МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫ ЖАҢҒЫРТУДАҒЫ МУЗЕЙ ІС-ШАРАЛАРЫНЫҢ РӨЛІ

Ұлттық мұра — халықтың тарихи жады, мәдени болмысы мен рухани байлығының көрінісі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары
ұлттық құндылықтарды сақтап, жаңғыртуға бағытталған ауқымды мемлекеттік жобалар жүзеге асты. Атап айтқанда, «Мәдени мұра»,
«Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында тарихи-мәдени мұралар зерттеліп, мұрағаттар мен жәдігерлер жүйеленді.
Осы игі бастамалардың басында тұрған мекемелердің бірі — музейлер. Музей — ұлттың ұлы шежіресін сақтаушы, зерделі тарих пен рухани байлықтың алтын қазығы. Олар тек жәдігер сақтаушы мекеме ғана емес, қазіргі таңда қоғамдық-мәдени, ғылыми-ағартушылық орталыққа айналып келеді. Халықпен тығыз жұмыс істеп, тарихи сананы жаңғыртатын интерактивті алаңға айналуы — қазіргі заман талабы.
Қазақстан ғасырлар қойнауынан сыр шертетін бай тарихы мен ұлттық рухани мұрасын сақтай білген ел. Бұл құндылықтарды бүгінгі буынға жеткізіп, болашаққа аманат ету – тек ғылым мен білім саласының ғана емес, мәдениет пен музей ісінің де басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ұлттық бірегейлікті сақтаудың ең маңызды жолы – мәдени мұра мен тарихты терең ұғыну.
Осы орайда, музейлер – халықтың жады, өткеннің айнасы, келешекке бағыт беруші рухани кеңістік. Ал музей қабырғасында өтетін мәдени-танымдық іс-шаралар – сол ұлттық мұраны көпшілікке жеткізудің, жастар санасына сіңірудің ең пәрменді құралы. Олар тек жәдігер көрсету емес, сонымен қатар ел тарихын, салт-дәстүрін, ұлттың эстетикалық және рухани болмысын насихаттауға бағытталған.


Музей — халықтың тарихи жады, өткеннің айнасы, келешекке бағыт беруші рухани кеңістік. Ал осы музей қабырғасында өтетін көрмелер мен мәдени іс-шаралар — тарихты тереңдетіп тануға, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, эстетикалық, тәрбиелік, ғылыми сана қалыптастыруға сеп болатын басты құрал.
Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы осы бағыттағы ел ішінде ерекше орны бар, іргелі мекеме. Қызметінің басты мақсаты — оның құрамына кіретін тарихи-мәдени мұра объектілерін және олар орналасқан аумақтарды анықтау, зерделеу, қорғау және сақтау. Түпнұсқалы музей коллекциялары негізінде көркем және ғылыми экспозицияларды жасау және оларды кеңінен тарату болып табылады.
Бүгінде музейлердің дамуы инновациялық технологиялармен, көпформатты көрмелермен, интерактивті бағдарламалармен және қоғаммен тікелей байланысты арттыратын іс-шаралармен өлшенеді. Бұл орайда музей қызметінің ішінде «Экспозиция және көрме қызметі» бөліміне, ондағы кәсіби мамандардың үйлесімді жұмысына, сондай-ақ халықаралық тәжірибе мен теорияларға негізделген іс-қимыл жүйесіне басымдық беру қажет.
Бұл мақалада «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы аясында ұйымдастырылып жатқан, бірқатар көрмелер мен мәдени жобалар арқылы ұлттық мұраны жаңғыртудың музейлік тетіктері мен маңызы талданады.
Тарихы терең Түркістан қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы – қазақ халқының мәдени мұрасын сақтаушы ғана емес, оны жаңғыртып, көпшілікке жеткізуші рухани-ғылыми мекеме. Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен тікелей байланысты бұл музей-қорық тарихи нысандар мен көне жәдігерлерді сақтау, зерттеу, насихаттау және көрме ісін жандандыру арқылы ұлттың өткенін қазіргімен сабақтастырып отыр.
Музей-қорықтың «Экспозиция және көрме қызметі» бөлімі мен мәдени
іс-шараларды ұйымдастыру қызметі – жыл сайын түрлі форматтағы көрмелер мен кештер өткізіп, халықпен тікелей байланысты нығайтып келеді. Бұл шаралар музей-қорық жұмысын жаңғыртып қана қоймай, өскелең ұрпақтың тарихқа, өнерге, салт-дәстүрге қызығушылығын арттырады.
Музей іс-шаралары – ұлттық мұраны танытудың пәрменді тетігі.
Музейлерде ұйымдастырылатын мәдени және ағартушылық бағыттағы көрмелер, интерактивті сабақтар, шеберлік сағаттары мен дәстүрлі іс-шаралар – ұлттық мұраның тек сақталып қана қоймай, қоғамдық санада жаңғыруына жағдай жасайды.
Музей-қорық құрамындағы «Экспозиция және көрме қызметі» бөлімі жыл сайын түрлі форматтағы көрмелер мен іс-шаралар ұйымдастырып, халықпен байланыс пен танымдық-ағартушылық бағытты арттырып отыр.
Музей жұмысындағы табыстың негізі — кәсіби мамандардан құралған үйлесімді команда. Музей ішіндегі құрылымдық бөлімдер жүйесі – оның негізгі жұмыстарының тиімділігін қамтамасыз ететін басты тетік. Әсіресе, көрме ұйымдастыру және экспозиция қою ісімен айналысатын, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығындағы «Экспозиция және көрме қызметі» бөлімі — музейдің негізгі белсенді құрылымдық бөлігі болып саналады.
Бұл бөлімнің жұмысы — музейдің ғылыми-зерттеу, ағартушылық, көркемдік және ұйымдастырушылық міндеттерін бір арнада тоғыстырып, қоғаммен байланысын нығайту.
Бұл бөлімнің ерекшелігі — түрлі мамандардың бірлескен жұмысы арқылы бір көрмені немесе жобаны жүзеге асыруы.
Атап айтқанда:
• Экспозиционер және ғылыми қызметкер — көрмеге қойылатын жәдігерлерді іріктейді, олардың ғылыми, тарихи және мәдени құндылығын зерттейді, экспозицияның мазмұнын құрастырады.
• Көрме ұйымдастырушы — көрменің құрылымын, тақырыптық жоспарын, логистикасын, мазмұндық бөліктерін жоспарлап, техникалық орындалуына жауап береді.
• Дизайнер — көрменің көркемдік келбетін қалыптастырады: кеңістікті жоспарлау, баннер мен ақпараттық панельдер жасау, жарық пен визуалдық тепе-теңдікті реттеу.
• Мәдени іс-шара ұйымдастырушысы — көрмеге байланысты түрлі форматтағы шаралар: ашылу рәсімдері, шеберлік сабақтары, кездесулер мен қойылымдарды ұйымдастырады.
• Әдіскер — мектеп оқушылары мен студенттерге арналған әдістемелік материалдар әзірлейді, музейлік сабақтар жүргізеді, педагогикалық бағытты үйлестіреді.
• Бөлім басшысы — барлық үдерісті үйлестіреді, концептуалдық жоспарлаудан бастап, нақты іске асыруға дейінгі жұмысты басқарады.
Бұл бөлімнің жұмысы — көрменің ғылыми құндылығы мен көркемдік тартымдылығының үйлесімділігін қамтамасыз ету.
Мысалы, бір көрмені ұйымдастыру үшін 1,5–2 айдай тынымсыз дайындық қажет. Жәдігерлерді ғылыми талдау және музей қорындағы жәдігерлер коллекциясын іріктеу, кеңістікті жоспарлау, безендіру, іс-шаралар мен жарнама – барлығы ұжымдық еңбекпен іске асады.
Тарихи-мәдени мұраны ұрпаққа жеткізудің ең тиімді жолдарының бірі — тақырыптық көрмелер ұйымдастыру. Бұл көрмелер арқылы халық тек көне жәдігерлерді көрумен шектелмей, сол заманның дүниетанымына, тұрмысына, шеберлігіне және рухани әлеміне терең бойлайды. «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында соңғы жылдары ұйымдастырылған бірқатар көрмелер осы бағытта үлкен танымдық және тәрбиелік рөл атқарды. Соның ішінде:
«Әшекей бұйымдар» көрмесі — бұл көрме қазақ халқының зергерлік өнеріне арналған. Онда ХІХ–ХХ ғасырларға тән күмістен жасалған жүзіктер, білезіктер, алқалар, шашбау, өңіржиек секілді бұйымдар қойылды.
Көрменің мақсаты:
• әйел затының ұлттық киім-әшекейіндегі эстетикасын көрсету;
• халықтың сұлулыққа деген танымын таныту;
• этнография мен өнер тарихының бірлігін ашу.
Жас келушілерге арналған зергерлік технология бойынша шеберлік сағаттары қызығушылық тудырды.
«Ұлы Жеңіске – 80 жыл» көрмесі – Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи кезеңін қамтыған бұл көрме музей қоры мен жеке архив материалдары негізінде құрылды. Онда:
• майдан хаттары, сарбаз киімдері, қару-жарақ үлгілері;
• отбасылық фотоальбомдар мен медальдар;
• соғыс ардагерлерінің деректі әңгімелері ұсынылды.
Бұл көрме оқушылар мен студенттер үшін патриоттық тәрбие мектебіне айналды. Сонымен қатар, интерактивті экскурсиялар арқылы келушілер «Сарбаз күнделігін» парақтағандай әсер алды.

«Сирек жәдігерлер залы» экспозициясында музей-қорық қорындағы құнды жәдігерлер таныстырылды:
• Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған Әмір Темір дәуірінің құнды тарихи мұралары;
• Ортағасырлық қолжазбалар, шырағдандар, қыш ыдыстар;
• Қола дәуірінің археологиялық жәдігерлері.
Көрменің басты ерекшелігі — жәдігерлердің тарихи контексі мен ғылыми құндылығы қатар түсіндірілді. Бұл көрме музей мен ғылымның тікелей байланысын көрсетті.
«Жошы ұлысы» көрмесі – Алтын Орда дәуіріне арналған. Бұл көрме тарихи сана мен ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуын тереңінен таныстырды. Онда:
• Шежірелік карталар, хан мөрлері, теңгелер,қолжазбалар;
• Алтын Орда дәуіріндегі жазба деректер мен нумизматикалық материалдар ұсынылды.
Көрме барысында тарихшылармен ашық сұхбаттар, мектептерге арналған лекциялар ұйымдастырылып, тарихи оқиғаға деген қызығушылық артты.
Түркістан қаласында өткен халықаралық форумда, қаламызға «Түркістан қол өнершілер қаласы» ерекше мәртебесі берілді, осыған орай «Түркістан жазирасындағы қыш бұйымдар» атты көрме ұйымдастырылды.
Бұл көрмеде:
• Мыңжылдықтар тарихын баяндайтын қыш бұйымдары (құмыра, табақ, саптыаяқ);
• қазіргі шеберлердің қолданбалы өнер бұйымдары қойылды.
Көрме дәстүр мен заманауи стильді қатар ұсына отырып, шеберлік сабақтар мен керамикалық бұйымдарды жасау көрсетілімдері арқылы көрерменмен тікелей байланыс орнатты.
Қаламыздың тұрғыны, музей-қорықтың 1980 жылдардағы ғылыми қызметкері, белгілі журналист Мұратбек Дүйсенбековке арналған «Сатира сардары» көрмесі ұйымдастырылды. Бұл мемориалдық көрме ұлттық болмыс пен руханиятқа сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткері Мұрат Дүйсенбековтың еңбектерін, шығармашылық мұрасын насихаттауға арналды. Көрмеде Мұрат Дүйсенбековтың баспасөзде жарық көрген мақалалары, фотосуреттері, өмірі мен қызметінен деректер ұсынылды.
Әлемдік музей тәжірибесінде кең тараған «Музей түні» форматы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығында да табысты жүзеге асып келеді. Жыл сайын 18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылатын бұл ерекше жоба – дәстүрлі музей түсінігінен шығуға, заманауи мәдени кеңістік ретінде жаңа аудиторияны тартуға мүмкіндік береді.
Бұл формат аясында музей-қорық түнгі уақытта да келушілерге есігін ашып, әртүрлі креативті шаралар ұйымдастырылады: театрландырылған қойылымдар, музей ішіндегі концерттік бағдарламалар, тарихи образдағы экскурсиялар, квест-ойындар мен шеберлік сабақтары. Аталған іс-шаралар музей-қорықтың тек өткенді сақтау ордасы емес, қоғаммен тікелей қарым-қатынас жасай алатын, тартымды мәдени орта екенін дәлелдеді.
Көрме — тұлғалық мұраны жаңғыртудың жарқын үлгісі болды. Бұл көрмелер қоғамдық танымға, тарихи сананың жаңғыруына, рухани тәрбиенің дамуына тікелей әсер етті.
Көрмелер кезінде:
• келушілер саны 3–4 есе артты;
• мектептер мен ЖОО студенттері белсенді тартылды;
• халықтың музейге деген қызығушылығы артып, әлеуметтік желілердегі белсенділік өсті.
Көрме – музейдің негізгі құралы болғанымен, оны толықтырып, көпшілікпен тікелей байланыс орнататын маңызды бағыт – мәдени іс-шаралар. Олар көрменің мазмұнын тереңдетіп, келушілермен эмоционалды, танымдық, интерактивті байланыс орнатады. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығында соңғы жылдары бұл бағыт қарқынды дамып келеді.
Кез келген көрме ашыларда ұйымдастырылатын салтанатты ашылу рәсімі, сахналық көрініс, тарихи тұлғалар образы, шағын театрландырылған көріністер арқылы музей кеңістігі «тірі тарихқа» айналады. Мұндай форматтар көрменің идеясын халыққа тез әрі әсерлі жеткізеді.
Жас келушілерге келесі шеберлік сабақтары өтеді:
• зергерлік бұйымдар жасау;
• керамика қалыптау;
• каллиграфия жазу;
• ортағасырлық өрнектерді бояу.
Бұл әдістер тәжірибе арқылы үйренуді, қолмен сезуді, ұлттық өнерге қызығушылықты арттырады.
Аудиториямен тұрақты байланыс мақсатында мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады:
• жасөспірімдер мен балалар үшін – танымдық, ойын форматында;
• студенттерге – ғылыми-практикалық бағытта;
• отбасылар үшін – эстетикалық және демалыс ортасында.
Мұндай көпформатты әдіс – музейдің қоғаммен арадағы көпірі. Бұл — әлемдік музей тәжірибесінде аудиторияға бағдарланған модель деп аталады (audience-centered model).
Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы музейлері – Лувр (Франция), Британ музейі (Ұлыбритания), Эрмитаж (Ресей), Метрополитен (АҚШ) өз жұмысын заманауи трендтермен ұштастыра отырып, музейді қоғамдық-мәдени хабқа айналдырып отыр. Олар тек жәдігер көрсетіп қоймай, интерактивті технологиялар, цифрлық экскурсиялар, мультимедиалық панельдер, 3D моделдер арқылы келушіні эмоционалды түрде әсерлендіреді.
Көптеген музейлерде арнайы балалар залдары, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімді маршруттар, AR/VR (виртуалды шындық) технологиялары енгізілуде. Мысалы, Smithsonian Institution (АҚШ) онлайн платформасында барлық коллекцияларды цифрлық форматта ұсынып, әлем бойынша оқушылар мен студенттерге тегін қолжетімділік жасап отыр.
Қазақстандағы музейлер де бұл бағытта біртіндеп дамып келеді. Түркістан қаласы — елдің рухани астанасы ретінде бұл өзгерістерге алдыңғы қатардан кірісуге тиіс. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы да бұл бағытта алғашқы қадамдар жасап келеді. Кейбір экспозициялар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде әзірленіп, көптілділік, мультимедиалық құралдар қолдану арқылы келушілерге ыңғайлы жағдай жасап, цифрлық аудиогидтер, көптілді QR код жүйелері, онлайн экскурсиялар мен әлеуметтік желідегі танымдық контенттер арқылы халықаралық тәжірибені өз жұмысына енгізіп жатыр.
Ұлттық мұра — халықтың тарихи жадын, дүниетанымын, болмысын сақтап қалудың негізі. Бұл мұра тек жәдігерлер жиынтығы емес, ол – ұлттың рухани иммунитеті. Оны сақтау, зерттеу және ұрпаққа жеткізу – музейдің басты миссиясы. Ал бұл міндетті заманауи талаптарға сай іске асыру – мәдени саясаттың келешегіне жол ашады. Біздің музей-қорықта бұл міндетті кәсіби деңгейде атқарып келеді. Мұндағы «Экспозиция және көрме қызметі» бөлімі түрлі сала мамандарының үйлесімді еңбегі нәтижесінде көрмелер мен іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру арқылы ұлттық мұраны жаңғырту ісіне нақты үлес қосуда. Бұл бөлімде жұмыс істейтін экспозиционерлер, мәдени іс-шара ұйымдастырушылар, көрме мамандары, әдіскерлер мен дизайнерлер — әр көрменің ғылыми және көркемдік мазмұнын, аудиторияға әсер ету деңгейін қамтамасыз ететін кәсіби ұжым.
Жыл сайын ұйымдастырылатын көрмелер мен «Музей түні» сияқты ауқымды іс-шаралар — музей-қорықтың қоғамдық рөлін арттырып, жаңа буынның тарихи-мәдени санасын қалыптастыруға ықпал етуде.
Әрбір экспозиция мен көрме – бұл тұтас ғылыми, мәдени, көркемдік, тәрбиелік үдеріс. Оны ұйымдастыру үшін тарих пен өнерді білетін экспозиционер, көркемдік шешім жасайтын дизайнер, халықпен байланысты жандандыратын мәдени іс-шара ұйымдастырушысы, оқу-ағартушылық бағыттағы әдіскер мен стратегиялық басқарушы бөлім басшысы – бәрі бір мақсатта жұмылады.
Мұндай жүйелі әрі жан-жақты ұйымдастырылған жұмыс музейді тек жәдігерлер мекені ғана емес, ұлттық сананы қалыптастыратын рухани орталық ретінде қалыптастырады. Сондықтан болашақта «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының тәжірибесі басқа аймақтардағы музейлерге үлгі болатыны сөзсіз.
Ұлттық мұраны жаңғырту – бұл тек өткенді еске алу емес, оны бүгінгі ұрпақтың өмір сүру кеңістігіне лайықтап, мән-мағына беру. Бұл жолда музейлер – басты сенімді мекеме, ал музей қызметкерлері – сол мұраны жандандырушы, рухани қайраткерлер.
Қорыта келе, ұлттық мұраны жаңғырту үдерісі музейдің ішкі құрылымдық сапасына, ғылыми тұжырымдамасына және халықпен байланыс форматына тікелей байланысты. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы бұл жолда жаңашыл бағыттарды меңгеріп, еліміздің музей саласының көшбасшысы ретінде дамып келеді.

Т.Бердібек, мәдени іс-шара ұйымдастырушы.

Алдыңғы ақпарат

«Абай әлемі және Ясауи» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті

Келесі ақпарат

«Абай әлемі және Ясауи» көрмесінің салтанатты ашылуы өтті