деген сөзінің «табыну» (молиться) деген мағына беретінін, дегенмен, негізінен кең мағынада «табыну орны» (место молитвы) дегенді білдіретініне тоқталады.
Жүздеген жылдар бойы барлық ислам елдерінде бұл атаумен мерекелік мешіттер аталып келді, алайда «мүсәллә» сөзі басқа да мағыналарға ие. «Мүсәллә» атауымен жәй мешітті де, намазхананы да, оның ішінде үйдегі намаз оқитын орынды да, мешіттің бір бөлігін де, жаназа шығаратын мешіттерді де, тіпті, табытты үстіне қоятын тасты да және құбылаға бағытталып төселген кілем-жайнамазды да атай беретін.Мерекелік мешіттер әр түрлі атаулармен аталса да ең көп қолданылатыны «мусалла әл-ид» -мереке кезінде намаз оқитын жер және «мусалла әл-идайн» — қос мереке кезінде намаз оқитын жер деген анықтаулар еді. Мұндағы мереке деп отырғаны, негізінен, оразадан кейінгі айт мейрамы мен құрбан айт мейрамдары, сонымен бірге, пайғамбардың туылған түні мәуліт те (мәулиде-н-нәби), және т.б. мұсылман мейрамдары да айтылып отыр. Жалпы мүсәлләдан басқа «намазгах», «идгах» атаулары Орта Азия, Иран, Ауғанстан және Индияда жиі қолданылады, бұл атаулар синоним сөздер болып есептеледі, яғни, мағынасы бір.

1864ж. планда Мүсәллә қақпасы сыртынан ормен қоршалған екі мұнаралы қақпа түрінде берілген (1-сурет) ал, 1865ж. қаланың осы шығыс бұрышын түсірген планда бұл жерде диаметрі 15 метрлік алып мұнара бейнеленген және цитаделдің оңтүстік мұнарасы мен осы мұнара арасын қалың дуалмен өріп қосқаны көрінеді (2-сурет). Мұнараның диаметрін сонша үлкен еткен себебі, ол замандағы қорғаныс құралдарының ішіндегі ең алысқа ататыны «пушка» деп аталатын ұзын стволды зеңбірек болатын. Бірақ, лафеті қозғалмайтын болғандықтан, атқан кезде зеңбірек артқа қарай бірнеше метрге шегініп кететін, міне, осындай бірнеше зеңбірек қатар тұрған мұнараның диаметрі де кең болуы тиіс еді. Астыңғы іргесінін диаметрі 15м болған мұнараның биіктігі 11м, ал үстінгі алаңшасының диаметрі 10м, мұнараның ішкі диаметрі 9м болуы тиіс еді. Мұнараның тап осы бетке, ОШ-қа қаратып салынуы, қауіп тек осы жақтан туатын болған. Ташкенттен, Иқаннан, Қосқорғаннан немесе Шымкенттен шыққан Қоқан әскерлері тек осы беттен ғана таяп келе алатын, ал «пушка» алысқа ататын болғандықтан қаланың Тәкиә, Жеті ата және Дарбаза сияқты қақпаларын да қорғай алатын еді.
2009ж. жүргізілген қазба жұмыстары қақпаның шығыс мұнарасы астынан 170-220 см тереңдікте орналасқан, қалың лай қабатынан тұратын іргетас бар екендігін көрсетті. Қоқандықтар ХІХғ. салған қақпадан із де қалмаған, дегенмен, 160-170 см тереңдіктен қала қорған қамалы мен тұрғын үйлердің іргелері аршылды. Қақпа биіктігі — 7,5 метр, ені — 5 метр, жалпы ұзындығы — 26 метр. Қақпа мұнарасының биіктігі — 9,5 метр. Қақпа сақталмағандықтан Мүсәллә қақпасының орнына цитадель қақпасының көшірмесін тұрғызуға ҚР Мәдениет министрлігі мен «Қазқайтажаңарту» РМК мекемесінің мамандары арнайы шешім қабылдады.
Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М. Түркістанның төрт қақпасының тарихи негіздері. // «Түркістан нұры», әдеби – мәдени, тарихи журнал. Түркістан., 2009, №3, 112-117 бб.
- Мүсәллә қақпасы. ХІХғ. // Түркістан өңірінің тарихи – мәдени ескерткіштері. Түркістан, 2016ж. 21-б. №13.
- Тұяқбаев М., Өсеров Т., Күмісбаева Ұ., Мұсабаев Қ., Муташеев Е. Ескі Түркістан қаласының Мүсәллә қақпасының тарихи орнында 2009ж. жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының есебі. Түркістан, 2009ж. Қорық музейдің Археология және реставрация бөлімінің архиві.
- Мүсәллә қақпасы, ХІХғ. // «Әзірет Сұлтан» энциклопедия, А., 2021. 252 б.
- Кочнев Б.Д. Средневековые загородные культовые сооружения Средней Азии. Изд. «Фан». Ташкент, 1976. -С. 3-7.
- Әрәб вә фарс сөзләри лүғати. Бакы, 1966. 128 б.
- Словарь оружия. М., 2000.-С.323-518.








