«Әзірет Сұлтан» музей-қорығының ұйымдастыруымен 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай, 17-18 мамыр күндері бірқатар мәдени-көпшілік шаралар өтеді.
17 мамыр күні күндізгі сағат 11.00-де Жұма мешіті музейінде «Музейге сый» акциясы ұйымдастырылады. Акцияда халықтың қолынан жиналған этнографиялық, археологиялық, жазба ескерткіштері музей қорына сый ретінде қабылданып, келген қонақтарға «Сыйға берілген жәдігерлер» көрмесі ұйымдастырылады. Көрме экспозициясына 100-ден аса жәдігерлер қойылады деп күтілуде.
17 мамыр күні сағат 15.00-16.30 аралығында мектеп оқушылары арасында Жұма мешітінде «Сыр сандық» интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылады. Командалық сайысқа қаладағы Ә.Науаи атындағы мектеп-гимназиясы, Н.Пошанов атындағы жалпы орта мектебі, С.Рахимов атындағы жалпы орта мектебінің 6 сыныптарының оқушылары қатысады. Сайыс сұрақ-жауап түрінде өтеді. Жеңімпаз командалар мен жүлдегерлерге сый-сияпаттар мен арнайы дипломдар беріледі.
Бағдарлама бойынша 17 мамыр күні сағат 15.30-16.30 аралығында тарих ғылымдарының кандидаты, археолог-ғалым М.Тұяқбаевтың «Күлтөбе қаласының тарихи кезеңдері» тақырыбында офлайн-онлайн дәрісі өтеді.
Халықаралық музейлер күні мерекесінің екінші күні «Музей түні» шарасымен жалғасады.
18 мамыр күні сағат 17.00-18.00 аралығында Қылует жерасты мешіті музейінде Қожа Ахмет Ясауиге қатысты аңыз-әфсаналардың таныстырылымы өтеді. 18.00-18.40 аралығында қолөнер шеберлерінің қатысуымен шеберлік сағаттары мен жас хикметшілердің қатысуымен «Жас хикметшілер әуезі» шарасы кесене порталында өтеді.
Кешкі сағат 19.00-де «Музей түні» шарасының ресми ашылуы өтеді. 19.20-20.00 аралығында «Абылай ханның Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зияраты» тақырыбында театрланған қойылымы өтеді.
Шараға қатысушылар викториналық сұрақ-жауап ойынына қатысып, мағыналы экскурсия тыңдай алады. Жиын соңында Әмір Темір дәуірінен бастау алған қасиетті ас – Әлім ботқасы көпшілікке үлестіріледі.
Қожа Ахмет Ясауи, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Бөгенбай батыр секілді кемеңгер тұлғалар бейнесін сомдаушы кейіпкерлер көрермен ортасында жүреді. Олармен естелік фотосуреттерге түсу мүмкіндігі қарастырылған. Шараны тамашалауға келушілерге музейге кіру, экскурсия тыңдау тегін ұйымдастырылады.
«Музей түні» мәдени-көпшілік шарасы 2024 жылдың 18 мамыр күні кешкі сағат 17.00-ден – 23.00-ге дейін жалғасады.
Барша түркістандықтар мен қала қонақтарын «Музей түні» шарасын тамашалауға шақырамыз!