БАБАМ ҚОРАСАН, КЕЛДІМ АРАСАН

Қорасан Ата​ Барлық өмірі мен өнегелі тірлігі алты Алаштың баласына мәлім, сонау Арабиядан Орта Азия, түркі, қазақ жерлеріне, соның ішінде Сыр бойына ислам діні мен мәдениетін алғаш әкелгендердің бірі – халықты имандылық парасатына тәрбиелеген Әбдіжалил Баб еді. Халық аузындағы әңгімелерде ол Қорасан ата деп аталады.​ Қорасан атаның тегі — араб. Өзі Әли баласы имам Хасанның ұрпағынан тарайды.​ Қорасан ата (Әбдіжәлил баб) мен оның ұлы Хұсайын баба (Хұсайын Ғази) зираттары қазіргі Жаңақорған ауданының жерінде орналасқан.
Аңыз-әңгімелерде Қорасан ата бамдат намазын оқып тұрғанда бүкіл тұла бойы қорғасындай еріп тұрғандықтан халық оны «Қорасан» деп атап кеткен деседі.
Ел ішіндегі кең тараған әңгіме бойынша кезінде Қожа Ахмет Ясауидің өзі Ораза, Құрбан айт намаздарын Қорасан бабаның басында өткізіп жүріпті. Əзірет Сұлтан Ясыдан шығып, Сауран арқылы Аққұм бекеті тұсында Сырдариядан Тасөткел арқылы өтіп, Көкжидедегі Шәмші Қылауыз ауылына бір қонып, Қорасан атаға зияратқа барғанша Бабаға жалбарынып:
Бабам Қорасан, келдім арасан,
Зиярат етейін деп, ісімді сұрасаң.
Мүшкіл ісімді қылғайсың асан,
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан,- дей келе:
Сексен шайхыны жаныңда көрдім,
Тоқсан шайхыны артыңда көрдім.
Қағбаны махаллаңның алдында көрдім,
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.
Сұлтан Хұсайынның ұлы болармын,
Астанасының құлы болармын.
Шашым-сақалымның шыпта қылармын,
Рахмет ете гөр, бабам Қорасан.
Әлінің әулеті Шери Құдасың,
Келген бәлеге дәпі қыларсың,
Таңа Қожа Ахметке жары боларсың,
Рахмет​ ете​ гөр,​ бабам​ Қорасан, –​ деп,​ дәремет​ сұрайды​ екен.​ Содан​ бері Қорасан​ бабаның​ басынан​ адам​ үзілмейді.​ Сан​ ғасырлар​ бойы​ қаншама​ ұрпақ әулие кереметіне сиынып, бірі ауруына шипа іздесе, енді бірі тәңірден бала сұрап әулиелі жерге түнейді.
Алдыңғы ақпарат

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді.

Келесі ақпарат

«Имадил ислам»