Халықаралық мәртебеге ие ескерткіш. Орталық Азияда теңдесі жоқ ғажайып сәулеттік, тарихи, ансамбльдік туынды. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласының орталығында орналасқан. Координаттары: 43˚17.858΄, 068˚16.269΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 219м. Кесене мұсылмандардың атақты әулиесі, көзі тірісінде Сұлтан-ул-Ғарифин атанған (Алланы танығандардың патшасы, яғни әулиелердің патшасы) Шайқы Ахмет Ясауиге арналып салынған. Ахмет Ясауи 1166-1167 жылдардың шамасында дүниеден өткен. Қазақ елінің негізін қалаған ондаған хан, би-сұлтандар, қолбасшылар мен батырлар өз өтініштері бойынша осы кесенеге жерленген. Түркістанның бас жәдігері болып табылатын ғимаратта ХІV-ХV ғғ. шеберлері жасаған аса көркем туындылар, алып тайқазан, қола шырағдандар, қола лаухалы байрақ, өрнекті ағаш есіктер, қабір үстінің жабуы сақталған. Ахмет Ясауи кесенесі жайлы негізгі жазба деректер Шараф ад-дин Али Иаздидің «Зафар-нама» атты кітабында кездеседі. Ахмет Ясауи кесенесі аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның ұзындығы 65,5 метр, ені 46,5 метр, ал биіктігі 39 метрді құрайды. Кесенеге кіретін бас есік басқалардан биік, ені 18,2 метр аркамен көмкерілген оңтүстік-шығыс қасбетте орналасқан. Бас қасбеттің және бұрыштардағы мұнаралардың ауқымды қабырғалары сыланбаған, олардың бетінде мозайкалық қаптамалар орналастыру үшін бекіткіштер қалдырылған. Күмбездің диаметрі 18 метрден шамалы асады, ішкі биіктігі еден деңгейінен 36 метр. Ғимараттың орасан зор порталы мен бірнеше күмбезі бар және екі қабаттан тұрады. Кесенеде түрлі мақсатқа арналған, жалпы саны 35 бөлме бар. Бірінші қабатында Жамағатхана, Қабірхана, Мешіт, Кітапхана, Үлкен ақсарай, Кіші ақсарай, Асхана, Құдықхана және төрт құжыра бөлмесі, ал екінші қабатында қалған құжыра бөлмелері орналасқан. Архитектуралық композицияның басты бөлмесі Ахмет Ясауидің Қабірханасы болып табылады. Бөлменің ортасында үлкен эпитафиясыз құлпытас орнатылған, ол жасыл түсті тамыршықтармен бейнеленген серпентинит плитасымен көмкерілген. Ғимараттың солтүстік-батыс бұрышында Мешіт бөлмесі орналасқан. Бөлме барабанға биік қойылған күмбезбен жабылған. Мешіт көгілдір түспен салынған геометриялық бейнелермен көмкерілген қабырға жазбаларының фрагменттері сақталған ғимараттағы жалғыз бөлме. Мешіттің михрабы глазурлік мозаика техникасымен орындалған, мозаикалық өнердің керемет үлгісі болып табылады. Қабірхананың оңтүстік-батысында зиаратхана деп аталатын дәліз орналасқан. Бөлменің ішінде бірнеше құлпытастар жатыр. Ғимараттың оңтүстік-батыс бөлігінде Асхана бөлмесі орын алған. Бөлмеде екі қазан орналасқан ірі ошақ бар. Ғимараттың қаптауларындағы қолжазбаларда және жинақтарында кесене құрылысын салуға қатысқан бірнеше шеберлердің есімдері сақталынып қалған; Ходжа Хасан Ширази және Шамс Абд ал – ваххаб Ширази, қола бұйымдарын жасаушы шеберлерден Изз ад – дин ибн Тадж ад – дин Исфахани, Абд ал – азиз ибн Шарафаддин Тебризи. ХVІ-ХІХ ғасырлар аралығында «Әзірет Сұлтан» кесенесі Қазақ хандарының Ақ Ордасы қызметін атқарды. ХІХ ғ. Қоқан билігі тұсында кесенені қоршап мұнаралар мен қорғандар салынып қамалға айналдырылған. Ескерткіш 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.3 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Алып құрылыс халқымыздың тарихын, тілі мен дінін, дәстүрі мен мәдениетін зерттеп, зерделеуде баға жетпес құнды дерек болып табылады.