Ислам дінін таратушы Қожа Ахмет Ясауидің қызына арналып салынған кесене. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Түркістан-Шәуілдір тас жолының сол жағында 400-500м. қашықтықта орналасқан. 1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ескерткіштер тізіміне енгізіліп, қорғауға алынған. 2011 жылы «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының Археология бөлімінің қызметкерлері қазба жұмыстарын жүргізді. Гауhар ананың дүниеге келген және қайтыс болған жылдары жөнінде мәлімет жоқ.
Көп жылдар мұражайдың бас қор сақтаушысы, кейіннен директор қызметін атқарған ақсақал О.Дастановтың айтуынша және халық аңыздарына сүйенсек Гауhар ана емшілік қасиеті ерекше жан болған. Басында күйген кірпіштен қаланған, архитектуралық жобасы қазіргі Рабия Сұлтан Бегім кесенесіне ұқсас, бірақ көлемі кішігірім кесенесі болған. ХХғ. 40-шы жылдары кесене құлаған.
Гауһар ана өзінің емшілік қасиеті арқылы көптеген адамдарға көмек берген. Кесене маңындағы құдық суының «емдік қасиеті бар» деп есептеледі.

Алғашқы кесене көрінісі
Алғашқыда кесене шатыры жоқ 4 қабырғадан тұрды. Жанында зияратшыларған арналған 3 бөлмелі ғимарат орналасқан. 2014-2015жж. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің тапсырысымен «Қазқайтажаңғырту» РМК Гауhар анамыздың басына кесене тұрғызды.
Ахмет Ясауи мен оның жанұясы жайлы ел ауызында көптеген аңыз әңгімелер сақталған. Алайда, 12 қазақ қожаларының әулеттерінің тарихы жазылған «Насаб-нама» варианттары да бізге дейін жеткен. Соңғы табылған қолжазбалар XV-XVIғғ. ескі нұсқадан көшіріліп жазылған, шындыққа ең жақын нұсқасы да осы болуы керек дейді ғалымдар. Бұл қолжазба Сафи ад-дин Орын-Қойлақының «Өсиет-намасынан» алынған және қосымша 19 вариантымен толықтырылған. Бұл құжат бойынша «Ибрахим шайхтың Садр-шайх және Ахмет қожа деген екі ұлы болған. Садр шайхтың Әбд әл-Мәлік (Әли қожа ата) және Данышманд (Орын Қойлақы) деген екі ұлы, ал, Ахмет Қожаның (Ясауи) Ибрахим шайх (Наурыз қожа) деген ұлы мен Гауһар Хұштадж деген қызы болған. Ахмет қожа қызы Гауһарды Әбд әл-Мәлікке берді, одан жалғыз ұл-Садан қожа туды»-делінген. Осы нұсқасы шындыққа ең жақыны деп ғалымдар шешім шығарған.
Гауһар ананың қазіргі кесенесінің жобасын Түркістандық архитектор Жұмахан Жылысбаев дайындаған. Жобаға негіз болған ескі кесенені 1930-шы жылдары көзімен көрген О.Дастанов ақсақалдың ауызша дерегі. Ахмет Ясауидің немересі Садан қожа (шайх) Төрткүл-I Қарашық қаласының шығыс бетіне жерленген.


Әдебиеттер:
- Тұяқбаев М., Өсеров Т., Мұсабаев Қ., Күмісбаева Ұ. Гауһар ана сағанасы маңындағы 2011ж. мамыр айында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының есебі. Түркістан, 2011. Археология және ескерткіштерді қорғау бөлімінің архиві.
- Гауһар ана кесенесі // Түркістан энциклопедиясы, І-том. Астана, 2023. 54 б.
- Гауһар ана кесенесі, ХІІ-ХІҮғғ. // «Әзірет Сұлтан» энциклопедиясы, І-том. Түркістан, 2021. 105-106 бб.
- Гауһар ана бейіті, ХІІ-ХІҮғғ. // Түркістан өңіріндегі тарихи – мәдени ескерткіштер. А., 2016. 116-117 бб.
- Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии.-А.,2008.
- Жандарбек З. Насаб-нама нұсқалары және түркі тарихы. А., 2002.
- Гауһар ана // Түркістан-руханият бесігі. Лингво-өлкетану энциклопедиясы. Нұр-Сұлтан. 2019. 126-127бб.








