• 21 Сентябрь 2024

МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ТАФСИР

 Әзірет Сұлтан Ұлттық музей қорында бірнеше тәпсір кітаптары бар.
Солардың бірі түркі тілінде жазылған КК 886 номерлі кітап. Өлшемі: 25х17 см. Кітапты өткізуші: Түркістан қаласының тұрғыны К.Керімбеков.
 Әр дәуірде діни кітаптар мен жазба мұраларды халық дұрыс түсінуі үшін ғалымдар кеңінен тарқатып, түсіндіруі керек болып отырған. Себебі мағынасы ауыр кітаптарды арнайы маман ғалымдар болмаса кез-келген адам түсіне алмайды.
 Сөзімізге арқау болып отырған кітап ол Алланың сөзі Құран кәрім. Адамзатқа тура жолды көрсететін діни кітапқа, яғни Құранға ерекше мән берген абзал. Олай дейтініміз Құранда көптеген аяттар кез келген адам түсінетіндей анық, ашық жазылмаған. Ал кейбір аяттар бірнеше мағынасы бар және әр ғасырға сай әртүрлі үкім алуға болатындай кең мағынада келген. Сол себептен осындай аяттардың астарындағы хикметі мен түпкі мәнін ашу үшін тәпсір ғылымына қажеттілік туындады. Мұндай тәпсірді арнайы маман ғалымдар жасайды.
 Жалпы айтқанда «тафсир» араб тіліндегі фасара етістігінен келген, аударғанда «мағынасын ашу», «баяндау». Ал терминдік мағынада: Алланың сөзін баяндаушы, Құран кәрімнің мағынасын түсіндіруші, дегенге келеді. Ислам дінінде — Құран кәрімнің мағыналарын түсіндіру, оның ішіндегі сенім, ғайып, хикметтер мен үкімдерге байланысты аяттарға түсініктеме беру деген мағынаны білдіреді. Тафсир пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у)-ға түсірілген Алла Тағаланың кітабын дұрыс түсінуге көмектесетін, оның мағынасын баяндап, одан үкімдер шығаратын ғылым. Құран кәрімді адамдардың түсіндіруін кейбір мұсылмандар артық деп есептейді, оның мағынасы анық және тәпсірге мұқтаж емес деген пікірлер білдірген.
 Мұсылман ғалымдары тәфсирлердің пайда болуының үш себебін атап көрсетеді:
1) Алла Тағаланың білімінің күші ол бір ауыз сөздің өзіне бірнеше мағына салып, көп адам біле бермейтін терең мағыналы қылуы мүмкін.
2) Алла бір нәрсе туралы айтып жатқан кезде оның себебі болған оқиғаларды немесе аяттан шығатын үкімді айтпауы мүмкін. Ал Құранды, сүннетті талдап осы себептер мен үкімдерді табу әркімнің қолынан келе бермейді. Тәпсіршінің
міндеті осы түсініксіздіктерді баяндау.
3) Мұнымен қатар, Құранда астарлы немесе көп мағыналы, түсінілуі қиын, аз кездесетін сөздер мен сөз тіркестері келуі мүмкін. Ал бұны түсіндіру үшін тіл білімі, соған қоса шариғат терминологияларын білу қажет.
 Бұған мысал ретінде Ади ибн Хатимның құрандағы «қара және ақ жіптер» туралы аят түскенде оны тікелей түсініп, таң уақыты мен түн уақыты екенін айтуға болады. Бұны Мұхаммед пайғамбардан (с.а.у) сұрағанда, ол бұл аяттардағы «қара және ақ жіп» дегеніміз таңның ағаруы мен түннің қараңғысы екенін түсіндіреді. Имам аз-Заркаши өз сөзінде: «Тәпсір-Мұхаммедке (с.а.у) Алла тарапынан түскен кітаптың мағынасын баяндаушы, түсіндіруші және үкім аяттарын ажыратып беруші», деп жауап берген. Құранды талдау, оған түсініктеме беру.
 Сахабалар заманында тәпсір арнайы қазіргідей ілім болып қалыптасқан емес еді. Олар құранды жаттап оның мағынасын терең түсінумен көп уақыттарын өткізетін. Жаттаған әрбір аятқа амал етуді әдетке айналдыратын. Білмегендерін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у)-нан сұрап, оны ардақты ұстаз тұтатын.
Ж.Майлыбаева, қор сақтаушы.
Алдыңғы ақпарат

Түркістан мектептері мен медреселері

Келесі ақпарат

ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ САҚТАЛУЫ БАСТЫ НАЗАРДА