МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҚҰМАН-САМАУРЫННЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ КӨРІНІСІ

Қазақ қолөнерінің негізгі туындыларының бірі – металдан жасалған бұйымдар. Бұл өнер қола дәуірінен, яғни б.з.д. II ғасырда өмір сүрген сақ-сармат, үйсін, қаңлы, ғұндардан бастау алады. Көшпелі қазақ өмірінде металдан жасалған бұйымдар өте қолайлы болды. Керамикалық ыдыстар темір ыдыстармен алмастырылды. Түрік-монғол мемлекетінде көшпелі өмірге ыңғайлы темір бұйымдар өте жоғары бағаланған.

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы қорынан ХІХ-ХХ ғасырларға тән құмандардың бірнеше түрі бар. Бұлардың көпшілігі мыс, жез, шойын, металдан және қыштан жасалған. Осы құмандармен қатар музей қорында құман және самаурын қызметін қоса атқаратын құман-самаурынды да кездестіруге болады.

Құман сөзін Махмұд Қашқаридің «Диуани Лұғат ат-Түрік» атты еңбегінде «Құмыра, бутыл яғни шыныдан жасалған ыдыс» деп көрсетеді. Парсы тілінде «Хум» деген сөзден шыққан, құман хумның көпше түрі. Ал араб тілінде шарап, сусын құятын ыдыс дегенді білдіреді. Сонымен қатар самаурын сөзінің төркіні орыстың «самовар» сөзінен шыққан деген мәліметтер де кездеседі.

Тула қаласының қару-жарақ зауытының шеберлері Лисициндер 1778 жылы зауыт ашып, самаурын жасап шығара бастаған. Жалпы самаурын Ресейде XVIII ғасырдың екінші жартысында пайда болған. Ал қазақ жерінде XIX ғасырдан бастап қолданысқа енді. Құман-самаурын бір қарағанда құман болып көрінгенімен, оның өзгешелігі ортасында оттығының болуы.

Қазақ даласында самаурынды күнделікті тұрмыста кеңінен қолданғандығын ақын-жыраулардың шығармаларынан да кездестіруге болады. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп:
Шатырларды тіктіріп даярлаған,
Төселіп көрпе, сырмақ гүл жайнаған.
Қойдырып самаурынның бірнешеуін
Қымыз бен шұбат қойып дайындаған….деп жырласа, Ақтан Керейұлының «Қазақ салты» деген еңбегінде:
Самаурын быжылдап
Оттан дәйім түспеген.
Бауырсақ, секер, жеміспен
Шәйдан басқа ішпеген.
Қонағы келсе қой сойып,
Қазаны орта піспеген.
Жаз болса өзен жайлаған,
Жолаушы түскен суытпен-
Самаурын шәйі қайнаған — деп жырлаған.

Шығыс халқының көне жазбаларында: «Шай ғажап сусын, ішсең рухың көтеріледі, шаршасаң тынығасың, бойың жеңілдейді, басыңа жаңа ой келеді, ұғымдылық пайда болады, өмірде кездесетін қиыншылықты жеңетін қуат береді»,- деп жазылған.
Негізінде «самаурын», «самовар» деген сөздер көне түркі тіліндегі «сумавер» деген сөзден шыққан, яғни «су қайнатқыш» деген мағынаны білдіреді.

А.Үркінбаева, ғылыми қызметкер.

Алдыңғы ақпарат

Ескі Түркістаннан табылған сандал-ошақ үстелі мен сандал-ошақтар жайлы мағлұмат

Келесі ақпарат

«Қолөнер – халық мұрасы» танымдық сабағы