МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Цитадель қамал қақпасы, ХV – ХІХ ғғ.

Цитаделдің солтүстік-шығыс қабырғасынан қақпа шығарылған. Қақпаның өзі екі жақтаулы ағаш есіктен тұрады. Қақпа есігі ою-өрнекпен безендірілген, екі жағында мұнара бар. Мұнараға айналма басқыштар арқылы шығады және сол арқылы қорған дуалымен жағалай жүруге болады. Қорған дуалы тәрізді қақпаның да жоғарғы бөлігінде оқ атқыш көздер мен жеті тіс қарастырылған. Қақпа ХІХғ. дейін мұнарасыз, екі жаппалы есік түрінде болған. Қазіргі түрінде 1843-1849 жж. қайта тұрғызылған. Қақпаның екі жағындағы мұнаралары мен қақпаның екі жақтауы тік төртбұрышты (сопақша) кірпіштен қаланған, тек қақпа үстіндегі арка ғана квадрат түріндегі кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш арасына бекіту үшін әктің суына құм мен саз қосып дайындалған ертінді пайдаланылған, ал есік үстіндегі арканың кірпіштерін гипспен бекітіп отырған.

ХҮІІғ. аяғы мен ХҮІІІғ. басында сызылған, ғылымда «Мессершмидт картасы» деп аталған, Түркістан қаласының сурет-сызбасында бұл қақпа жоқ. Ол тұста қаланың қамал-қорғанын қоршап көл орналасқан, алайда, қаланың оңтүстік-шығыс бетінде үш қақпа, солтүстік-батыс бетінде тағы да үш қақпа орналасқан. Олардан оңтүстік-шығыстағы Мүсәллә, солтүстік-батыстағы Дарбаза қақпаларын тануға болады. Бұл кезде цитаделді қоршаған арнайы қорған-қамал мен оған енетін қақпалар болмаған. Қақпа алғашында ХҮІІІғ. қорған қабырғасын ойып жасалған, соңыра 1843-1849жж. Қоқандықтар цитаделді қоршап жаңа қорған қабырға тұрғызғанда күйген кірпіштен толық қайта тұрғызған.

Қақпа қамал-қорғанының шығыс бетінде 1979-1984 жж. жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесіне сүйеніліп, кейінгі ортағасырлық құрылыс мәнерінде салынған. Қайта жаңғырту жұмыстары 1979-1980 жылдар жүргізілген.

Әдебиеттер:

  1. Свод памятников истории и культуры Казахстана, Южно-Казахстанская область. А., 1994. –С. 277. №590.5.
  2. Цитадель қақпасы. // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы., І-том. Астана, 2023. 203 б.
  3. Цитадель қақпасы // «Түркістан энциклопедиясы». Астана, 2023. 203б.
Алдыңғы ақпарат

ХАН ОРДАСЫ

Келесі ақпарат

ШЫҒЫС МОНШАСЫ, ХVІ Ғ.