№16 Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта мектебінде лекция өтті.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында көрсетілген Ұлы даланың ұлы есімдерін ұлықтау мақсатында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қаламыздағы №16 Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта мектебінде«Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің тәрбиелік мәні» тақырыбында лекция өтті.

Диуани хикмет- Қожа Ахмет Ясауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы. Қожа Ахмет Ясауи өз кітабын қыпшақ даласы мен Орталық Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған «Құран Кәрім» мен түрлі хадис, тәпсірлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді. «Диуани хикмет» – көшпелі елдің ауыз әдебиеті үлгілеріне негізделіп, түркі халықтары фольклорының тілдік-стильдік, модельдік тәсілдерін зор шеберлікпен пайдалана отырып жазылған көркем туынды. «Диуани хикметтің» түпнұсқасы сақталмаған. Ең ескі нұсқасы XV ғасырдың орта кезінде араб әрпімен көшірілген. Бертін келе «Диуани хикмет» 1887-1901 жылдары Қазанда, 1901 жылы Ыстамбұлда, 1902-1911 жылдары Ташкент баспаларынан жарық көрген. Қорық-музей қорында «Диуани хикметтің» ХІХ ғасырда көшірілген қолжазба нұсқалары мен «Рисалла дар адаби тариқат», «Пақырнама», «Миратул қулуб», «Насабнама» шежірелік қолжазбалары сақтаулы.

«Диуани хикмет» әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін құдіретті күш, айқын бағдарлама деуге болады. Қожа Ахмет Ясауи әрбір адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесінің тазалығымен өлшейді. Адамның өз бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Ал имандылық дегеніміздің өзі Алланың құлына ғана тән, адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеп, оны құдай жолына салып отыратын киелі күш деп түсіндіреді. Ақынның айтуы бойынша, имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарау болып табылады. «Диуани хикметте» әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап сезіміне ерекше мән беріліп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін ақын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады. «Ақыл кітабы» адамның ішкі жан-дүниесінің түрлі теріс ой-пиғылдардан, жаман ниеттерден таза болуын талдап, Алла алдында пәк, кіршіксіз болуға шақырады.

Дәріске қатысқан оқушылар мен ұстаздар ұлы тұлғаның рухани мұраларымен сусындап соңы сұрақ-жауапқа ұласты. Сұрақтарға жауап берген оқушыларға қорық-музей шығарған баспа өнімдері табыс етілді.Қорық-музей қызметкерлері жыл бойы мектептер мен арнаулы оқу орындарында әртүрлі тақырыптарда лекция, көрме өткізуді жоспарлаған.

Алдыңғы ақпарат

«Ұлы дала елінің заңғаы — Абай ақын» тақырыбында лекция және кітап фото көрмесін өтті

Келесі ақпарат

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ