«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен облыстық «Ясауитану-2021» байқауының іріктеу кезеңі өтті.
Түркістан қаласындағы №8 Н.Төреқұлов атындағы орта мектепте өткізілген сайысқа облысымыздың аудан, қалаларынан 48 үміткер қатысып, бақ сынады.
Дәстүрге айналған білім және өнер сайысының мақсаты — Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен ілімін, «Әзірет Сұлтан» кесенесіне жерленген тұлғалардың елі үшін атқарған еңбектерін, сондай-ақ, Түркістан қаласының тарихын, Әмір Темір дәуірінен қалған құнды ортағасырлық жәдігерлер мен мұражай ісін насихаттау.
Ясауи хикметтерін жатқа айту және сұрақ-жауаптан тұратын екі кезеңде үздіктігімен көзге түскен Сарыағаш ауданы №7 Төлеби атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ақжүніс Асылханқызы Атахан бас жүлдені иеленсе, Жетісай ауданындағы №11 Жеңіс орта мектебінің оқушысы Ерболат Бердібай бірінші орынға лайық деп танылып, республикалық байқауға жолдама берілді.
Байқау аясында «Ясауи мұралары» атты кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.