«Әзірет Сұлтан» музейінің нумизматикалық жәдігерлер қорындағы көмбелер

«Әзірет Сұлтан» музейінің нумизматикалық жәдігерлер қорында бесеуі археологиялық зерттеулер кезінде, екеуі кездейсоқ табылған 7 ақша көмбесі сақтауға алынған. кездейсоқ табылған көмбелердің бірі Түркістан қаласының маңындағы Ораңғай елді мекенінде жеке үй құрылысы жүргізіліп жатқанда, екіншісі, Қарашық өзенінің оң жақ жақ жағалауында орналасқан Түркістан қаласының қалалық қорымынан табылған. Бұл көмбелердің кейбірі Р.З.Бурнашева тарапынан зерттеліп, зерттеу жұмыстары мақалалары мен монографиясында жарияланған.

№1 көмбе. Шыңғыс хан әулеті билеушілері тұсында ХІІІ ғ. орта тұсында соғылған ақшалар көмбесі. Көмбе 2012 жылы Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының маңынан табылған,  Отырарда соғылған 450 дана күмістелген мыс дирхемдерден тұрады. Көмбеге жүргізілген алдын-ала сараптама кезінде, тиындардың жылқы майымен майланып көмілгендігі анықталды. Соның салдарынан тиындар салыстырмалы түрде жақсы сақталған. Көмбе құрамындағы тиындардың жартысына жуығында беттеріндегі жұқа күміс қабаты да сақталған. Тиындар диаметрлері 39-43 мм. арасын, орташа салмақ көрсеткіші 7,7 г. көрсетті.

Тиындардың көпшілігінде, жиектерінде түсіріліп отырған жазба бедерлері тиын шеңберіне сыймағандықтан түспей қалған. Жиектеме жазбалары түсірілген тиындардағы жазбалардың да көпшілігінде бөліктері ғана түскен.

Отырардың күмістелген мыс дирхемдері 642/1248-663/1264-1265 жылдар аралығында 17 жыл бойы соғылып отырған. Көмбе құрамында осы 17 жылғы ақша өнімдерінің барлығының үлгілері кездеседі. Көмбе тиындары дөңгелек пішінді, бір ортақ типті. Тиындар бір-бірімен «хани», «менгу хани», «йарлы хани» эпиттерімен ерекшеленеді.

Шағатай ұлысының Отырар ақша сарайында ХІІІ ғ. орта тұсында соғылған күмістелген мыс дирхемдері ең көп кездесетін тиындар қатарына жатса да, бұл күнге дейін олардың шекімеленуі, айналымына қатысты мәселелер толыққанды шешімін таппаған.

№2 көмбе. Шағатай мемлекеті. XIV ғ. алғашқы онжылдығы. 1980-1982 жж. ОҚӨАЭ Түркістан археологиялық тобы Күлтөбе ескерткішінде жүргізген қазба жұмыстары кезінде 6-шы құрылыс қабатынан 202 күміс, 87 мыс ақшалар көмбесі табылған. Көмбе, ҚазССР археология институтына анықтамаға жіберілген болатын. Белгісіз себептермен тек, 24 күміс және 2 дана мыс тиын ғана музей қорына қайтарылған. Көмбе түгелдей ХІІІ ғ. соңғы ширегі мен XIV ғ. басында соғылған Шағатай мемлекетінің ақшаларынан тұрады.

Күлтөбе көмбесі көлемі жағынан үлкен болмаса да, Алмалық, Андиган, Отрар, Бұхары, Кашғар, Кенжде, Маргинан, Самарқанд, Тараз, Ходженд, Шаш және Йанги ақшаларынан тұратын бұл жинақ, сол кезеңде жұмыс жасаған ақша сарайларының барлығының дерлік ақша өнімдері кезедесетін бірегей көмбелердің қатарына жатады. Көмбені Р.З.Бурнашева зерттеп, баспаға шығарған.

Көмбедегі екі мыс ақша Отырар және Фараб ақша сарайларының өнімдері. Отырар ақшасы 698/1298–1299 ж., Фараб өнімі 699/1299–1300 жылы соғылған.

№3 көмбе. XV ғ. Темір әулетінің билеушілері тұсында соғылған мыс ақшалар көмбесі. 2002 жылы Қарашық өзенінің оң жақ жағасында орналасқан Түркістан қалалық қорымынан мүрде қазу кезінде табылған. Жалпы көлемі 6200-дей мыс ақшадан тұратын көмбенің «Әзірет Сұлтан» музейінің қорына 4073 данасы келіп түскен. Көмбе құрамының басым бөлігі 832/1428-1429 ж. Ұлықбек жүргізген ақша реформасы тұсында Бұхара ақша сарайында соғылған анонимді ақшалардан тұрады. Бұхара ақша сарайының өнімдерінен басқа Андиган, Балх, Херат, Карши, Кашғар, Самарқанд, Термез, Хутталян, Орду және Шахрухия ақша сарайларының өнімдері де аз көлемде болса да кездеседі.

Көмбе ақшаларының көпгшілігіне текше және алтыбұрышты үстінен қайта шекімелер түсірілген. Қарашық көмбесінің құрамындағы 724 дана тиын Р.З.Бурнашева тарапынан зерттеліп, жарияланған.

№4 көмбе. XV аяғы мен XVI ғ. басында соғылған мыс ақшалар көмбесі. 1998 жылы көне Түркістан қалашығының аумағындағы Тоған су қоймасында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. 459 дана мыс ақшадан тұрады. Көмбе құрамындағы ақшалар біркелкі. Барлығы да Ташкент ақша сарайының өнімдері. Тиындардың сыртқы пішіндері мен көлемдері өте ұқсас. Көмбе ақшаларының диаметрлері 15-20 мм., салмақтары 1,2-2,33 г. аралығында. Тиындар XVI ғ. тән жасау, шекімелеу әдісімен жасалған. Тиындардың бір данасынан басқасының барлығы да Ташкент ақша сарайында соғылған. Бір тиын бетінде Яссы ақша сарайында шекімеленгені көрсетілген. Тиындардың барлығының теріс беттерінде әр-түрлі доғал пішінді сызықтардан түзілген өрнектік композициялар орын алған.

№5 көмбе. Шайбанидтер мемлекетінің мыс ақшалары. Көмілген жылы 919/1512 ж. 2012 жылдың басында Түркістан қаласынан солтүстік батысқа қарай 20 км. жерде орналасқан Ораңғай елді мекенінің тұрғыны Б.Халметов құрылыс жұмыстары кезінде табылған мыс ақшалар көмбесін музей қорына өткізді. Көмбе 54 дана мыс ақшадан тұрады. Олардың 21 данасы Самарқан шекімесіне, 6 данасы Бухара ақша сарайларының өнімдері екендігі анықталды. Жылдық көрсеткіші бойынша ең кіші ақша 918/1213 ж. соғылған. 919 х. жылы Көшкінші хан тұсында кең көлемде ақша өнімдерін шығарып отырғандығы белгілі болса да, бұл көмбе құрамында бұл жылғы өнімдердің кездеспеуі, көмбенің 919 х. жылға дейін тезаврация жасалған деген тұжырым жасауға негіз болды.

Зерттеу барысында 19 тиынның түрлері мен варианттары анықталды. Көмбе құрамында Самарқан және Бұхара ақша өнімдерінен басқа Мервтің бір дана, Яссының екі дана тиыны бар.

№6 көмбе. Көмбе 1999 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының Е.Смағұлов басқарған Түркістан археологиялық экспедициясы Ораңғай елді мекеніндегі Ораңғай Күлтөбесі ескерткішінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған. Жалпы көлемі 803 дана мыс ақшадан тұрады. Тиындардың сақталу жағдайлары нашар. 112 тиынның бетінде ешқандай шекіме бедерлері сақталмаса, 193 данасының беттерінде анықтауға келмейтін жазбалар мен өрнектердің бедерлері ғана сақталған.

Беттерінде айыруға келетін бедер іздері сақталған тиындар арасында Сайрам, Яссы, Ташкент және Самарқан ақша өнімдері кездеседі. Сайрам ақша сарайының өнімдері қатарына 26, Яссы ақша өнімдері 171, 189 Ташкент ақша сарайының өнімдері орын алған. Көмбе құрамында Орта Азиялық қалалардың қатарынан Самарқан ақша сарайының өнімдері кездеседі.

№7 көмбе. XVII ғ. орта тұсында соғылған Жәнидтер әулетінің ақшаларының көмбесі. 2000 ж. Түркістан археологиялық экспедициясының қызметкерлері тарапынан «Қоқан цитаделі» ескерткішінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған. Көмбе Жәнидтер әулетінің билеушілері Имам Қули, Надир Мухаммад және Абд ал-Азиз хандардың аттарымен соғылған 75 дана күміс тангалардан тұрады. Көмбе құрамындағы ең көп көлемдегі тангалар (52 дана) Имам Қули хан атымен соғылған тангаларға тиесілі. Көмбедегі тангалар 1611 мен 1650 жылдар аралығын қамтиды.

Алдыңғы ақпарат

Халықаралық музейлер күніне орай «Әзірет Сұлтан»мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Музейдегі түн» мерекелік шарасын ұйымдастырды

Келесі ақпарат

Н.Ахметжанов: Ясауи әлеміне қатысты тұлғаларды дәл қазір кеңінен насихаттап, тарихын түгендемесек, келешекте ұмыт қалуы мүмкін