Халуәт—сәйр сулук жолына кірген мүридтің күнәдан қорғану үшін, сондай-ақ тиімді құлшылық қыла алуы үшін белгілі бір мекенде, белгілі бір уақытта өзін құлшылық-ғибадатқа арнауы. Мутасаууфтар шығармаларында бұл тақырыпқа көптеп тоқталған. Мүридтің халуәтке кіретін орынның ерекшелігі мен мүридтің халуәт бойынша жасауы тиіс ғибадаттар, бағынуы тиіс ережерлер сияқты мәселелерді талқылаған.
Халуәт әдебі Ясауия тариқатында ерекше маңызға ие. XVIII ғ. Бухара әмірлігінде өмір сүрген, Орталық Азия тасаууф тарихында ерекше орны бар, бірақ осы күнде аты ұмыт болған Ясауия шейхы Шейх Худайдадтың Бустан ул-мухиббин атты еңбегінде халуәт ұғымына қатысты маңызды деректер кездеседі. Бұл мақалада сопылықтағы халуәт ұғымын, сонымен қатар Ясауия тариқатындағы халуәт әдебінің ерекшеліктерін Бустан әл-мухиббиндегі деректерді негізге ала отырып қарастыратын боламыз.
Кіріспе
Шайх Худайдад заманының ең атақты мутасаууфы, бірақ уақыт өте аты ұмыт болған. Шайх Худайдадтың туындылары алғаш рет 2002 жылы Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Ә.Р. Бируни атындағы Шығыстану институтында XVIII-XX ғғ қатысты сопылық шығармаларды каталогтау жұмысы кезінде табылған болатын және осы кезде оның үш щығармасының жазба нұсқасы белгілі болды [1].
Шейх Худайдадтың өмірі мен ғылыми мұрасы жайында деректер өте сирек кездеседі. Толық аты-жөні Шейх Худайдад бин Таш-Мухаммед Азизан әл-Хорезмий суммә Бухари. Сондай-ақ Шейх Худайдадты XVI ғасырда өмір сүрген және бір Ясауи тариқаты шейхі Шейх Худайдад Уәлимен шатастырмау қажет, екеуі екі бөлек тұлға. Нақты туған жылы белгісіз, шамамен XVIII ғ. алғашқы ширегі. Бухара әмірі Музафардың (1860-1885) ұлы Насир ад-дин әл-Ханафи әл-Бухари Тухфат әз-За‘ирин атты еңбегінде Хорезмде туылғандығын, Бұхараға келіп қырық жыл Мир-араб медресесінде тәлім алғандығын, кейінірек сопылық жолға бет бұрып, Лутфуллах атты шейхке интисаб еткендігін, Бұхарада мешіт-медресе, тахаратхана, бірнеше хужрадан тұратын үлкен оқу комплексін салдырғандығын жазады. Бұхара әмірі Шах Мұраттан алты айдан соң хижри 1215 жылы қайтыс болған деген дерек қалдырған [2; 96 б]. Демек шамамен 1801 жылы дүниеден өткен. Замандасы Хумули өзінің тарих кітабында оны заманының жетекші жаһрия шейхі ретінде еске алады.
Оның тариқаттағы силсаласы келесідей: өзі, Лутфуллах Азизиан, Фазлуллах Азизан, Мухаммед Шәриф Хусейни, Мухаммед Алим Сыддықи, Пирим Шейх, Шейх Худайдад Азизан, Жамаладдин Азизиан Бухари, Қадим Шейх, Мәудуд Шейх, Али Шейх, Әләмин Баба, Садыр Ата, Зеңгі Ата, Хаким Ата, Қожа Ахмет Ясауи. Сонымен қатар әкесінің тегіне Азизан сөзінің жалғануына қарағанда әкесі де Ясауия жолындағы шейх болған және Худайдадтың осы жолға бет бұруына әкесінің де ықпалы болса керек.
Шейх Худайдад жалпы он шақты еңбек жазып қалдырған. Олар: Бахр әл-Улум, Фирдус әл-Уләма, Бустан әл-Мухиббин; Писанд-и Зикр-и Жәһр, Тәнбих әз-Золлин, Тариқа-и усул илаллаһ, Жәмиғ әл-Бахрейн сияқты еңбектер. Бұлардың алғашқы төртеуі бүгінгі күнге дейін жеткен. Ясауия тарихында мұншалықты мол мұра қалдырған автор жоқ. Оның еңбектері маңызды ақпараттармен құнды. Худайдад өз шығармаларында жалпы сопылыққа кеңінен тоқталып, жария зікір, сәма, рақс сияқты сопылық рутуалдарды шариғат тұрғысынан дәлелдеуге тырысқан, сондай-ақ сопылық ұғымдарды да кеңінен ашықтаған.
Негізгі бөлім
Сопылықта халуәт ұғымы. Халуәт сөздікте жалғыздық, оңашалану, оңаша жер деген мағынаға келеді. Тасаууф термині ретінде халует масиуамен (Алладан басқасы) байланысты үзіп, толықтай Аллаға бет бұру, құлшылық-ғибадатқа ден қою [3; 206 б].
Захидтер мен сопылардың негізгі ерекшеліктерінің бірі жалғыз өмір сүруді таңдаулары және Хақпен бірге болу үшін халықтан бөлек қалуға маңыз беруі. Бастапқы уақыттарда үйінің бөлмесінде оңашалануды жөн көрген заһидтер кейінгі дәуірлерде де осы әдеттерін жалғастырған, кейбір сопылар осы жолды ұстанып, халуәтті сопылық өмірдің бір бөлшегі дәрежесіне жеткізген.
Мутасауффтар халуәттің діни өмір тұрғысынан маңызын көрсету үшін Хз. Пайғамбардың жалғыздықты ұнатқанын, кейде Меккедегі Хира үңгірінде оңашаланып, өзін құлшылыққа арнағанын мысал ретінде келтіреді. «Елсіз жерде Алланы зікір етіп, көзіне жас алған адамның ақыретте артықшылықты адамдар қатарынан болады» деген хадисіне назар аударады.
Пайғамбардың бұл сүннетін ұстанумен қатар қоғамнң бұзылуы, дін мен ахлаққа кері іс-әрекеттердің белең алуы, зұлым мен әділетсіздіктің артуы сияқты жағдайларға қарсы күрестен нәтижеге қол жеткізе алмайтындығын сезінген кейбір захид, сопылар өздерін құтқару үшін, сонымен қатар күнәға батпауы үшін үйінің бір бұрышына оңашалануды жөн көген. Кейбірі тіпті үйлерін тастап, зираттарда, қиранды жерлерде, үңгірлерде өмір сүре бастаған, сондықтан олар шикәфтиййә деп аталған. Олар аса қажет жағдайда ғана қоғаммен араласатын. Жұма және жаназа намаздарында ғана кері оралатын. Сондай-ақ араларында қоғамдық өмірге еш араласпайтындары да бар еді.
Кайрде Мукаттам тауы, Сирияда Лукам тауы, Бейрутта Лубнан тауы, Палестинада Бейтулмақдис тауы, Сина шөлінде Тур тауы абид, захидтердің оңашаланатын ең танымал жерлері еді. Зуннун Мысри сияқты ұлы сопылар да бұл жерлерде өмір сүретін захидтерден үгіт-насихат тыңдайтын. Қоғамдық өмірді толықтай тәркетіп, өз өмірлерін құлшылық ғибадатқа арнаған, осы себептен тариқ-и дүнйа деп аталып кеткен мүнзәуилермен қоса бүкіл абид, захид, суфилер халуәттің лазым екендігін қолдайдын. Бірақ арасында халуәттің типі тұрғысынан әр түрлі пікір қайшылығы бар еді. VIII ғасырда захидтер адамдар арасында болуды көп ұната бермейтін, себебі ихтилат, хилта, мухаләта деген халге түсіп қалудан сақтанатын. Бірақ толығымен өмірлік істер мен қоғамдық қатынастарды да тәрк қылмайтын. Олардың пікірінше захид пен салик денесімен қоғам ішінде, жүрегімен Алланың жанында болуы керек. «Захирде халықпен, батында Хақпен болу» дегенді білдірітін бұл түсінік бойынша Жаратушымен болу үшін халықтан және қоғамнан бөлінудің керегі жоқ. Адам халық арасында болып та халуәт халінде бола алады. Бұл түсінік кейінгі дәуірлерде халуәт дәр-әнджумән деген ұғыммен аталып кетті. Молла Жами «Сондай адамдар бар: базар мен сауда-саттық оларды Құдайды зікір етуіне кедергі бола алмайды» деген Нұр сүресінің 37-ші аятын осы принцпке ишарат екендігін айтады.
Дегенмен дүние ісі Жаратушы мен құлдың арасында кедергі келтірмеуі үшін мүрид әр демінде Хақты хазыр білуі қажет. Мүридке ол дәрежеге жету үшін де халуәт құрал болып саналады. Бұл тұрғыдан Ибн Араби материалдық қарым-қатынастан арылып, Жаратушымен бірге болу дәрежесіне жеткен саликтің халуәтке мұқтаждығы жоқ дейді. Яғни мүридке белгілі бір дәрежеге жетпейінше халуәтке кіру шарт, басқаша айтқанда мүрид белгілі бір дәрежеге жетпей халық арасында Хақпен бірге бола алмайды.
X ғасырда тариқаттар тарих сахнасына шығып, доктриналары қалыптасқан кезде халуәт сопылық өмірдің ажырамас бір бөлшегіне айналды, сондай-ақ өзіндік әдептері қалыптасты. Арнайы халуәтханалар соғыла бастады. Кей жерлерде олар әрбағин, чиллехана деп аталды. Әрбағин арапша, чилле парсыша қырық деген мағына береді. Оның себебін сопылар Дәуіт пайғамбардың кішкене қателігі кешірілуі үшін қырық күн ғибадат қылғандығы, Мұхаммед пайғамбардың Хира үңгіріндегі мінәжаты, Мұса пайғамбардың Сина шөліндегі Тур тауындағы қырық күндік қылған ғибадат-құлшылығы мен тұтқан оразасымен байланыстырады. Имам Ғазали мұндай халуәт түрін былай сипаттайды: тақуа адам сыртқы дүниенің ақпараты көз, құлақ сияқты сезім мүшелерінен санаға түсуіне жол бермеу үшін қараңғы бөлмеге жалғыз кіреді. Ондай жер таппаса, басын жамылғымен жауып, сыртқы дүниемен байланысын үзеді. Сонда ол Алланың үндеуін естиді. Хз. Пайғамбарға: «Ей, жамылған» (әл-Муззаммил 73/1); «Ей, оранған» (әл-Муддессир 74/1) деп қарата айтылуы мағрифатқа осылай жетуге болатынын көрсетеді (Иһия, III, 74). Халуәттің бұл түрінің мақсаты – жанды тазарту арқылы мағрифат пен кәшфке дайындалу. Ғазали халуәт пен оңашалықтың пайдасын баяндай отырып, бұл жағдайда адамдардың барған сайын шын ықыласпен ғибадат ететінін, рия, ғайбат, өтірік сияқты күнәлардан қорғалатынын, бұзақылықтан аулақ болатынын, халықтың қуғын-сүргінінен, қасіретінен құтқарылатынын және олар халықтан ешқандай үміт күтпейтінін айтады. Одан кейін халуәттегі өмірдің кемшіліктері мен қатеріне назар аударады [4; 386 б].
Қысқаша қорытындылап айтқанда халуәт—тасаууфтағы нәпсіні тәрбиелеу методы. Шайх Худайдад Бустан әл-мухиббиннің мужахада бөлімінде былай дейді: «Нәпсінің төрт зынданы бар: нәпсіні сол зынданға салмайынша, бұл айтылған күрес (мужахада) дұрыс болмайды. Ол әуелі – аштық, екінші – ояулық, үшінші – сөйлемеу, төртінші – халуәт, яғни халықтан қашу. Бұл төртеуден жүректе көркем өнер пайда болады». Яғни автордың пікірінше нәпсіні тұсаулап ұстау үшін аз тамақтану, аз ұйықтау, көп сөйлемеу және халуәт қажет [5; 95 б].
Ал Бустан әл-мухиббиннің сопылардың адасуы деген бөлімінде: «Және бұл қауым «бір жамағат ғузләт пен халуәтті шөлдерде өткізіп, ұлық риязатпен шұғылданып жүруші еді» деп күмәндана бастайды. Бірақ бұл мекендерде кісі шайтанның шәрі мен нәпсінің қалауларынан аман болмас. Бұл қауым осы айтылған жаманшылықтардан машайық халіне жетпейінше және олардан жетекшілік болмағанға дейін, рухани азыққа қол жеткізбегенше аманшылықта болмайтындығын білмейді. Егер әр кім бұл ғузләт пен халуәттің шарттарын тамам қылмай, ғузләт пен халуәтты ықтияр біліп бұл мекендерде тұратын болса, ол адам ауруға, дертке шалдығады» [5; 71 б]. Демек, Шейх Худайдадтың пікірінше халуәт непсімен күресте шарт болғанымен, халуетке кірер сопы беллігілі дәрежеге жеткен болуы тиіс, ал сейр сүлукін жаңа бастаған мүрид болса халуәтке пірінің жетекшілігімен ғана кіруі шарт. Керісінше жағдайда сопы рухани дертке шалдығып, шайтан мен пәпсінің жетегінде кететінін ескертеді.
Ясауилікте халуәт әдебі. Хазини Жәуахир әл-Әбрар атты еңбегінде Ахмет Ясауидің мынадай сөзін мысал келтіреді: «Халуәт сөзінің әр әрібінде түсінілуі қиын хикмет табылады. Мұндағы: «Х» хали, «Л» ләйл, «У» услат, «Т» хидаят». Хали—жалғыз болу, ләйл—түн, услат—сүйгеніне қауышу, хидаят—хақты батылдан ажырата біліп, тура жолға түсу деген мағына береді. Демек халуәт жалғыздықта түн бойы құлшылықпен уақыт өткізу арқылы, сүйген Жарына (Аллаға) қауышып, хидаятқа еру деген мағына береді.
Хазини халуәтті шариғат халуәті және тариқат халуәті деп екіге бөледі. Шариғат халуәті болмай, тариқат халуәті болмайды. Шариғат халуәті бүкіл жамандықтардан, кемшіліктерден және күнәлардан тәубе қылу. Тариқат халуәті ретінде мутасаууфтардың бірқатар ұстанымдары мен бағынуы тиіс қағидаларды келтіреді [6; 16 б]. Дәл осыған ұқсас классификация Шейх Худайдадта да кездеседі. Мұндағы тек айырмашылық ол халуәтті захир халуәті және батын халуәті деп бөледі. Захир халуәтінің шарты қолын, көзін және құлағын жамандықтан тыю. Мүрид осы шартты орындағанда ғана батын халуәтіне яғни тариқат халуәтіне кіре алады [5; 222 б].
Хазинидің жоғарыда аталған еңбегінде Ясауия тариқатындағы халуәт әдебіне байланысты мүридтердің орындауы тиіс уирдтерді келесідей тізбектейді: халуәтке кіретін мүридтер мүршидінің нұсқауымен бір күн бұрын ауызын бектітеді, халуәттен бір күн бұрын таң намазынан соң зікір мен тәкбірлерін көбейтеді. Осы күні екінті намазынан соң халуәтхананың есік-терезелері жабылады, мүридтер күн батқанша тәубе етіп, зікірмен шұғылданады. Шам намазы оқылған соң ауыз ашады. Ауызашардан соң Құран тилауәт қылады. Сосын түн ортасына дейін зікір қылады. Осы уақытта Ясауидің хикметтерінен иләхи әуендер оқылады. Осы тәртіп қырық күнге дейін жалғасады [6; 17 б].
Шейх Худайдад халуәтке кіретін сопылардың төрт негізгі уазифасы мен уирді барлығын айтады. Біріншісі: сәске намазынан кейін кәфарат ниетімен екі рәкағат намаз оқу және әр рәкағатта фатихадан соң кәусар сүресін оқу. Екіншісі: төрт рәкағат тасбих намазын оқу және одан кейін қандай тілегі болса Алладан тілеп, дұға қылу. Үшіншісі: әр күн Құран-кәрімнен жүз аят оқу. Төртіншісі де зікірмен шұғылдану. Зікір тұрғысында Шайх Худайдад жария зікірді алға қояды, бірақ құпия зікірді де терістемейді. Оның пікірінше құпия зікір жүрек оянып, фана мақамына жеткеде ғана жасалады. Ал жүрек ояну үшін жария зікір шарт, -деп біледі [5; 222-224 б].
Белгілі болғандай, Ясауилікте халуәт ерекше маңызға ие және өзіндік әдебі бар. Басқа тариқаттардан ерекшелігі, халуәтке мүридтер топ-тобымен кіреді және халуәт қырық күнге созылады. Ясауия тариқатында сұхбат пен қызмет те маңызды саналады. Ясауилікте кең таралған «Намаздың қазасы болғанмен сұхбаттың қазасы болмас» нақылы осыны айғақтаса керек. Ахмет Ясауидің өзі де ағаш шебері болып, қоғамға қызмет қылғаны тарихтан белгілі.
Қорытынды
Қорытындылайтын болсақ, халуәт тасаууфтағы тәрбие методы. Халуәт негізінен белгілі бір мерзімге ғана жалғасқан және шейхтың бақылауымен жүзеге асқан. Алайда тарихта қоғамнан толықтай бөлініп, бұл мәселеде тым шектен шыққан сопылар да болған. Жоғарда белгілі болғандай бұл мәселеде Шейх Худайдад орта жолды ұстанды. Ол шариғат пен Пайғамбар сүннеті шеңберіндегі халуәтті қолдады. Сондай-ақ оның келтірген деректері Ясауилікте негізгі дереккөзі саналатын Хазинидің Жәуахир әл-Әбрар атты еңбегіндегі деректермен толықтай сай келеді.
Әдебиеттер
- Каталог суфийских произведений XVII-XX вв. из собраний института востоковедения им. Абу Райхана ал-Бируни Академии наук Республики Узбекистан / Составители: Б.Бабаджанов, С.Гулямов и др. / Ред.кол.: Б.Бабаджанов, У.Берндт, А.Муминов, Ю.Пауль.– Studgart: Franz Steinev Verlag, 2002. – 360 с
- Насир ад-дин әл-Ханафи әл-Бухари. Тухфат әз-За‘ирин. Литография, – Ново-Бухара: 1910. – 171 б
- Süleyman Uludağ. Tasavvuf Terimleri Sözlüğü, – İstanbul: Kabalcı Yayıncılık, 2012.
- Süleyman Uludağ. “Halvet” DİA, TDV Yay., XV, 386, İstanbul 1997.
- Шайх Худайдад. Бустан әл-Мухиббин / бас. дай.: Бабаджанов Б., Кадырова М. – Түркістан: Тұран, 2006. – 350 б.
- Hazîni, Cevahirü’l Ebrar min Emvaci’l Bihâr. İstanbul Üniversitesi Kütüphanesi, Türkçe Yazmalar no: 3893.