МАҢЫЗДЫ :

nothing found

(«Қазақстан мен Орталық Азиядағы ислам және Йасауийаның мәдени тарихы» атты кітаптың кіріспесі. Проф. Девин ДиУис

Осы жинаққа енген және түпнұсқасы ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған 29 мақала – соңғы қырық жыл ішінде менің исламдық Орталық Азияның діни және мәдени тарихына арналған ғылыми еңбектерімнің елеулі бөлігін құрайды. Бұл еңбектер Орталық Азиядағы сопылық қауымдастықтарға, әсіресе Йасауийа сопылық дәстүріне арналған зерттеулерді қамтиды және менің жарияланған мақалаларымның үштен бірінен астамын құрайды. Бұл жинақтың арқасында менің еңбектерім бұрын естімеген оқырмандар үшін қолжетімді болып, олардың бірқатары қызығушылық тудырып, пайдалы деп танылар деген үміттемін. Қазақстан мен Орталық Азияның тарихи өркениеттерін қалыптастырған дереккөздер мен олардың көріністерін зерттеу мен үшін зор мәртебе әрі шынайы қуаныш болды. Егер еңбектерімнің қандай да бір бөлігі пайдалы немесе аз да болса танымдық деп табылса, оның кең қауымға жетуі мен үшін үлкен құрмет. Сол сияқты, мен сырт көз ретінде зерттеуге тырысқан бұл дәстүрлер мен тарихты тереңінен білетін, онымен етене таныс оқырмандар менің еңбектерімде орын алуы мүмкін ниеттен туған қателіктер мен олқылықтарға түсіністікпен қарайды деп үміттенемін.

Жоғарыда айтылғандай, бұл жинаққа енген мақалалардың көбісі мен әлі де зерттеп келе жатқан Йасауийа дәстүрінің тарихына арналады. Бұл дәстүрдің тарихи дамуы жөнінде айтарым әлі көп, дегенмен осы уақытқа дейін жариялаған еңбектерімнің басым бөлігі осы жинақта көрініс тапты. Сондықтан бұл еңбектің Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің қолдауымен жарық көріп отырғаны мен үшін ерекше қуаныш. Түркістан қаласына және Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне алғаш рет баруға талпынған сәтім осыдан 41 жыл бұрын, 1984 жылдың көктемінде, Орталық Азиядағы кітапханалар мен қолжазбалар қорында алғаш рет зерттеу жүргізуге мүмкіндік алған кезде болған еді. Алайда ол кезде Ташкенттегі кеңес билігі өтінішімді қабылдамаған болатын. Дегенмен 1991 жылдың мамыр айында, яғни осыдан 34 жыл бұрын, Ташкенттегі өзбек әріптестерімнің көмегімен Түркістанға барып, алты ғасырдан астам уақыт бойы үнсіз тұрғанымен, Ахмет Ясауидің рухани ықпалы мен мұрасын айғақтап тұрған ұлы кесенені өз көзіммен көру бақыты бұйырды. Одан кейін мен бұл мекенге 1995 жылы және 2012 жылы қайта бардым. Соңғы сапарымда маған ерекше жылы, жүрекке әсерлі ықыласпен қабылдау көрсетілді – сол сәттің естелігі менің жадымда әлі күнге дейін сақтаулы. Осы жолы да шынайы ықылас білдіргені және бірнеше еңбегімнің қазақ тілінде жарық көруіне қолдау танытқаны үшін директор Нұрлан Дүкенбаев мырзаға шексіз ризашылығымды білдіремін.

Бұл жинақтың IRCICA ұйымының қолдауымен жарық көруі де мен үшін үлкен құрмет. Бұл ұйым Еуразия кеңістігіндегі ислам өркениетіне қатысты ғылыми зерттеулерді қолдау жолында мол тәжірибе жинақтаған. Осы жобаны кең қолдап, жүзеге асуына мүмкіндік бергені үшін IRCICA Бас директоры профессор Махмуд Ерол Кылыч мырзаға шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, аударманы жүзеге асырған Камила Муминоваға ерекше алғыс білдіремін! Ол тек тілдік шеберлігімен ғана емес, кейде күрделі сипатқа ие болған менің ағылшын мәтіндерімді ұқыптылықпен түсініп, үлкен сабырмен жұмыс істегені үшін де зор құрметке лайық. Көрсеткіштермен (индекстермен) мұқият жұмыс істеген Ұрқия Утепбергенова мен Селахаддин Уйгурға да алғысымды білдіремін. Ал осы жобаны бастауға түрткі болған, уақыт пен күшті талап ететін аударма жұмысын үйлестіріп, оны соңына дейін жеткізуде маңызды рөл атқарған көпжылдық досым әрі әріптесім, профессор, доктор Әшірбек Муминовқа ерекше ризашылығымды білдіремін. Бұл жобаға өз үлестерін қосқан осы жандардың еңбегі алдында бас иемін және олар менің еңбектеріме шынайы қызығушылық танытқаны үшін аса ризамын.

19 сәуір, 2025 жыл

Блумингтон, Индиана, АҚШ

Алдыңғы ақпарат

Қызметкерлеріміз халықаралық симпозиумға қатысты

Келесі ақпарат

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы мен «Қазан Кремлі» Мемлекеттік музей-қорығы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды