Арғын, қанжығалы Әлібек батыр Құдайбердіұлы

Ел қорғаны Әлібек батыр 1701 жылы туып, 1806 жылы 105 жасында қайтыс болған. Абылай ханның тұсында елі мен жерін қорғап, қазақ халқын біріктіруге ерекше үлес қосқан әрі батыр, әрі би. Батыр қайтыс болғаннан кейін денесін былғарыға тігіп өзінің үлкен ұлы Есберді жолдастарымен алып келіп Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген. Әлібек батыр қазақтың басқа да батырларымен тізе қосып, әйгілі Шақшақ Жәнібекпен бірге жоңғарларға қарсы жорыққа аттанып, елі мен жерінің тәуелсіздігін қорғаған.

Абылай ханның әйгілі батырларының бірі болған.

Әлібек батырдың үш әйелінен 9 ұл туған, тоғызы да түрлі жорықтарға қатысып, батырлық, ерлік көрсеткен. Әлібек батыр  Қанжығалы Құдайбердіден туған жалғыз бала болыпты.

Әлібектің туған нағашысы Ұлы жүз үйсін Төле би екен. Әлібек ер жетіп,оң-солын таныған тұста елдегі дау-дамайды шешудегі игі жақсылардың ісінен түңіліп нағашысына кетеді. Мұнда келісімен өзі батыр, өзі сал өнерлі жігіт бірден ел аузына ілігеді. Мұны сезген Төле би үміт күтер жиенін көз тиіп, бір пәлеге ұрынбай тұрғанында еліне қайтаруға бекінеді. Әлібекті шақырып:

— Қарағым, ер туған жеріне, ит тойған жеріне деген, еліңе өкпелеп, сүйекке таңба салма. Біреуден тосын сөз естіп, сағың сынар, ондай сөз нағашың маған да жеңіл соқпас. Ашуың басылған шығар. Қасыңа Аткелтір інінді ертіп ал. Ол да батыр жігіт. Екеуің қатар жүргенде ешкім батып сөз айтпас, құдай алдында сұрауы жоқ, сенің жанашыр туысың болсын. Есік алдында байлауы тұрған қос сәйгүлік сендердікі.

Еліңе бар, қарағым, нағашы жұртта болдым деп, Сәйгүлік мініп, ел кезіп, жобасы жүрген елде көп.

Туған ініңнен кем болмас Аткелтірің жанында, Есіңе алып жүресің нағашы атам берді деп. Тынысың болар нағашы інің көбейіп, Ағасы болып жүресің ісін көріп сүйініп, Тең жүргенде екеуің сескенер көрген алашың, Жақсы атақпен өтерсің бағалы болып өмірің,- деп батасын береді.

Әлібек ерекше сауыққой, домбырашы, әнші екен. Қай жерде ойын-сауық болса, Әлібек те содан табылған. Үйде болуынан түзде жүруі көп болса керек. Бір күні әкесі Құдайберді баласын шақырып алып, былай дейді:                    

-Қарағым сен, естуімше, әуейі болып барасың.

Жақсы болып, атағынды шығарғың келсе, игі жақсылармен серік бол, жақсы өнегесімен атағы шыққан екі ағаң бар. Қаздауысты Қазбек пен Шақшақұлы Жәнібекті тауып алып, соңына ер. Содан кейін бұл күндері жасы жетіп, қартайған Есет батырға барып сәлем бер, ақыл кеңесін тында, — дейді.

Ол кезде әке сөзі заң. Әлібек те Қазыбек пен Жәнібекті тауып алып, соларға серік болады. Ел намысын бірге қорғайды. Кейін әкесінің сөзі еске түсіп, үшеуі Есет батырға сәлем беруге барады.

Ордаға келіп, Есет батырдың отырған үйіне кірмек болады. Салт бойынша жасы жағынан үлкен Қаз дауысты Қазыбек есікті ашады да қайта жаба қояды. Сосын Жәнібекке сен кір дегендей ишара жасайды. Жәнібек те есікті ашады да қайта жабады. Енді екеуі Әлібекке жол нұсқайды. Әлібек ішке еніп, төрде отырған Есет батырға сәлем береді. Екі ағасы төрге жайғасқан соң өзі төменірек келіп отырады.

Есет батырдың қабағы екі көзін жауып, түсін сұсты көрсетеді екен. Ол қолымен қабағын көтеріп, қонақтарына зер салып, аты-жөндеріне қанығып, сөз бастайды:

-Әлібек, сенің бұрын кіріп, сәлем беріп, төмен отырғаныңа қайранмын,- дейді.

Әлібек:

-Атажан, қадірсіз болып бұрын кірдім, кіші болып төмен отырдым,-дейді.

Сонда Есет батыр:

-Менің аруағым қара қабан еді, әр уақыт өзіммен бірге еді, Қазыбектің аруағы қара тазы екен, батып кіре алмады. Жәнібектің аруағы қызыл түлкі екен, ол да бата алмады. Ал Әлібек, сенің аруағың қара бүркіт екен. Бүркіттен сескеніп менің аруағым шығып кетті, өзім болсам, кәрілік жеңіп, төсек қармалап қалдым. Әлібек, қарағым, бақытың жанып келе жатқан азамат екенсің Алла болсын сүйенішің,- деп батасын берген екен. 

 

Алдыңғы ақпарат

Қожа Ахмет Ясауидің аяны

Келесі ақпарат

Музейге 50-ге жуық құнды мұралар табысталды