МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ШАШТӨБЕ (АҚТӨБЕ) ҚАЛАСЫ

Шаштөбе қаласы Қарнақтан солтүстікке қарай 3 км жердегі осы аттас ауылда орналасқан. Ескерткіш шығыстан батысқа қарай созыла орналасқан сопақша төбе күйінде сақталған. Оның СБ бұрышында бұлақты қоршай орналасқан «С» әріпі тәрізді қорғаны мен мұнарасы бар, бұлағы бүгіндері кеуіп қалған. Археологияда су көзін қорғайтын қорғанысы бар мұндай қалаларды «жеңі бар қала» деп атайды. Түркістан жазирасында құрылымы мұндай қалаларға Шаштөбе, Қарашық-III, Бершінтөбе, Шаға-ІІ, Шаш ана, Майбалық жатады, олардың барлығының бұлақты қорғаған жеңдері бар. Бұл қалалардың барлығы дерлік б.з.д. V — IV ғасырлар мен б.з.д. IV- III және б.з.д. ІІ — І ғғ. пайда болған, тек Шаға-ІІ мен Шаш ана ғана I — VI ғғ. өмір сүрген.
 Шаштөбенің биіктігі 4-5 м, бұл қаланың орталық бөлігі, цитаделі, оның С беті 70 м, О — беті 50 м, Ш — беті 50 м, ал Б — беті 45 м, Цитаделді қоршай үлкен Шахарістан орналасқан. Ол Шығысында «лоток» арықпен, Оңтүстігінде көлік жолмен үшке бөлініп, тегістеліп кеткен. Шахарістанның СШ бетінің ұзындығы — 170 м, СБ беті – 200 м, ОШ беті — 150 м, биіктігі кей жерлерде 2-3 м барады.
Цитаделдің жалпы көлемі 0,35 га, Шахарістанның жалпы көлемі 3,3 га. Қаланың батыс жағымен бұлақтардан құралатын жылға өтеді. Оңтүстік бөлігіне тұрғын үйлер түсіп кеткен, Шығыс беті тегістеліп егіс егілген сияқты.
 Қала Шаштөбе ауылының ОШ бетінде орналасқан. Ең алғаш рет оны 1969 ж. Отырар археологиялық экспедициясы зерттеген және «Древний Отрар» кітабында қала жайлы алғашқы деректерді берді. Екінші рет К.М.Байпақов «Оңтүстік Қазақстан облысының Шежіресінде» мәлімет береді, және I мыңжылдықтың 1-ші жартысы, яғни I -Vғғ. деп мерзімдейді. Алайда, Түркістан археологиялық экспедициясының 1998-2003 жж. жүргізген зерттеулері нәтижесінде қала мерзімі бес ғасырға көнерді.
 Қалаға оңтүстік батыс бетінен енетін қақпасы болған. Жергілікті тұрғындар қаланы «Ақтөбе» деп атайды. Қала өзін қоршаған айналасынан 6-7 м биік, ал, теңіз деңгейінен 445 м жоғары. Арнайы құралмен планы түсірілді және дельта-планмен аэрофотасы алынып жан-жағынан фотосуретке түсірілді.
Арнайы барлау қазбасы 1-1,5 м. көлемінде оңтүстік бетінен 1 м. тереңдікке дейін түсірді. Мұндай әрекет қалаға мейлінше аз зиян келтіру үшін жасалынды. Сонымен бірге, көптеген ыдыс сынықтары жер бетінен теріліп алынды.
Шаштөбенің мұндай керамикасына егіздей ұқсас ыдысты ежелгі Бұхараның, Рамиштепенің, Варахшаның, Халчаянның, Қойқырылған-қаланың, Шаштепенің, Дингилдже және Топырақ қалаларының керамика жинақтарынан табамыз. Бұл жинақтар б.з.д. V-IV ғасырлардан біздің заманымыздың I-II ғғ. аралығымен мерзімделген. Яғни, қала осы екі уақыт аралығында өмір сүрген деуге толық негіз бар.
Төмендегі фотоларда Шаштөбе (Ақтөбе) қаласының топо түсірілімі мен сол жерден табылған керамика бұйымдарының сынықтарын ұсынамыз.
М.Тұяқбаев, археолог,
С.Рүстемов, ЖЫР инженері.
Алдыңғы ақпарат

ҚАЗАН ТЕКТЕС ЫДЫС

Келесі ақпарат

ТҮРКІСТАН ОАЗИСІНДЕГІ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕР (Ерте және дамыған ортағасыр (Ү-ХҮ ғғ.)