Түркістан қаласынан солтүстік батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. Республикалық маңызы бар ескерткіш. Көне Қаратөбе-Сауран қаласының өмірін жалғастырған қала. Сауран туралы алғашқы жазба деректер Х ғасырда әл-Истахридің «Книга путей стран», одан кейін 976 жылы жазылған араб географы ибн Хаукалдың шығармаларында кездеседі. ХІІІғ. ортасында Гетум патшаның бағыттауыш сызбасында да аталынған. Қалашық солтүстіктен оңтүстікке қарай 850м, шығыстан батысқа қарай 660м созылып жатқан қорған қамалмен қоршалған. Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған, қорған қамалының ұзындығы – 2360м. Сауран қаласын 1867 жылы И.П.Лерх, 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан Археологиялық Экспедициясы (А.Н.Бернштам) зерттеген, 1967 жылы (К.А.Ақышев), 1986 жылы Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми-зерттеу институты зерттеген. 1999-2011жж. аралығында ТАЭ (Е.Ә.Смағұлов, М.Қ.Тұяқбаев) кезең-кезеңмен зерттеу жүргізді, 2005-2009жж. аралығында ХҚТУ (М.Елеуов), Археология институты (К.М.Байпақов) ОМҚМ (Н.Алдабергенов) мамандары да қатар зерттеу жүргізді. 2011 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Сауран қаласының солтүстік қақпасы, Бас көшесі, медресесі, мешіті және ханакасы қайта қалпына келтірілді.