МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ЖАУАПТАР

Манар Еркінқызы
Сәлеметсіз бе Нұрболат Қадырұлы!
Мен Қостанай қаласынан ата-анаммен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесін көруге бармақшымын. Сұрайын дегенім, кесене ішінде фото және видео түсіруге болады ма?
Жауап:
Құрметті Манар Еркінқызы!
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде ұялы телефонмен отбасылық, жеке суретке, яғни коммерциялық емес мақсатта видео, фотоға түсуге (ақысыз) рұқсат беріледі. Жарқылдағы бар (вспышка) фотоаппараттың зияны келетін экспонаттар алдында фотоға түсуге тыйым салынады. Ондай экспонаттардың жанына тиісті белгілер қойылады. Сонымен қатар, жарқылдағы бар (вспышка) фотоаппараттан зиян келмейтін экспонаттар алдында, коммерциялық емес мақсатта түсірілім жасауға ақы алынбайтындығын хабарлаймын.

Марат Төлбасиев
Қайырлы күн!
Жазғы демалыс күндері балаларыммен Түркістанға барып, Ахмет Ясауи кесенесін көрмекшіміз. Сұрайын дегенім, экскурсовод қызметі және кіру билеті қанша болады? Кесене маңындағы музейге қарасты басқа да ескерткіштердің кіру билеті туралы да жауап бере кетсеңіз жақсы болар еді.
Жауап:
Құрметті Марат!
Музей аумағында көрсетілетін қызмет түрлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ведомстволық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының баға тізбесін бекіту туралы 2017 жылдың 9 маусымындағы №174 бұйрығына сәйкес ақылы негізде жүзеге асырылады. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде экскурсиялық қызмет көрсету ересек азаматтарға қазақ, орыс және ағылышын тілдерінде 1 топқа 2000 теңге болып белгіленген. Оқушылар мен мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ, орыс және ағылышын тілдерінде 800 теңге.
Ал, музейге кіру ақысы бойынша: ересектерге 200 теңге, студенттер мен зейнеткерлерге 150 теңге, оқушыларға 100 теңге,мектеп жасына дейінгі балалар ақысыз кіре алады.
Айта кетсек, тоқсандық және жазғы демалыс күндері мектеп оқушылары музейге тегін кіруге мүмкіндігі бар, яғни Сіздің балаларыңыз жазғы демалыс кезінде музейге тегін кіреді.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде қарасты басқа да тарихи нысандарға кіру ақысы бір күндік берілген билет бағасының ішіне кіреді.

Еділ Әлшериев
Нұрболат Қадырұлы
Сәуір айында Сауран қалашығында бірнеше ірі шаралар өткенін көрдік. Сауран қалашығының тарихы көпшілікті қызықтыратыны белгілі. Дегенмен тарихи қалашық маңында туристерге арналған ғимараттардың болмауы келушілерге кері әсер етпей ме? Осы мәселелер туризмді дамыту жоспары бойынша қаралып, қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр екен?
Жауап:
Құрметті Еділ Әлшериев, сізге орынды сұрағыңыз бен жанашыр көңіліңіз үшін алғысымды білдіремін. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Сауран қалашығы және Гауһар ана кесенесінде сапар орталығы (визит центр) құрылысының басталуы биылғы жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта құжаттық рәсімдеу жұмыстары аяқталғаннан соң сапар орталығының құрылысы басталады. Болашақта сапар орталықтары Сауран қалашығы мен Гауһар ана кесенесіне келушелер мен туристерге сапалы қызмет көрсететін орталықтарға айналады. Сапар орталықтарында келуші туристерге экскурсоводтар, демалатын орындар, асхана қызметтері ұсынылып, тағы басқа қажетті ақпараттармен қамтамасыз ететін болады.

Ұлдария Әжмаханқызы
Құрметті Нұрболат Қадырұлы мырза
Түркістан қаласына қонақ болып барып, бабамыздың басына зиярат еткеніміз болмаса, музейге қарасты тарихи орындарды қарауға уақытымыз болмады. Алдағы уақытта Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен басқа қорық-музейдің қандай тарихи орындарын қарауға болатынын білейін деп едік. Жауабыңыз үшін алдын-ала рахмет.
Жауап:
Құрметті Ұлдария Әжмаханқызы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамында 99 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде Халықаралық ескерткіш саны — 1, Республикалық ескерткіштер саны – 19, жергілікті маңызға ие ескерткіштер саны – 7, алдын-ала есепке алынған ескерткіштер саны –72.
Атап айтсақ, Гауһар ана кесенесі, Әлқожа ата кесенесі, Сауран қалашығы, Үкаша ата кесенесі және т.б. Қорық-музейге қатысты толық ақпаратты http://azretsultan.kz/kk сайтынан ала аласыз және музей сайтының мобильдік қосымшасы да жұмыс жасайтындығын хабарлағым келеді.

Зәуре Пірімбетова
Сәлеметсіз бе Нұрболат Қадырұлы!
Менің сізге бір сұрағым бар еді. Сіздер көне заттарды тек «Музейге сый» акциясы арқылы ғана қабылдайсыздарма әлде сатып та аласыздарма?
Жауап:
Сәлеметсіз Зәуре? «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Музейге сый» акциясы жыл бойы үздіксіз жұмыс жасайды. Көптеген кісілер үйінде сақталған көне дүниелерін сыйға береді. Тапсырылған заттар актіленіп музей қорына тапсырылады. Ал, сатып алу мәселесіне келсек қазіргі таңда тарихи жәдігерлерді сатып алуға арнайы қаржы бөлінбейді, тек музейдің ерекшелігіне қатысы бар, музей мәртебесін арттыра түсетін маңызды құнды жәдігер болған жағдайда музей өз қаржысы есебінен сатып алу мәселесін қарастыруы мүмкін.

Қанат Әйтімов
Нұрболат Қадырұлы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі жөндеу жұмыстарына байланысты жабылған ба? Қазіргі көрінісі көркем күмбездің сынын кетіріп тұр. Жөндеу жұмыстарын қорық-музей атқарып жатыр ма?Жауап:
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстан мен Орта Азиядағы Әмір Темір заманынан жеткен ерекше ескерткіштердің бірі. 2019 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің орталық «Қазандық» бөлмесінің үлкен күмбезінде реставрациялық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күмбездің ішкі диаметрі 18,2 метр, сыртқы диаметрі 20,5 метрді құрайды. Жалпы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және қорық-музейдің ескерткіштерінде жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Биылғы жылы Рабиға бегім кесенесінің күмбезіне рестоврация жұмыстары жүретін болады. Бұл жұмыстарды арнайы реставрациялық жұмыстар жүргізуге лицензиясы бар мекеме «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізеді.

Жадыра Момбекқызы
Нұрболат Қадырұлы музейдің сайтында директор блогының орнатылуы мен үшін қуанышты жағдай болды. Биылғы жылы университет аяқтайтын түлек ретінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-музейіне қалай жұмысқа орналасуға болады деген сұрақты қойғым келіп жүр еді.Жауап:
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК жұмыскерлері азаматтық қызметшілер болып табылады. Сондықтан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1017 бұйрығына және Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 16-бабының 23) тармақшасына сәйкес Азаматтық қызметке кіру тағайындау тәртібімен немесе конкурс бойынша жұмыс берушінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Азаматтық қызметшінің бос лауазымына орналасуға конкурсты бос лауазымы бар мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын ұйымдастырады және өткізеді. Азаматтық қызметші лауазымына кандидатты іріктеу кезінде қажетті бейін бойынша білімі, кәсіптік даярлық деңгейі, сондай-ақ азаматтық қызметшіге қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігі негізгі талаптар болып болып табылады. Азаматтық қызметке конкурс бойынша кіруге конкурстық комиссияның оң қорытындысы негіз болып табылады.

Өсербаев Талғат Базылұлы
Құрметті Нұрболат Қадырұлы !
Біз, Кәрсөн Бекназарұлы Таңыбай батырдын тікелей ұрпақтары, «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесіне жерленген «Кәрсөн Бекназарұлы Таңыбай батыр» бабамыз тұралы ресми анықтама берулеріңізді сұраймыз.
Жауап:
Құрметті Талғат Базылұлы!
Кесенеде жерленген Кәрсөн Бекназарұлы Таңыбай батыр жайында анықтама алу үшін музейдің ресми мекен-жайына жазбаша түрде хат жолдауыңыз қажет. Келген хатқа байланысты қорық-музей Сіздің мекен-жайыңызға жазбаша түрде анықтама беретін болады.