ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі тікелей көрсетілімдегі өз жұмысын бастады.

Алғашқы онлайн кездесу қорық-музейдің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Тұяқбаев Марат Қымызұлының «Түркістан өлкесіндегі археологиялық зерттеулер» бойынша жүргізілген тарихи шолуынан бастау алды.

— «Түркістан қаласы мен алқабы археологиялық тұрғыдан 1893 жылдан бері зерттеліп келеді. Археологтар бұл уақыт аралығын — Ресей ғалымдары, Кеңес Одағы ғалымдары және Тәуелсіздік тұсындағы зерттеулер деп үшке бөледі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеу 1865 жылдан басталды. Ал онда жүргізілген жөндеу жұмыстары Абдулла хан (1582-1598жж.) тұсынан бері жүргізілуде. Нақты ғылыми реставрациялық жұмыстар 1928 жылдан басталды. Қазіргі кезде 11-ші жөндеу және реставрация жұмыстары жүргізілуде»,- деді Марат Қымызұлы.

Археолог онлайн кездесу барысында Түркістан қаласын зерттеу, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу аясында анықталған тарихи деректер, қазба жұмысының маңызы жөнінде әңгімелеп, көрермен сауалына жауап берді.

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен қорық-музейдің фейсбук парақшасында өтетін онлайн дәрістер мен шолуларға Түркістан тарихына қатысты зерттеулер жүргізген елімізге белгілі ғалымдар мен тарихшылар, археологтар, тарихи жәдігерлерді күтіп-баптау ісіндегі тәжірибелі мамандар қатысатын болады. Сондай-ақ, тарихи жәдігерлерді (мата, керамика, ағаш, т.б.) сақтау, қорғау және қалпына келтіру жұмыстары бойынша халықаралық ғылыми-зерттеу зертханасының мамандарымен де шеберлік сабақтарын ұйымдастыру ісі де жоспарланған.

Ал «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсоводтары тарихи орындар мен жәдігерлер жайлы онлайн экскурсия ұйымдастырып, оқырмандармен тікелей эфир арқылы байланыс жасайды.

Алдыңғы ақпарат

Түркістан өлкесіндегі археологиялық зерттеулерге арналған онлайн-дәріс өтті

Келесі ақпарат

12 өңірде мұрағаттау орталығын ашу жоспарлануда