МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Әулие Құмшық ата қылуеті, ХІІ ғ.

Республикалық маңызы бар ескерткіш. Күйген қыштан қаланған сәулеттік құрылыс Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймақтарына тән. Координаттары: 43˚17.421΄, 068˚16.523΄. Теңіз деңгейінен биіктігі 228 м.

Діни-рухани ескерткіштер – еліміздің тарихындағы ғасырлар қойнауындағы жұмбағы мол жәдігерлер. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қылуеттердің салына бастауы Х-ХІІ ғасырларда басталған. Соның бірі, ХІІ-ХІХғғ аралығына жататын, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Әулие Құмшық ата қылуеті. Халық арасында аңыздар мен әңгімелерге қарағанда Әулие Құмшық Ясауи бабамыз өзінің ұстазы ретінде жоғары бағалаған. Ясауи бабамыз да Құмшық ата секілді қатаң аскеттік дәрежені ұстанып, жер асты қылуетінде қалған өмірін Аллаға құлшылық жасаумен өткізген.

Құмшық ата жер асты қылуеті Қожа Ахмет Ясауидің кесенесінен оңтүстік-шығысқа қарай 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі  3,4 метр, ұзындығы 15,7 метр, күмбезді бөлмесінің ені 3,5 метр.  Бұл ғұрыптық құрылыстың басында тіктөртбұрышты ойық орналасқан. Ойық кылуетке кіретін есік қызметін атқарып, иректелген тар дәлізбен жалғасады.  Дәліз шеңбер пішінді бөлмеге алып барады және ол қылуеттің негізгі бөлмесі болып табылады. Осы негізгі шеңбер пішінді бөлме төрт бұрышты соңғы бөлмемен аяқталады. Шеңбер пішінді бөлменің төбесі күмбезделіп, ал төрт бұрышты бөлме шатыр тәрізді жабылған. Бөлмелердің қабырғаларында майшамдар үшін кішкентай қуыстар жасалған. Дәлізі иілген түрде негізгі бөлмелер сияқты, күйдірілген кірпіштен қаланған. Дәліздің орта тұсында жарық түсірілуге арналған құдық пішінді ойық орналасқан.

1972-73 жылдары Қазақ ССР тарих, археология, және этнография иниституты және Қазақ ССР Мәдениет министрлігімен бірлескен археологиялық экспедиция зертттеу жүргізген. 1985 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2013 жылы қайта қалпына келтіріліп, ішкі жағы консервацияланып үстіңгі жағы жабылды. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы  бойынша жинағына №590.12 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.

Алдыңғы ақпарат

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ХІІ-ХІV ғғ.

Келесі ақпарат

Ақтоты Райымқұлова музей қызметкерлерін құттықтады