МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ШІЛДЕХАНА, XI-XIІ ғғ.

Құрылыс Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің солтүстік-батыс бетінен 22 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.864΄, 068˚16.220΄. «Шілдехана» сөзінің түбірі парсының «чеһел»-қырық деген сөзінен, ал, «хана» сөзі тұрақ үй деген мағына беріп, қырық күн тұратын үй екендігін білдіреді. Бұл діни-рухани құрылыс 1958ж. Өзбек ССР Министрлер Кеңесінің шешімімен зерттелді. Зерттеуші ғалым Н.Б.Немцева, ал, 1972-1973жж. Қазақстан археологы Т.Н.Сенигова қайта зерттеп жаңа, тың деректерге қол жеткізді. Алғашқы қазба кезінде құрылыстың шығыс және батыс қабырғаларының бойымен екі стратиграфиялық шурф салынып, нәтижесінде Шілдехана ХVIғ. салынған деген тұжырымға келеді. Сонымен бірге, адам бойынан биік сақталған қабырғалары, төрт жағындағы аркалардың қалдығы және құрылысқа кіретін есік аршылады. Алайда, құрылыстың іші адам, мал сүйегі мен кірпіш, ыдыс-аяқ сынықтары толы топырақ қабаты болғандықтан зерттелмей қалады. Бұл міндетті екінші 1972-73жж. қазба атқарып шықты. Көлемі 12х12м қазба кесенеден СБ қарай 22м жерге салынды. 1958ж. қазбадан кейін қайта көмгенде реставрация қалдықтары-кірпіш сынықтары, алебастр, әк, құм, тас және балшықты да сол қазба орнына төге беріпті. Зорға дегенде Шілдехананың ОШ қабырғасы байқалды, мұндағы қабырға қалындығы 1-1,1м, кірпіштері балшық ерітіндісімен қаланған, кірпіш өлшемдері 25х25х5см, 26х26х5см. Қабырға іш жағынан қалыңдығы 2,5-3см алебастр сыбақпен сыланған (ғанышпен). Бірте-бірте құрылыс тік төртбұрышты екендігі байқалды, өлшемдері 6,78х5,04м, биіктігі 1м дейін сақталған. Құрылыс батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Тік төртбұрыштың бұрыштарына ені-95см, қалыңдығы-1м пилондар (арканы екі жағынан көтеріп тұратын тік қабырға) орналасқан. Осы төрт арканың үстіне күмбез жайғасады. 1958ж. аршылған батыс және шығыс қабырғалардың биіктігі 2,37м, ал, оңтүстігі-1,96м. деңгейінде болған. Ол кезде күмбез қалдығы 30-40см сақталған, алайда 1973ж. бұл деңгей қирап кеткен болып шықты. Батыс қабырғаның ортасынан есік шықты, ол ені-1,06м, ұзындығы 3 метрлік коридор түрінде жасалған, аяғында жоғары сыртқа шығатын тепкішекпен және мұнда кіретін есіктің табалдырығымен бітеді.

Құрылыстың солтүстік қабырғасы бойымен жүргізілген қазбадан қайта жерленген адам сүйектері, ыдыс-аяқ сынықтары, мал сүйектерімен аралас шықты. Бұларды үстінен құлаған СБ қабырға басып қалған. Ыдыстар Түркістан мен Отырардың XV-XVIғғ. тән қабаттан шықты, құрылыс та XVғ. салынған. Алғашында ол діни әдет-ғұрыптар өткізу үшін пайдаланылған, XVIғ. бастап алыстан алып келінген мәйіттерді жерлеу орнына айналған. XVIIғ. мұнда Халим аба дайындау үшін сойылған малдың да сүйектерін тастай бастаған, сірә, бұл кезде күмбезі де опырылып түсіп, жарамсыз болып қалған болуы керек. Өткен ғасырдың 80-ші жылдардағы қала тұрғындары Шілдехананы сопылық жолға жаңадан түскен шәкірттерді 40 күндік сынақтан өткізу үшін салған деген деректер айтатын. Сопылықты қабылдаған адам арнайы ұстаздың бақылауында 40 күн бойы күн көрмей ілімін жетілдірген, намаз, құран оқыған, хикметтерді оқып – үйренген, зікір салған. Осыған шыдаған адам ғана үлкен ұстаз-шайықтың алдына барып, қолын алып, білімін әрі қарай жалғастырған. Соған қарағанда, Шілдехана кесене салынысымен-ақ жер астына тұрғызылған сияқты. Тағы бір ақсақал 1930-40-шы жылдары Шілдехананың коридорынан кесененің Мешіт бөлмесіне қарай өтетін жер асты жолы болғандығын, өздері бала кездерінде сол тесікке түсіп, Мешіт бөлмесінің Михрабының батыс бұрышындағы кішкене бөлменің еденіндегі ойықтан шығып ойнағандарын әңгіме еткен. Кесенеде, М.Е.Массонның т.б. орыс ориенталистерінің жазуынша, кешке қарай Мешіт бөлмесінде көп адам жиылып Жаһр зікірін салатын болған. Зікіршілердің «Алла-һу» деген өңештен шыққан зор дауысы бүкіл қалаға естіліп тұратын-ды деп жазады ХІХғ. авторлары. Мүмкін бұл үрдіс XVғасырда-ақ басталып, Шілдеханада 40 күн бойы жер астында отырған адамдар осы жер асты жолы арқылы Мешіт бөлмесіне өтіп Жаһр зікіріне (дауыстап салатын зікір) қатысқан болар деп ойлаймыз. Қалай болғанда да, 1975ж. кесенені қоршап дренаж арықтары мен құдықтарын қазған кезде бұл жер асты жолы да қиратылып, ізі де қалмаған сияқты.

Бұл турасында хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар: «Кімде-кім 40 күн мен түнін шынайы ықылас-ниетімен Алла разылығы үшін құлшылық-ғибадат жасап өткізсе, Алла тағала оның жүрегінен тіліне қарай даналықтың бұлағын ағызады» деген өсиет қалдырған. Пайғамбар өсиетін онындау үшін Қожа Ахмет Ясауидің мұрагерлері кезінде Құдайға оңаша, жеке құлшылық жасайтын ғұрыптық құрылыстар салған. Кезінде толығымен бұзылған діни-сәулеттік құрылыс 1980 жылдары қайта қалпына келтірілген. Құрылыс тік төрт-бұрышты болып жартылай жер астына ХІІ-ХІV ғасырларда діни әдет-ғұрыптарды орындау үшін арнайы салынған. Жобада ғимарат тікбұрышты, кесене ғимаратына қарсы орналасқан. Ғанышпен сыланған, едендерінде де осы сылақтың іздері бар.

 Әдебиеттер:

  1. Немцева Н.Б. Археологический отчет по работам у архитектурного комплекса Х.А.Ясави. Архив РНРПМК, №709,-С.3-40.
  2. Мұстапаева Д. Шілдехана // Түркістан – руханият бесігі. Лингво – өлкетану энциклопедиясы. Нұр-Сұлтан, 2019. 483-484 бб.
  3. Сенигова Т.Н. Культовые сооружения около мовзелея Х.А.Ясави // Археологические иследования в Отраре. А-А., 1977. –С.42-52.
  4. Смагулов Е., Григорьев Ф., Итенов А. Очерки по истории и архелогии средновекового Туркестана. А., 1999. –С. 144-145.
  5. Шілдехана, ХІІ-ХІҮғғ. // Түркістан өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер. А., 2016. 15-16 бб.
Алдыңғы ақпарат

ӘУЛИЕ ҚҰМШЫҚ АТА ҚЫЛУЕТІ, ХІІ ғ.

Келесі ақпарат

Башқұртстан Республикасында «Көне Түркістан және Ясауи мұрасы» атты халықаралық көрме ашылды