Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде, Сауран археологиялық ескерткіштер кешені аумағында орналасқан. Мазардың ені 8,1, ұзындығы 9,2 метр. Мазардың іргесі болып табылатын төменгі бөлігі сақталып қалған, оның ені мен ұзындығы 25-25 см, биіктігі 5 см болатын күйген қыштан қаланған, табиғи күштердің әсерінен бүгіндері қираған жоғарғы бөлігі саз кесектен тұрғызылған. Бір бөлмелі болып салынған мазардың саз кесектен қаланған көмкерілген күмбезі де болған. Көне көз қариялардан бүгінге жеткен аңыз сарыны бойынша Жалаулы ата Ислам дінін тарату жолында күрескен ержүрек батыр, даңқы шыққан қолбасшы болған. Жалаулы атаның кесенесі жаңбыр мен қар суының әсерінен 1950-1960 жж. алдымен күмбезі опырылып, жылдар өте келе қабырғаларыда құлап үйіндіге айналған. Бүгіндері мифтік бейнеге айналған Жалаулы ата ІХ-Хғғ. өмір сүрген тарихи тұлға. Бұл Ислам дінінің Қазақстан аумағында орнығу кезеңі. Кесене орнында археолог Е.Смағұловтың жетекшілігімен 2008-2010 жж. аралығында археологиялық зерттеулер жүргізілді.