Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Сирек жәдігерлер залында қойылған құнды жәдігерлердің бірі – Түркістан Қазақ хандығының астанасы болған кезеңде салынған мешіттен шыққан ағаш бағана. Бұл жәдігер 1954 жылы музей қорына тапсырылған. Ол Әлқожа-ата кесенесі бұзылғаннан кейін әкелінген. Кейбір деректерде Әлқожа-ата Қожа Ахмет Ясауидің күйеу баласы болғаны айтылады. Бағана ағаштан жасалған, төрт қырлы пішінде, жоғарғы бөлігі дөңгеленіп біткен. Үш қырында өсімдік тектес өрнектер ойылып, бір қырында геометриялық нақыш салынған. Белдік бөліктерінің бірінде араб тілінде «1196 санат» деген жазу бар. Бұл – біздің қазіргі күнтізбе бойынша 1782 жылға сәйкес келеді. Бұл жазу бағананың жасалған уақытын дәл көрсететін дерек болып табылады. Бағана Сирек жәдігерлер залы ашылғанға дейін Жұма мешітінің экспозициясында ұзақ жылдар тұрды. 2018-2020 жж. арылығында Жұма мешітіне жүргізілген реставрациялық жұмыстары кезінде бағана уақытша Қылует жерасты мешіті музейінің экспозициясына қойылған болатын.
Ал екінші ағаш бағана 1920 жылдардың санағы бойынша Ескі Түркістан қаласында 62 көше болған. Ол көшелерде бір-бірден мешіт болған. Мұсылман жамағаты 5 уақыт намазын сол мешіттерде оқуға тырысқан. Заман өзгеріп, Кеңес үкіметі орнаған соң қаланың көшелері мен бет-бейнесі өзгеріп аталған мешіттер қирайды. Бұл ұстын қала көшелерінің біріндегі қираған мешіт орнынан табылған. Жиһан Сұлтан салдырған мешітке қатысты. Бағанада каллиграфиялық үлгіде жазылған арабша мәтін бар.
Жазуда былай делінген: Араб тіліндегі мәтін:
هذه العمارة مسجد العامة بو (…) المغ(فور) المتعالى جهان سلطان /مرسال حاجى/ روضت يسا والسفينة النجاة من الىم عقابه فى عتابه
Қазақ тіліндегі аудармасы:
«Бұл құрылыс – жалпы жұртқа арналған мешіт, оны салдырған — мәртебелі, (кешірілген), ұлы Жиһан Сұлтан. /Мурсал Қажы/ Яса раузаты және (ол) – азапты жазасынан құтқаратын құтқарушы кеме».
Бұл мәтінді алғаш оқып, ғылыми айналымға түсірген – Ясауитану ғылыми орталығының зерттеушілері. Аталған жазу бұған дейін ешкімнің назарын аудармаған, ғылыми айналымға енбеген. Қазір бұл ағаш ұстын «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы қорында сақтаулы. Ұстын бетінде мың сан түрлі қазақы ою-өрнек те бедерленген. Әр өрнек – шебердің көркемдік талғамы мен рухани танымының айғағы. Бұл элементтер жазумен үйлесіп, ескерткіштің мәдени-көркем құндылығын еселей түседі. Жазбада нақты жыл көрсетілмесе де, тілі мен стильдік ерекшеліктеріне қарап, бұл жәдігердің өте көне кезеңге жататыны байқалады. Ғалымдар оны екінші ұстынға қарағанда ертерек жасалған деп топшылайды.








