Қазақ халқының ұлттық киімдері – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінің айнасы. Соның ішінде шапан мен шекпен – ғасырлар бойы қазақтың күнделікті өмірінде де, салт-дәстүрінде де ерекше орын алған сырт киім түрлері.
Шапан мен шекпен тек киім ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік дәрежені, мәртебені көрсететін киім үлгісі болған. Бай адамның шапаны алтын зерлі, қымбат маталы болса, қарапайым халықтың шапаны қарапайым жүннен жасалған.
Қазақ әдебиетінде де бұл киімдер жиі кездеседі. Мысалы, «шапан жапты» деген тіркес – құрмет көрсету, «шекпен кигізді» деген – сый-құрмет, марапаттаудың белгісі ретінде қолданылады.
Шапан мен шекпен – қазақ халқының ұлттық болмысының, рухани мәдениетінің бір бөлшегі. Олар жай ғана сырт киім емес, халықтың дүниетанымын, салт-дәстүрін, әлеуметтік қатынасын айқындайтын мұра болып табылады.
Бүгінде бұл киім түрлері этнографиялық музейлерде және «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығында да шапан мен шекпеннің түрлері көптеп сақталған. Соның бірі ХІХ-ХХ ғасырларға жататын шекпен. Бұл шекпен — ер кісілерге арналған жеңіл сырт киім үлгісі. Шекпен түйе жүнінен иіріліп, қолдан тоқылған. Ішкі бетінен қара матамен сырылып тігілген. Шекпен 1880 жылдары дүниеге келген Әлібек Назарбек деген кісіге тиесілі. Шекпенді немере қызы Гүлсін апа музей-қорық қорына сыйға тапсырған.
«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы қорында 15 шапан, 5 дана шекпен сақтаулы. Солардың тағы біреуіне тоқталар болсам, қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып дамуына елеулі үлес қосқан, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің негізінде музей-қорықтың құрылуына септігін тигізген, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың да шапаны музей-қорық қорында сақтаулы. Қазіргі таңда ұлттық киімдер мерекелерде, той думандарда халқымыздың мәдени байлығын танытып келеді.

А.Тыныштықбаева, экскурсия жетекшісі.








