ҚЫЛУЕТКЕ ЕНУШІЛЕР МЕН ОҢАШАЛАНУШЫЛАРДЫҢ ӘДЕПТЕРІ

(«Бустан ул-мухиббиннен» үзінді)
Мұның дәлелі «Әл-Асрардың» жиырмасыншы бөлімінде қылуетке енушілер мен оңашаланушылардың баяны деген тақырыппен берілген. Біліңдер, ей, достар! Қылуетке ену екі қысым. Бірі – заһир қылуеті, яғни сыртқы сезім мүшелерінің қылуеті, бірі – батин қылуеті, яғни ішкі жан-дүниенің қылуеті, яғни тариқат қылуеті. Заһир қылуеті – нәпсіден, ағзасынан тарайтын қорлау, зұлымдық қылу секілді жаман пиғылдан мұсылмандарды сақтау. Бұл турасында Нәби ғаләйһи әс-сәлам: «Басқа мұсылмандар оның тілінен және қолынан зардап шекпесе, шын мұсылман сол адам» деген. Түйсігі, санасы, ойы секілді ішкі сезімдері ықылас ниетімен оянып, ашылғанша, өзіне әдет болған нәрселерді және бес сезім мүшесін кісендеп ноқталау. Хақ ризашылығы үшін, халыққа тиетін нәпсінің жаманшылығын жою үшін өлместен бұрын өлу, қабірге кіру ниетімен қылуетханаға кіру керек. Мысалы, көзін сондай қиянаттан және харам назардан, аяғын харам жолға барудан, құлағын жаман сөз естуден, қолын харам нәрсе тұтудан, қарнына харам және шүбәлі нәрселерді кіргізбектен сақтасын. Ұлылар бұл әрекет масқара қылық болған себепті, ол қылықтардың иесін зинақорлардан санап, бұл әрекетті «зина» деп айтқан. Әр ағзадан мұндай күнә таралар болса, Хақ Тағала бір хабаши сияқты бақытсызды жаратады. Ол сурет ертең қиямет күнінде жолдас болып тіріледі. Ауыз, тілдерімен Хақ қызметінде куәлік береді. Егесін тұтып, тозаққа кіргізіп, азаптайды. Егер бұл кісі Алла Тағала: «Уә нәһә ән-нәфсә ған ил-һауа», яғни «Нәпсісін қалаған нәрселерінен тежеген болса» (79:40) деп Құранда айтқандай, тәубе қылып, өз нәпсісін бұл харамдардан сақтаса, ол мақұлық бақытсыз кейпінен бақытты, қуанышты сүйкімді бозбала кейпіне еніп, егесін ақырет жаманшылығынан сақтап, құтқарады. Оны жаннаттың «хор, ғилманы» дейді. Міне, сонда күнәһардың қылуетке енуі тазаруға себеп болып, оның амалдары түзеліп, көркем амал қылушылардан болады. Ол жөнінде Алла Тағала: «Ақиқатында, Ұлық Алла көркем амал қылушылардың сауабын зая қылмайды және жоймайды» (9:120), «Ақиқатында, Ұлық Алланың рахметі көркем амал қылушыларға жақын» (7:52), «Кімде-кім Ұлық Раббысының дидарынан үміт етсе, ізгі амалдар қылсын» дейді.
Бірақ батин қылуеті, қылуетханаға кірер болса, көңілін ішпек, жемек секілді нафсани және шайтани нәрселерден тазартқай. Және үй-ішіне, әйеліне, жануарларына деген махабаттан және мансап, даңқтан көңілін түгел тазартқай. Және өз ықтиярымен сараңдық, тәкаппарлық, атаққұмарлық, басқа да жағымсыз қылықтарды көңіліне кіргізбесін. Нәби (ғ.с.) айтады: «Әйгілі, мәшһүр болу – апат, белгісіз болу, яғни ешкім сені білмесе – рахат» деп. Әркім қылуетте отырған соң, бұл жағымсыз қылықтарды көңіліне алса, қылуеті бұзылады. Жүрегі де, жүрегінде болған ізгі, көркем амалдары да зая болады. Жүрегі пайдадан, нәтижеден құр қалады. Сырт көзге жақсы, ізгі амалдар, қылықтар жасап жатқан сияқты болып көрінгенімен, бұлар – күнәһарлар. Нәби (ғ.с.) айтады: «Ашу иманды жояды, мысалы, сірке су әселді бүлдірген секілді». Сондай-ақ Нәби (ғ.с.): «Тәкаппарлық, менмендік иманды жояды» дейді. Және де Нәби (ғ.с.): «Ғайбат айту – зина жасаудан да ауыр күнә» дейді. Және Нәби (ғ.с.): «Ұйықтап жатқан фитнаны кім оятар болса, Алла Тағала оған лағынет айтады» дейді. Және Нәби (ғ.с.): «Сараң ғабид пен заһид жаннатқа кірмейді» дейді. Және Нәби (ғ.с.): «Рия – құпия ширк, яғни құпия серік қосу» дейді. Және Нәби (ғ.с.): «Өсекші жаннатқа кірмейді» дейді. Және мұнан да өзге жаман, жағымсыз мінез-құлыққа қатысты хадистер бар. Бұл қылықтардан өте сақ болу керек. Сопылықтан мақсат – қылуетпен, риязатпен, үндемеулікпен, зікірге байланумен, махаббатпен, тәубемен, көркем мінезбен, сеніммен, бұрынғы өткен ізгі сахабалар мен табиғиндардың, машайықтар мен көркем амал қылушы ғалымдардың ізімен жүрулікпен нәпсінің қалауларынан құтылып, жүректі тазарту. Егер момын қылуетте отырғанда тәубе қылып, оқып, үйреніп жатып осы айтылған шарттарды ұстанатын болса, Ұлық Алла амалдарын қабыл қылып, жүрегін нұрландырып, терілерін жұмсартып, тілі мен сыртқы және ішкі сезім мүшелерін тазартып, амалын өзінің хұзырына дейін көтереді. «Ұлық Алла Өзіне мақтау айтқан адамды естуші» дегендей, оның тілек, дұғаларын естиді, яғни Ұлық Алла оның дұға, тілектерін, Аллаға мақтау айтқанын, жалынып-жалбарынғандарын қабыл етіп, жақын құлдарынан қылып, дәреже береді. Ол жөнінде Алла Тағала: «Көркем сөздер мен ізгі амалдар Оның дәргейіне көтеріледі» (35:10) дейді. Көркем сөздің мұраты – Алланы зікір қылу және «бірлеу» үшін тілін бос сөздерден сақтау. Ол турасында Ұлық Алла: «Ақиқатында, Ұлық Алланы шын жүректен хазір деп біліп, намаз оқыған момындар құтылудың жолын табады, ондай момындар беталды, бос сөз сөйлемейді» (23:1-3) дейді. Ондай момындардың Ұлық Алла ілімі мен амалдын жақын рахметіне және дәрежелерін кешірімі мен ризашылығына көтереді. Қылует мәртебесіне жеткенде, ол адамның жүрегі теңіздей болады. Адамдардың ыза еткендігіне бұлданбайды. Ол жөнінде Нәби ғаләйһ ис-салам: «Теңіз бол! Сонда саған ешнәрсе әсер етпейді. Нафсани қылықтарың сол теңізге тұншығып өледі, мысалы, Перғауынның теңізге батып тұншығып өлгені секілді. Ол теңізді ешқандай да бүлдірген жоқ» дейді. Сөйтіп шариғаттың саламат кемесі сол теңізде жүзіп, қасиетті рухы теңіздің түбіне сүңгіп, хақиқаттың дүріне жетеді. Сөйтіп теңізден мағрифаттың маржандары мен меруерттерін алып шығады. Ақиқатында, бұл теңізге заһир және батин қылуетін ұстанған адам ғана қол жеткізеді. Содан кейін, жүректің бұзылуы, бүлінуі мүмкінсіз болып насух тәубеге қол жеткізіп, амалдары ізгі, пайдалы болады. Истиғфар және өкініш қылумен бәрі кешіріліп, ұмыт болады.
Алдыңғы ақпарат

МҮСІН, VІ-VІІІ ғғ.

Келесі ақпарат

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы құрылғылар орнатылды