«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты ортағасырлық тарихи-сәулет ескерткіштері 1978 жылдан бері музейлендіріліп келеді. Тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, оның алғаш ашылған алты (Қазандық, Асхана, Кітапхана, Үлкен және Кіші Ақсарай, Құдықхана) бөлмелерге жеке-жеке тақырыптарда құрылған экспозициялық жоспары болды. Бұл жоспарды сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Ө.Жәнібековтың өзі дайындап бекіткен.
Атап айтқанда:
- Асхана бөлмесінде — Түркістан қаласының тарихи сызбасы, карта, деректерге негізделген планшеттер мен Асхана бөлмесінің түпнұсқа заттай мұралары (алып ағаш астаулар, шойын қазандар мен ағаш табақ, ожау, қасықтар) коллекциясы көрсетілген болатын.
- Кітапхана бөлмесінде – қазақ халқының жазба мәдениетінің даму тарихы туралы экспозиция құрылды. Мұнда көне руна жазбаларынан бастап қазіргі заманға дейінгі жазба мәдениетіміздің даму тарихы, тарихи ескерткіштерге, зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне сүйене дайындалған экспоцизия жасақталған.
- Үлкен Ақсарай бөлмесінде – Қазақ хандығының астанасы қызметін атқарған уақыттағы Түркістанның кесенеде сақталған тұрмыстық бұйымдар (қоңырат кілем, шұғыла кілем, тұс киіздер мен қолдан тоқылған алаша түрлері және тұрмыстық бұйымдар коллекциясы) көшірмелері дайындалып, сол үлгілерден бөлме экспозициясы ұйымдастырылған еді.
- Кіші Ақсарайда – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішкі және сыртқы қабырғалары мен күмбездер және т.б. бөліктеріндегі араб жазбалары, яғни, эпиграфикалық өрнектерінің ерекшеліктері көрсетілген экспозиция жасақталды.
- Құдықхана бөлмесінде – Түркістан қаласы мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймақтарының болашақтағы абаттандыру, қалпына келтіру жоспар-жобалары көрсетілген және бөлме интерьеріндегі көнеден сақталған су ыдыстарының коллекциясынан экспозиция құрылған болатын.

1980 жылы Кесененің кейбір маңызды бөлмелері — Қабырхана бөлмесі мен Мешіт бөлмесі жөндеуден өтіп, қалпына келтіріліп, бұл бөлмелер де келушілерге қызмет көрсете бастады. Қабырхана бөлмесіндегі әулие бабамыздың құлпытасын көруге мүмкіндік жасалып, оның екі жақ қабырғасына көне ортағасырлық панжара қойылды. Сондай-ақ, бөлме ортасындағы құлпытас айналасына Әмір Темірдің Кесенеге сыйға берген қола шырағдандары қойылды. Осылайша, бүгінгі күнге дейін Кесененің бірінші қабатындағы сегіз бөлме келушілерге қызмет көрсетіп келеді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде соңғы реэкспозициялық жұмыстар 1990 жылдың соңына қарай жүргізілді. Жаңа тақырыптық–экспозициялық жоспар Алматы қаласындағы Орталық Мемлекеттік Музей жанындағы Республикалық ғылыми-әдістемелік орталық базасында дайындалды. Оның дайындалуын тікелей ҚР Орталық комитеттің идеология хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков өзі бақылап, тексеріп отырды. Бұл жаңадан дайындалған реэкспозиция жұмыстарын Алматы қаласындағы «Шабыт» дизайнерлік орталығы орындаған болатын, бірақ көп ұзамай, Кесенедегі мемлекетаралық (Қазақстан, Түркия) күрделі қайта қалпына келтіру жұмыстарының басталуына байланысты экспозициялар жинақталған еді.
2000-шы жылдардан бастап, Кесененің кейбір бөлмелеріне ғана уақытша тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып жүрді, себебі, Кесене бөлмелерінде ұзақ уақыт бойы құнды тарихи жәдігерлерді сақтау мүмкіндігі болмайтындықтан (ауа температурасы мен ылғалдылықтың бірқалыпты деңгейде ұсталмайтыны есепке алына отырып), барлық бөлмелеріне бір мезгілде экспозиция құрылмайтын болды.
Дегенмен, келушілердің сұранысы бойынша осы уақытқа дейін Кесененің Үлкен Ақсарай, Кітапхана сияқты бөлмелеріне жаз айларында уақытша тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып тұрады.



Қазіргі кезде Кесенеде жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарына байланысты оның бірнеше бөлмелері келушілерге қызмет көрсетпей, жабық тұр. Тек Үлкен, Кіші Ақсарай мен Мешіт бөлмелерін ғана аралауға мүмкіндік жасалған.
2025 жылы келушілердің сұранысына сәйкес Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Үлкен Ақсарай бөлмесіне Қазақ хандығы тұсындағы жәдігерлерден уақытша экспозиция жасақталды. Сонымен қатар, Кесененің Кітапхана бөлмесіне 28 тамыз — Өзбекәлі Жәнібековтың туған күніне орай дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін көрме дайындалды. Биылғы көрме тақырыбы «Өзбекәлі Жәнібеков – зерттеуші ғалым» деп аталып отыр, яғни, ол кісінің қоғам және мемлекет қайраткері бола тұра, қазақ халқының тарихы, мәдениеті, жалпы этнографиясы бойынша ғылыми жұмыстармен де айналысқан зерттеуші-ғалым болғандығы көрсетілді.
Алдағы уақытта Кесененің Мешіт бөлмесінің жәдігерлері жинақталып, құран кітаптары, жайнамаз үлгілері коллекциясынан уақытша тақырыптық көрме ұйымдастырады деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар, музей-қорық аймағындағы барлық музейлендіріліген тарихи ескерткіштердің тақырыптық-экспозициялық жоспарлары жыл соңына дейін қайта қаралып, толықтыруларымен дайындалатын болады.
Экспозиция және көрме қызметі бөлімі,
көрме ұйымдастырушы Р.С.Жүзбаева








