• 27 Сентябрь 2024

МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ЖӘНЕ МУЗЕЙ ІСІ

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың туған күніне (28 тамыз) орай «Өзбекәлі Жәнібеков және музей ісі» атты көрме ашылды. Ө.Жәнібековтың ұлт руханияты мен мәдениетіне сіңірген еңбегі ерен. Оның өмір жолы елге қызмет еткісі келетін есті жанның бәріне өнеге. Сондықтан да «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы жыл сайын Өзағаның туған күніне орай тақырыптық көрме ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып келеді.
Биылғы шараның бір ерекшелігі — көрме ашылардан алдын Өзбекәлі Жәнібековтың сүйікті тағамының бірі «Құрт езбесіне дайындалған кеспе көже» шеберлік сағаты өтіп, алыс-жақыннан келген қонақтар, жиналған көпшілік әзірленген астан дәм татты.
Көрменің салтанатты жиынын “Әзірет Сұлтан” музей қорығының директоры М.Садықбеков сөз сөйлеп ашты. Жиында Ғ.Сәрсенбаев, Түркістан қалалақ мәслихатының төрағасы, Қ.Ергөбек, ф.ғ.д., профессор, М.Сембі, тарихшы, «Казреставрация» мекемесінің ардагері,
А.Тоқтабай, т.ғ.д., профессор, Б.Жәнібеков (Бауыржан Өзбекәліұлы), Ықылас атындағы халық аспаптар музейінің жетекшісі, Б.Оразымбетова, ҚР еңбек сіңірген экскурсоводы, М.Қожа, т.ғ.д., Г.Сүгірбаева, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры, З.Қазанбаева, М.Төрегелдин атындағы “Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің” директоры, Г.Сәрсекей, Торғай облыстық музейлер бірлестігінің басшысы, т.б. азаматтар Ө.Жәнібековтың Еліміздегі музейлер ісін дамытудағы ерен еңбегі жайлы әсерлі естеліктерін, құнды пікірлерін айтты. Осындай игі шараны ұйымдастырып отырған “Әзірет Сұлтан” музей-қорығының басшылығына, ұжымына алғыстарын білдірді.
Салтанатты шараны музей-қорықтың көрме ұйымдастырушысы Қ.Ысқақ жүргізді. Көрменің лентасын Ө.Жәнібековтың ұлы, Ықылас атындағы халық аспаптар музейінің жетекшісі Бауыржан Жәнібеков пен ҚР еңбек сіңірген экскурсоводы Бақыт Оразымбетова қиды. Көрменің экскурсиясын “Әзірет Сұлтан” музей-қорығының тұңғыш экскурсоводы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Рахия Жүзбаева жүргізді.
Көрмеден соң «Қазақстандағы музей ісін дамыту мәселелері» тақырыбындағы Республикалық ғылыми-әдістемелік дөңгелек үстел мәжілісі болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар Еліміздегі музей ісінің мәселелері мен оны шешу жолдары, саланы дамыту жайлы пікір алмасты.
Алдыңғы ақпарат

«ТАҒЛИМ УА ТАРБИЯ ТАРИХЫ УА ДУНИАНЫҢ ФИЛОСОФЛАРЫ»

Келесі ақпарат

ЕРЕКШЕ ҮЛГІДЕГІ АЛТЫН СЫРҒАЛАР