МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ШЫҒЫС МОНШАСЫ, ХVІ Ғ.

ХVІғ. салынған Шығыс моншасы республикалық мәртебеге ие ескерткіш. Кесененің оңтүстік-батыс бетінен 80 метр қашықтықта жартылай жер астына орналасқан.  Координаттары: 43˚17.787΄,068˚16.331΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 207м.  Археологтардың  зерттеуі бойынша монша 1580-1590жж. Абдулла хан тұсында кесенеге зиарат етіп келуші көпшілік қауымға арналып салынған. Моншаның жалпы көлемі 17х15 метр, биіктігі 4,8 метр, кірпіштерінің көлемі түгел біркелкі-25х25х5 см. 1975 жылға дейін жергілікті  халық  монша ретінде пайдаланып келген. Монша жартылай жерасты, бес күмбезді, қабырғалары күйген кірпіштен тұрғызылған. Әр түрлі кезеңде, әр түрлі мақсатта пайдаланылған тоғыз бөлмеден тұрады: жуыну бөлмесі, ыстық, салқын су бөлмелері, массаж т.б. бөлмелер. 1979 жылы орта ғасырлық сәулет өнерінің керемет үлгісін болашаққа сақтау мақсатында мұражайға айналдырылды. Жалпы моншалар жайлы Шығыс авторлары (X-XVIғғ.) Рудаки, Насыр Хисроу, Ибн Сина, әл-Мақдиси, ибн Фадлан, Нершахи, ибн Батута, Бабыр, Васифилер өз еңбектерінде айтып кеткен.

Қазақстанның ортағасырлық ірі қалаларының барлығынан дерлік моншалар табылған, мысалы, Отырардан IX-XVғғ. жататын үш монша, Тараздан IX-XIIғғ. тән екі монша, Саураннан XVғ. жататын «муричә» моншасы, Түркістаннан да  «муричаның» үлкейтілген түрі табылып зерттелді. Мұнан басқа Қаялықтан, Сарайшықтан, Ақтөбе-Баласағұннан, Жайық (Шаған) қаласынан да моншалар аршылды.

Байқанымыздай моншалар негізінен екі түрлі болып келеді-алғашқысы қала тұрғындары мен зияратшыларға арналған монша – «хаммам». Оның архитектуралық құрылымы да, бөлмелер саны да әртүрлі түрлері көп. Түркістандағы монша әбден жетілген, ең көп тараған түрі. Әуелде, толыққанды моншаның құбыла жақ бетінде намаз оқуға болатын бөлмесі не михрабы болады. Біздің моншада бұл қызметті «ұқалау»-массаж-«қадымхана» бөлмесі атқарған, оған көршілес салқын су бөлмесі – «хунукхана» да намаз оқуға ыңғайландырылған. Намаз алдында дәрет алатын арнайы қуыстар- «мұстахабханалар» (әуретті жерлерді жуып, тазартып, қырынатын жай) да қарастырылған, біздегі мұндай қуыстардың алды шиден тоқылған пердемен (шыпта) жабылған. Ал, аяқ, қол, бетті жуатын «тахаратхана» қызметін негізінен ыстық су бөлмесі «гармхана» атқарған.

Моншаға келген адам алдымен киімін шешетін «чомахана» бөлмесіне кірген, бұған көрші келесі бөлменің едені қызып тұрған, бұл бөлмеде жалаңаш адам алдына алжапқыш «лунги» байлап, біраз отырып денесін ыстыққа үйрететін-ді. Лунгиханадан келесі сегіз бұрышты орталық жуыну бөлмесі «миан сарайына» өткен. Мұнда ортадағы сегіз бұрышты үлкен бассейнге (ванна) түсіп денесін жібітеді. Сонан соң ыстық су бөлмесі «гармханаға» еніп буланады да ыстық суды жамына (таз) жартылай құйып, салқын су бөлмесі «хунукханаға» өтеді. Мұнда ыстық суға салқын су араластырып «саршуй» деп аталатын бұрышына тұрып, толық сабынданып барып әлігі жылы сумен шайынады. Бұл процесті бірнеше рет қайталаған соң дем алатын «чайхос» бөлмесіне өтіп шай ішеді. Біздің моншада бұл кызметті қыс айларында кіре беріс бөлме, жаз айларында сырттағы бастырма атқарған. Мұндағы ағаш суфа-керуеттерде тек шапанына оранған адамдар шәй ішіп, қорқор тартып, насыбай атып әңгіме-дүкен құрған. Шығыс моншасы ол кездері қаланың бар жаңалықтарын, базар бағасын, қала билік басындағылардың шешімдерін, хандар жарлығын естіп-білетін, талқыға салатын, тарататын, дем алатын орын болып есептелген. Моншаға екі күнде бір рет бару әдетке айналған және бұл XIғ. жазылған моншаға түсу ережесінде де айтылған. Моншаны салқын сумен жабдықтайтын құдық орналасқан «чоххана», жер астындағы ошағы орналасқан «гулхан», отынхана бөлмелері де болды. Осындай толыққанды құрылыс «хаммами мухтасар» деп аталды. Мұндай ірі моншалар негізінен қаланың керуен келетін ірі қақпаларының ішкі бетіне салынды, олармен қатар керуен сарайлар да, кішігірім мешіттер де қақпаға жақын орналасатын болған. Қақпаға енген жердегі алаңның екі жақ бетіне дүкендер орналасатын. «Майдан» деп аталған мұндай алаңдардың, көбіне үсті жабылып, кішігірім базарға айналдырылатын.

«Хаммами мухтасар» ыстықты ұзақ сақтау мақсатында жартылай жерге көміліп, тек күмбездері ғана көрініп тұратындай етіліп салынатын-ды (Біздін моншаның неліктен шұқырда тұрғандығы енді түсінікті шығар). Мұндай моншалар әйелдер және ерлерге арналған екі бөлімнен тұрған, дегенмен, көбісі бір күн әйелдерге, бір күн ерлерге қызмет ететін-ді.

Моншаның екінші түрі қазіргі душқа ұқсас болды, мұнда жылы суды екінші қабатта тұрған арнайы қызметші құбыр арқылы құйып тұрған. Шын мәнінде, бұл кішігірім моншалар да күйген қыштан арнайы қазылған терең шұқыр ішіне қаланып, едені астымен, қабырғаларының ішімен жүргізілген кендер арқылы қыздырылатын-ды. Мұндай моншалар «Мүрича» деп аталатын және олар қаладағы кварталдық (махалләлік) мешіттердің ауласына салынатын, мұнда негізінен сол махаллә тұрғындары, қонақтар, жолаушылар ғана шомылатын. Ол кезде тұрғын үйде намаз оқуға болмайтын, үйлер көбіне екі не үш бөлмеден ғана тұрғандықтан «нас» деп есептелген, әрбір мұсылман өз махалләсындағы мешітке барып моншаға кіріп «ғұсыл» дәретін алып намазға тұратын. Моншаға кірмегендер мешіт ауласындағы «мұстхабханада» әуретті жерлерін жуып, «таһаратханада» аяқ-қолын, бетін, басын, мойынын, білегін шайып дәрет алатын болған.

«Мүричә» моншасына кірген адамдар арнайы бөлмеде киімдерін шешіп, сабынданатын бөлмеге өтіп, қабырғаның жоғары жағынан сорайып шығып тұрған құбырды шертіп су құюшы «Қадымға» белгі берген. Бір адамға «дастқада» деп аталатын қауақтан жасалған 4-5 литрлік ыдыспен үш рет қана жылы су құйылатын болған. Бірінші сумен шан-тозаңнан арылып, сабынданған соң екінші сумен шайынған, үшінші сумен басына айран жағып барып толық шайынған. Мұндай моншаны көбіне жерді терең етіп апан қазып барып салып, үстін толық топырақпен көміп, тек мұржаларын ғана жер бетіне шығарып қоятын болған. Бір қызығы қоғамдық мүричаларға тек ер адамдар ғана түсе алатын еді. Әрбір мүричаның өз құдығы, ол болмаған жағдайда  мұздай су сақтайтын, күйген қыштан күмбез сияқты етіп қалап, іші-сыртын су өткізбейтін «қыр» деп аталатын сыбақпен сылаған «сардоба»-су қоймасы және отынханасы болатын.

Ортағасырлық жазба деректерде Балх қаласында қоғамдық ірі монша-хаммамдармен бірге бес жүзден (500) аса мүричалардың болғандығы белгілі, Бұхарада 200-ден аса мүричалар жұмыс істеген, 1833ж. осында келген П.И.Демезон қалада ірі-ірі 50 хаммамның бар екенін жазады. Түркістанда 1911ж. есеп бойынша 41мешіт болған, осылардың біразында мүрича моншасы болғандығы анық. 2019-2023жж. қаланың шахарістанынан өте үлкен мүрича моншасы табылып археологиялық зерттеу жүргізілді.

Әдебиеттер:

  1. Баня восточная // Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область. А., 1994. –С.280. № 590.13.
  2. Туякбаев Б.Т., Проскурин А.Н. Восточная баня в г.Туркестане// Сб.Каз ПТИ «Архитектура и строительство». А-А., 1973. Вып.4. –С. 133-138.
  3. Шығыс моншасы. [Буклет]. А., 2010. ӘСМҚМ.
  4. Тұяқбаев М. Шығыс моншасы жайлы бірер сөз. // «Түркістан» газеті, 2016ж. №33 (9320), 29 шілде. 5-б.
  5. Шығыс моншасы // Түркістан энциклопедиясы, І-том. Астана, 2023. 218-219 бб.
  6. Мирбабаев А.К. Ходженские квартальные бани «мурича»-одна из древнейших традиций среднеазиатской миниатюрной бани //Исследования по истории и культуре Ленинабада. Душанбе, 1980,-С.160-174.
  7. Байпаков К.М. Силует отрарских бань // По следам древних народов Казахстана. А-Ата, 1990,-С,80-92.
Алдыңғы ақпарат

Цитадель қамал қақпасы, ХV – ХІХ ғғ.

Келесі ақпарат

ШАУҒАР-ШОЙТӨБЕ ҚАЛАСЫ, ІІ-ІІІ – ХІІІ ғғ.