ХVІІ ғасырдың тарихи-сәулет ескерткіші ретінде Республикалық маңызы бар ескерткіш. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-батыс мұнарасынан 12 метр қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.835΄, 068˚16.275΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 219 м. Ортағасырлық сәулеттік ескерткіш жартылай қалпына келтірілген, бейіттің биіктігі 3,2 метр, ені 8,9 метр. Есім хан – ортағасырдағы Қазақ елінің ірі саяси қайраткері. Қазақ елінің жадында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген өжет рухтың символындай болған өшпес атын қалдырған тұлға. 1628 жылы қайтыс болған. «Есім ханның бейіті» деп археолог Г.И.Пацевич 1960 жылы жазған. Мазар жобасында үлкен емес квадраттық құрылыс болып келеді. Басты қасбеті портал түрінде сақталған. Қасбетінде геометриялық орнаменттер орын алған глазурлік плиткалармен безендірілген. Едені квадраттық кірпішпен төселген. Сағананың қабырғалары мен күмбезінде сыланған іздері табылмаған. Мазардың конструктивтік әдістері сақталынып қалған бөлігі аймақта тараған жерлеу құрылыстарының кең түрдегі жүйесін көрсетеді. Бейіттің жоғары бөлігі толығымен қиратылып тек төменгі мүрдеханасының орны ғана сақталған. Алғаш рет 1958 жылы зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 1980 жылдары жартылай қалпына келтірілген. 1994 жылы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.7 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.
Есімханның өз басына келетін болсақ ол Шығай ханның 12 ұлының бірі. Анасының есімі Жанымбике. Есім 1578 ж. туылған, 1588 ж. Созақта өткен құрылтайда 10 жаста ғана еді. Осы жиында оның ағасы 26 жасар Тәуекел сұлтан хан сайланды. 1598 ж. Тәуекел мен Есім бастаған қазақ қолы Ташкент, Самарқан, Бұхара үшін соғыста 100 мыңға жетіп жығылды. Бұл соғысқа 120 сұлтан өз қолдарымен қатысты. 20 жасар Есім хан 20 мыңдық қолымен Самарқанға беттеді, 36 жасар Тәуекел хан 70-80 мыңдық қолмен Бұхараны қоршады. Бұл әскердің алдыңғы авангардтық шебін Есім мен Тәуекелдің үлкен ағасы Ондан сұлтанның (1583ж. қ.б.) ұлы Қайнар-Күшек басқарды. Бұл көктемгі және күзгі соғыс деп бөлінетін шайқаста Тәуекел хан жарақат алып Ташкентте қайтыс болады, Қайнар Күшек сұлтан қаза табады. Соғыстың нәтижесінде Ташкент, Түркістанмен бірге Сырдың екі бойындағы 30 қала Қазақ хандығының қол астына өтті. Соғыста қаза тапқандар әуелгіде Ташкентке уақытша жерленеді, соңыра, Есім хандық билікті қолына алған соң, 1599-1600 жж. шамасында, ағасы Тәуекелмен бірге қаза болған сұлтандар мен батырларды Түркістанға қайта жерлейді. Алайда, 1603 ж. қарақалпақ Әбд әл-Ғаппар Түркістанда хан сайланып, Есіммен болған 12 күндік соғыста жеңіске жетеді. Дегенмен, 1605 ж. Ташкент түбіндегі Қарақамыста болған соғыста Есім хан Әбд әл-Ғаппарды өз қолымен өлтіреді. Есім хан Түркістанда хандық құрғанымен жолы үлкен Тұрсын хан Ташкентте аға хан деп есептелді. Есім хан Шығыс Түркістанға қоныс аударып, сонда 1623ж. дейін тұрады, осы жылы Тұрсын ханның шақыруымен, өз қолын басқарып, оның Андижанға жасаған жорығына қатысады және Түркістанға қоныс тебеді.

Есім хан үнемі жорықта жүрген қолбасы, ол осындай бір жорықта жүргенінде, 1626ж. Тұрсын хан оның ордасын шауып, анасын, әйелдері мен бала-шағасын тұтқынға алып кетеді. Ол өмір бойы Есім ханнан қауіптеніп, сенімсіздік білдіріп жүретін, ақыры Есім хан оған соғыс ашып, екі әскер Сайрам түбінде кездеседі де Тұрсын хан жеңіліп Ташкентке шегінеді. Ташкент түбінде болған шайқаста Тұрсынның өз адамдары ханды өлтіреді, бұл соғыста қазақ рулары найман, қоңырат, арғын, дулат, қатаған, сіргелі және т.б. екіге бөлініп қазақ пен қазақ соғысады. Тұрсын ханды толық жақтаған үлкен санды Қатаған тайпасы тоз-тоз болып тарап кетті. 200 мыңдай қатағанның бір бөлігі соғыста қырғын тапса, бір бөлігі Ауғанстанға көшіп, ұсақ-түйек аталары қоңыраттардың және т.б. арасына сіңісіп кетті. Есім хан 1626 ж. Қазақ хандығының билігін қолына екінші рет алып, Түркістанды астана деп жариялап, мемлекетті нығайту мақсатында реформалар жүргізіп, заңдар қабылдап, «Есім ханның ескі жолы» деп аталып кеткен заңдар кодексін қалыптастырды.
Ертеректе Есім хан ағасы Тәуекелмен және 40-тан астам сұлтандармен бірге Бұхара қаласында Нақшбандия тариқатына мойынсұнған болатын. Бұған әсер еткен мәселе – ел басқаруда билер институтына басымдық беру арқылы ханның билігін шектей алатын Ясауи тариқатынан Есім ханның бас тартып, ауытқуына негіз және себеп болды. Ясауитанушы белгілі ғалым З.Жандарбек Абылайдан басқа хандардың кесенеге емес, оның сыртына жерленуіне Нақшбандия тариқатында болуы себеп болды дейді. «Осы фактор оның реформаларынан көрініс тауып, «Есім ханның ескі жолы» заңдар жинағы Қасым хан тұсында қабылданған заңдардағы түркілік негіздерден ауытқу болып шықты», — дейді белгілі ғалым Х.Тұрсұн.
Есім хан 1628ж. 50 жасында қайтыс болып, кесенеге қарама-қарсы салынған жер асты мүрдеханасына жерленіп, үстіне өзіне арналған жеке кесене тұрғызылды.
Есім ханның әйелдері көп болған, алайда, ұлдарының, қыздарының дәл қанша болғаны жайлы дерек жоқ. Ең белгілі ұлдары – бірінен соң бірі хан болған Жәнібек пен Жәңгір, немересі Тәуке, сонымен бірге, Сырдақ деген ұлының шөбересі Қайып хан (1715-1719) Тәукеден соң таққа отырды, онан соң шөберелері Болат пен Сәмеке, шөпшегі Әбілмәмбет хандыққа ие болды.
Әдебиеттер:
- Кәрібаев Б. Есім хан. [Буклет] ӘСМТМ қорық-мұражайы шығарған. Түркістан, 2011. – 24 бет.
- Тұяқбаев М. Түркістандағы тарихи пантеон. // М.Елеуовтың 70 жылдығына арналған конференция материалдары. А., 2016. 191-197 бб.
- Мавзолей Есим хана // Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область. А., 1994. –С.278. №590.7.
- Есім хан. Есім хан кесенесі. // Түркістан энциклопедиясы, І-том. Астана, 2023ж. 66-67 бб.
- Тұрсұн Х. Есім хан // Түркістан руханият бесігі. Лингво-өлкетану энциклопедиясы. Нұр-Сұлтан, 2019. 155-157бб.








