Бүгін «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ұйымдастыруымен облыстық «Фараб» кітапханасында 2021-2023 жж. арналған ғылыми жоба бойынша жарыққа шыққан бірнеше кітаптың түсауы кесілді. Атап айтқанда: «Түркістан қаласының тарихы» (оқу құралы, авторлары: М.Тастанбеков, Л.Динашева, А.Сандыбаева, Қ.Рахымжан), «ХІХ ғасырдың ортасы – ХХІ ғасыр басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихы» (авторлары: М.Тастанбеков, Л.Динашева, А.Сандыбаева), «Түркістан қаласының тарихы: архивтік құжаттар мен материалдарда» (авторлары: М.Тастанбеков, Л.Динашева, А.Сандыбаева, Қ.Рахымжан, Х.Тұрсұн, Б.Байболов, С.Шәметов), «Қазақстанның рухани жерасты мешіттерінің тарихы мен қызметі» (монография, авторлары: Х.Тұрсұн, М.Тұяқбаев, М.Тастанбеков, Б.Байболов, С.Шәметов, М.Исаев), «Қазақстандағы рухани жерасты мешіттерінің анықтамалық жинағы» (авторлары: Х.Тұрсұн, М.Тастанбеков, Б.Байболов, С.Шәметов, М.Исаев) атты кітаптардың тұсаукесері өтті.
Шараны «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры Мәулен Жарылқасынұлы Садықбеков ашып, жүргізіп отырды.
Алғаш болып сөз алған ғылыми жоба жеткешісі, т.ғ.д. профессор Х.Тұрсұн «Қазақстанның рухани жерасты мешіттерінің тарихы мен қызметі» атты монографиялық еңбекті жан жақты таныстырып өтті. Жобаның аға ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы М.Исаев «Қазақстандағы рухани жер асты мешіттері» атты ғылыми анықтамалық жинақты таныстырса, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы директорының орынбасары, жоба жетекшісі, т.ғ.к. М.Тастанбеков «Түркістан қаласының тарихы: архивтік құжаттар мен материалдарда» кітабының құрылымына, архивтер мен кітапханаларда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жоба аясында «Ауызша тарих» бойынша атқарылған жұмыстармен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы, жобаның аға ғылыми қызметкері Б.Байболов 50-ден астам көнекөз қариялар мен шежірешілерден сұхбаттар алынып, кітапқа енгізілгендігін, сонымен қатар, арнайы дискіге басылып, музей-қорықтың және орталық архивке өткізілгендігін атап өтті.
«Түркістан қаласының тарихы» оқу құралы бойынша жобаның жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент А.Сандыбаева осы уақытқа дейін Түркістан қаласының тарихына қатысты оқу құралының жарыққа шықпағандығын және бұл еңбектің мәні мен мағынасы зор екендігіне тоқталды.
«ХІХ ғасырдың ортасы – ХХІ ғасыр басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихы» кітабы бойынша жобаның жетекші ғылыми қызметкері т.ғ.к., профессор Л.Динашева кітапта Тәшкент, Санкт-Петербург, Мәскеу, Алматы, Астана архивтері мен кітапханаларынан архивтік жазбаларды пайдалана отырып жазылғандығын тілге тиек етті. Архивтер мен кітапханлардағы материалдарды алу жағында қаншама қиындықтардың туындағандығын жеткізді.
Тұсаукесер шарасының қонақтары Қ.А.Ясауи атындығы ХҚТУ «Археология» институтының директоры, т.ғ.к., профессор К.Жетібаев, т.ғ.д., профессор М.Қожа, ардагер-ұстаз, өлкетанушы, ҚР Білім беруі ісінің үздігі Т.Салғараев, Халықаралық «Түркістан» телеарнасының директоры Т.Бейсен, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ө.Қуанышбаев өз пікірлерін ортаға салды.
Шара соңында «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры М.Садықбеков, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің проректоры Ж.Махмудұлы, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, Қ.А.Ясауи атындығы ХҚТУ «Археология» институтының директоры, т.ғ.к., профессор К.Жетібаев кітаптың лентасын қиды.
Осылайша ғылыми жоба бойынша жарыққа шыққан бес кітап оқырманға жол тартты.