2019-2021 жылдар аралығында Ясы-Күлтөбе археологиялық ескерткішінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық олжалар

Ясы-Күлтөбе археологиялық ескерткішінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Ясы-Түркістан қаласының тарихына қатысты түрлі кезеңдерді қамтитын көптеген нумизматикалық материалдар табылды. Шолып айтар болсақ, олардың қатарында Түркістан қаласының тарихына қатысты, бүгінгі таңдағы ең көне нумизматикалық материал болып отырған, б.з. ІІ ғасырында Кушан патшалығының билеушісі І Хувишканың тұсында (131-166 жж.) соғылған қола ақшасы, VII-VIII ғасырға тән қытай ақшалары үлгісіндегі соғды ақшасы, VII-VIII ғғ. тән Түргештердің қола тиыны, Саманид Наср I б. Ахмад б. Асад атынан Шаш ақша сарайында 253 х.ж. /867 жылы соғылған фельсі сынды өте көне нумизматикалық жәдігерлер бар.
Темуридтер мемлекетінде XV ғасырдың 30-шы жылдары Балх ақша сарайында соғылған мыс ақша, бетінде XVI алғашқы жартысында Сырдарияның төменгі ағыстарындағы мекендерде соғылып отырған ақшаларға тән «Адиль Хан» жазбасы түсірілген толық құндылықтағы мыс ақшалар, Жәнидтер мемлекетінің ханы Имам Қули хан атымен соғылған күміс тангамен қатар XVI-XVII ғғ. соғылып отырған, беттеріне торлама, томпақ бедер-өрнек, түрлі пішіндегі геометриялық өрнектер түсірілген, қалақша пішінді ұсақ құндылықтағы мыс ақшалардың көптеген түрлері музей қорына келіп түсті.
Ертеортағасыр мен кейінгі ортағасыр кезеңдерін қамтитын уақыт аралығына тән нумизматикалық материалдармен қатар Ресей патшасы Алексей Михайловичтің тұсында соғылған, сол кезеңде Түркістан аумағында ұсақ сауда айналымында болған ақшаларға ұқсас орыс мыс ақшалары да бар. Бұл ақша түрлерінің Қазақстанның оңтүстік аумағында орналасқан жерлерден көптеп табылып отыруы, бір-бірінен алшақ орналасқан екі аумақтың ақшаларының жасалу технологиясы, пішіндері мен көлемдерінің бір-біріне өте ұқсас болу себебінен болса керек. Яғни, бұл орыс ақшалары да XVII ғасырдың екінші жартысынан бастап Түркістан аумағының ұсақ сауда айналымында төлем құралы ретінде жүргендігін көрсетіп отыр.
2020-2021 жылдары Ясы-Түркістан қаласында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары  кезінде мыс ақшалардың дайындамалары да өте көп көлемде табылды. Бұл жағдай өлкенің нумизматикасын зерделеген ғалымдардың XVIII ғасырда өлке экономикасында орын алған тоқыраудың кезінде толыққанды шекіме өнімдерімен қатар, мыс ақшалар соғып шығаруға дайындалған мыс сым кесінділерінің де төлем құралы міндетін атқаруы мүмкін деген болжамдарын растап отыр.
Қоқан хандығының XVIII-XX ғ. басында соғылған тамшы, шеңбер, төртбұрыш пішінді Латиф Хоқанд және Ферғана ақша сарайларында соғылып отырған күміс тангалары мен мыс фулустерімен бірге осы кезеңдерге тән Бұхара әмірлігінің күміс тангалары мен фулустері мол көлемде табылды.
Қазба жұмыстарының ХІХ-ХХ ғасырдың бас кезіне сәйкес келетін археологиялық қабаттарынан Ресей империясының 1844 жылы соғылған 1 копейка серебром және 1843 жылғы «3 копейки серебром» мыс ақшалары, 1893 жылы соғылған ½ копейка (жарты копейка), 1865, 1877, 1899, 1905 жылдары соғылған 10, 15 копеек құндылығындағы күміс монеталарымен қатар 1923, 1925 жылы күмістен соғылған Кеңестер мемлекетінің 10 және 20 копейкалары да бар.
Көне ескерткіште «Күлтөбе қала жұртының маңындағы тарихи объектілерді реставрациялау» бағдарламасы аясында 2019-2021 аралығында 3 жыл қатарынан жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде б.з. ІІ ғасырынан ХХ ғасырына дейінгі уақыт аралығын қамтитын, жалпы саны 400-ге жуық нумизматикалық материалдар табылды.

Толқын Жолдасов, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қор сақтаушысы.

Алдыңғы ақпарат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбаты

Келесі ақпарат

МҰХТАСАР