Зергерлік өнердің керемет туындыларының бірі — қапсырма

 

Қазақ зергерлердің аса көп жасайтын қолөнер бұйымдарының бірі — қыз-келіншектерге арналған әшекейлер. Қазақ әйелдері кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға, шаштарына шолпы, білектеріне білезік, саусақтарына жүзік таққан.

Қазақ әйелдерінің киімге тағатын күміс әшекейлері де мол болған. «Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» деп киімді айтатын болса, киімнің жарасымды келуіне киім әшекейлерінің атқарар рөлі жоғары.

Ұлттық киімнің сәнін кіргізетін зергерлік өнердің керемет туындыларының бірі — қапсырма.

Қапсырманы камзол, шапан сияқты сырт киімдерді қаусырып кию үшін қадайды. Қапсырманың өңірге тағылған екі бөлігінің сыртқы формасы да, бетіне жүргізілетін ою-өрнегі де, ортасына орнатылатын тастары да бірдей. Қапсырманың бір-біріне топса арқылы бекітілетін түрлері мен астыңғы бетіне ілгек орнатылған үлгіде жасалған түрлері бар.  Қолданыстық маңызы зор қапсырма балалар мен әйелдер киімінің міндетті бөлшегі болып табылады. Қапсырмалар жасалатын материалына қарай: алтын қапсырма, күміс қапсырма, көзді қапсырма, шытыралы қапсырма деп аталады.

Музей қорында сақтаулы зергерлік әшекей бұйымдарының ішінде  қапсырма әшекейініңде бірнеше түрлері бар. Солардың  бірі —  Түркістан қаласы, Ынтымақ ауылының тұрғыны Қанағат Моллақызы Қалдан апаның тапсырған күміс қапсырмасы.

Қапсырма күміс пластинадан бір-біріне түйісер тұсы домалақ пішінді болып келіп, киімге бекітілер ұшы оюланып, қырқылып жасалған, бетіне екі шеңбер сызығы жүргізіліп арасы сызықшалармен толтырылған ортасына өрнек салынған, жиектеріне оңтүстік өңіріне тән көк эмаль жағылған, жан-жағына  ілмектер отырғызылған, бір-біріне кигізілетін екі бөліктен тұрады. Қапсырманың ұзындығы — 9,5 см, ені я 4 см. Мұндай қапсырмаларды көбіне Оңтүстік өңірлерде қолданған.

Қапсырма  сөзі  «қаусыру», «бекіту» сөзінен туындаса керек. Кей жерлерде қапсырманы қаптырма, қаусырма, тістестірме деп де атайды. Камзолдың өңірінен сәл төмен бір жұбын, кейде сәндік үшін бірнеше жұбын қатарластырып тігеді. Зергерлер қапсырмалардың гүл, жапырақ, таңба пішінді түрлерін жасаған. Қапсырма жасауда зергерлер талшықтап бұрау, өру, тоқу, түйіндеу, өріп шақшақтау, бунақтау, кесек металдарды ізбелестіру сияқты зергерлік әдістер қолданған. Ел арасында қапсырманың үзбелі, жұмыр, жапырақша, көлемі теңге тәрізді түрлері кездеседі.

Қазақтың зергерлік өнері – қайнар бұлақ, сарқылмас қазына, бай мұра, ұлттық санадағы сұлулыққа деген іңкәрліктен туған эстетикалық талғам өлшемі. Зерделі зергер сұлулықтың санадағы сұлбасын әсем бұйыммен бейнелеген. Сол арқылы ұрпақ тәрбиелеп, тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көрікті және көрнекті саласын дамытқан. Шынайы шебердің қапсырма сынды  туындылары сан ғасыр елегінен өтіп, бізге жеткен.

 

 

Алдыңғы ақпарат

Түркістанда «Бабадан қалған бар мұра» көшпелі көрмесі ашылды

Келесі ақпарат

Түркия журналистері Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жайлы деректі фильм дайындауда