• 27 Сентябрь 2024

МАҢЫЗДЫ :

nothing found

Түркістан мектептері мен медреселері

Ислам тараған елдерде мектептер Х ғасырдан бері белгілі, олардың дені медреселер жанында ашылған болатын. Атақты ғалым Ибн Сина балалар мектепте 6 жастан 14 жасқа дейін оқуы тиіс деп есептеген. Бұл мектептерде оқушылар  «қадими» (ескіше) методикасымен оқытылды. Бастауыш сыныптар деп есептелген бұл мектептерде балалар алғашқы төрт жылда арабша әліппе мен граматиканы, оқу мен жазуды үйренеді,  10 жастан соң Ислам, шариғат негіздері, діни рухани тәрбие мен логикалық ойлау жүйесін оқып-үйренді. 14 жаста мектеп бітірген балалардың үздік оқығандары медресеге түсетін.

XIX ғасырдың аяғынан бастап Қазақ даласына Қазан, Уфа қаласының медреселерін бітірген жас мұғалімдер көптеп келіп жаңа мектептер аша бастады. Бұлардың оқу методикасын «жәдиди» (жаңа тәсіл) деп атайтын, бұл бойынша жоғарыдағы пәндерге қоса ана тілі мен әдебиеті, тарих, орыс тілі, арифметика, логика және т.б. пәндер қосылып оқытылды. Ал, кейбір ерекше мектептерде оқу-жазуға қоса сөйлеу шеберлігі (риторика), поэзия, діни ілімді тереңдете оқу, медицина, геометрия негіздері, сауда мен іскерлік (бизнес), өнер де оқытылатын, осы пәндерден оқушылар өздері таңдау жасап, болашақ мамандығын да игеретін. Жәдиттер Қыздар мектептерін де көптеп ашты, оларда сабақты әйел мұғалімдер жүргізетін.

Қазан төңкерісіне дейін (1917 ж.) Орта Азия мен Қазақстан территориясында (Түркістан өлкесі деп аталған) 6600 мектеп болды, мұндағы оқушылар саны 70 мың еді, бұған қосымша жоғарғы оқу орны деп есептелетін 311 медресе жұмыс істеп олардағы студенттер саны 9000-ға жететін.

Ескі Түркістанда, 1912 жылғы дерек бойынша, 30 мектеп жұмыс істеді, бұлардың ішінен жәдидше оқытатын бір ғана мектеп болды. Жергілікті дін өкілдері мен оқу-ағарту ісіне қатысы бар адамдар «жәдидше» оқыту методикасына барынша қарсылық көрсетіп, түрлі өсек-аяңдар, қаңқу сөздер таратып отырды. Дегенмен, патша өкіметі «жәдидшені» «қадимшеге» қарағанда прогресшіл деп есептеп, қолдап, жан-жақты көмек беруі себепті мұндай бағыттағы мектептер біртіндеп көбейе берді. Әсіресе, үлкен қалалар мен Орталық, Шығыс (Жетісу) Қазақстан жерлерінде жәдидше мен бірге қыздар мектептері және орыс-түзем мектептері көптеп ашыла бастады.

Түркістандағы жәдидше оқытатын мектепті татар мұғалімі ашып, өзі сонда ұстаздық етті. Сонымен бірге, осы мектеп жанынан қыздар бөлімі де ашылып онда татар мұғалімінің әйелі сабақ берді, алайда оқушы қыздар саны 10-нан аспаған болатын. Бұған жоғарыдағы дін өкілдерінің қаладағы 41 мешітте жүргізген уағызы қатты әсер етті.
Түркістан сарттары да қыздарға арнап бір мектеп ашқан, ондағы оқушылар саны 30-40. Осы жерде бір қызық жайға көңіл аударайық, орыс деректерінде сарттар туралы былай дейді «Так называемое сартовское население г. Туркестане, по нашим наблюдениеми, мало отличается как по типу, так и по языку от соседнего киргизского (казахского) населения». Қазақтар «сарт» деп негізінен қала тұрғындарын, оның ішінде өзбектерді де атаған.
Ал, қалалық өзбектер бұған әжептеуір намыстанып қалатын, әлі күнге солай. Мұның себебі, өзбектер «сарт» деп қара жұмысқа ебі жоқ, тек ұсақ-түйек сауда-саттықпен айналысатын, қалаға әртүрлі себептермен қоныс аударып, тұрақтап қалған кірме адамдарды атаған. Олардың арасында бай-бақуат адамдар да болды, шын мәнінде «сарт» сөзінің мағынасы өте көп және ол жеке әңгіме болмақ.

Ал, олардың қазақтарға тілі жағынан да, түрі жағынан да жақын болуына келсек – Түркістан сарттарының дені кешегі қазақтар болатын. Ол заманда қатты суық жұттан, малдағы эпидемиялық аурулардан бүкіл бір ауыл таяқ ұстап қалып, жоқшылыққа ұшыраған кезде жетім балалар, жалғыз басты жігіттер қалаға келіп өзбек байларына, немесе жеке шебер-ұсталарға (көзешілер, қасаптар, металл өңдеушілер, саудагерлер, мейманхана-мәнзел ұстайтындар, т.б.) жалданып күндерін көрген. Бірте-бірте сол иелерінің қыздарына үйленіп, жеке шығып, түрлі кәсіппен айналысқан, олардың балалары да өзбек-қазақ тілдерін араластырып сөйлейтін. Осылайша әлеуметтік жаңа қауым пайда болған. Қалаға сауда саттықпен келген қазақ байлары мен қарапайым қазақтар осылардың үй-жайына (мүмкін болса өз руластарының) түсіп, қона жататын болған, саудагерлерге жем болмас үшін сауда-саттықта солардың жәрдеміне сүйенетін болған. Бұлар шын мәніндегі «сарт» емес, соларға кәсібі жағынан ұқсас жеке әлеуметтік топ болатын және олардың саны да көп емес, 1897 ж. санақта бар жоғы 15 адам ғана болған. Жоғарыдағы сарттар ашқан мектеп те қадимше оқытқан болуы мүмкін және оқушыларының көп болуы да осыны меңзейді.

Жалпы Қазақстандағы мектептер санына келсек 1898 жылдан 1914 жылға дейін, яғни бар-жоғы 16 жыл ішінде, 730-дан – 1988-ге дейін көбейген, бұған қатты әсер еткен Қазан мен Уфадан келген жас мұғалімдердің (олардың арасында татар, башқұрт, қазақ т.б. ұлт өкілдері көп болды) мектептерді қалаларда ғана емес ауылдарда да көптеп ашуы болды, осылайша мектептер саны аз уақытта 150 пайыздан артық көбейіп, оқу сапасы да жоғары көрсеткішке жетті. Ауыл мектептеріндегі негізгі пәндер Ислам діні негіздері, араб тілі мен ана тілі (араб алфавиті негізінде) болды. Осы тұста арабша, парысша ауыз әдебиеті үлгілері, қисса-дастандар (Мың бір түн, Шахнаме, Ләйлі- Мәжнүн т.б.) және қазақ ауыз әдебиетінің байлығы – Алпамыс, Қобыланды, Ер Төстік, Едіге, Қырымның 40 батыры, ертегілер, мақал-мәтелдер көптеп басылып шыға бастады. Оларды қала ғана емес ауыл тұрғындары да жоғарыдағы мектеп оқушыларына оқытып, тыңдау дәстүрге айналды. Сауат ашудың көп пайдасы бар екендігін қара халық XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ түсініп, балаларын орыс-түзем мектеріне де бере бастады, алғашқыда Ресей өкіметінің жергілікті болыстар, старшындар, аға сұлтандарға балаларын орысша оқытуды талап етуі бұған көп әсер етті.

Ауқатты адамдар мен болыстар балалары «шоқынды болып кетеді» деп қауіптеніп, өз балаларының орнына ауылдастарының арасынан, ауыл мектебінен сауат ашқан туыстарының (көбіне кедей-кембағалдар) балаларын жіберіп отырды, олардың ішінен көптеген қайраткерлер шыққаны бүгінде бәрімізге аян.

Ал,  енді мектептерден көрі білімді жоғары, тереңірек және жан-жақты беретін медреселерге келсек, Түркістанда олардың саны екеу ғана болған. Бұлардан басқа таза діни бағыттағы, бүкіл Қазақстан мешіттеріне қарилар дайындайтын Жәудір ана мешіті жанындағы медресе болды. Мұнда Бұхарадан, Самарқаннан т.б. қалалардан келген аса білімді ұстаздар сабақ берді. Бұл медреселердің филиалы болып Қарнақтағы медреселер есептелді, олардың саны төртке жетті және оларда оқитын қазақ студенттердің саны XIX ғ. басында 200-ден асып жығылды. Осындағы ең үлкен медреседе  XVIII ғ. Бұхар жырау да сабақ берді, қазақ зиялылары осында білім алып, соңынан Қазақстан тарихына енген тұлғаларға айналды.

Түркістандағы медресенің алғашқысын XVIII ғ. аяғында Ишан Құл ашқан болатын, онда негізінен 30-50 оқушы тұрақты оқыды. Екінші медресе шамамен 1880-ші жылдары Түркістанның сарты Ахмед байдың қаржысына ашылды, мұндағы оқушылар саны 50-60 еді және олар негізінен қазақтар мен сарттардың балалары болатын.

Орыс-түзем мектебінде 1911 жылы бар жоғы 11 оқушы болды, дегенмен 1910-1911 жж. оқу жылында қаладағы медреселердің біраз студенттері орыс тілін оқып үйрену үшін осы мектепке келіп тұрған. Алайда, медреселердегі мүдаристер (мұғалімдер) мен ишандардың тиым салуына байланысты бұл үрдіс тоқтап қалған.

1912 ж. Орыс-түзем мектебіне тәжірибелі мұғалімнің тағайындалуына байланысты оқушылар саны да күрт асқан. Бұл мектеп құрылысы орнында қазіргі күні Саттар Ерубаев музейі орналасқан, бір қызығы, бұл мектепте XX ғ. басында Саттар Ерубаев та, қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов та білім алған.
Жоғарыда Қазан төңкерісіне дейін Орта Азия мен Қазақстандағы 660 мектепте 70 мың оқушы болды дегенбіз, орташа есепке жүгінсек әр мектепте 94 оқушыдан болған, ал, 311 медресенің 9000 студенті болды десек, орташа әр медреседе 28-30 бозбала оқыған болып шығады.

Қазақстанда 1914 ж. дерек бойынша 1988 мектеп болса, жоғарыдағы орташа көрсеткішке жүгінсек, бұл мектептерде шамамен, осы жылы 186 мың 872 оқушы білім алған. Бұл көрсеткіш кейбір шовинистердің «Қазақтар мүлдем сауатсыз, қараңғы, көшпелі ел болған» деген байбаламын жоққа шығаратыны анық.

Енді Түркістандағы Ресей тарапынан ашылған оқу-ағарту мекемелеріне көз жүгіртейік. 1873 ж. шілде айында священник Александр Тихомиров халық мектебін ашады, 1879 ж. бұл мектеп екі сыныптық Қалалық училище болып қайта құрылады. Мұнда қазақ балалары үшін жатақхана ұйымдастырылып 20 оқушы қабылданады. Ал, 1884 ж. бастап бұл училищеде ересек қазақтар үшін кешкі курстар ашылады, алайда оқушылар саны аз болуы себепті 1886 жылы жабылып қалады. 1887 ж. бастап училище жанынан түстен кейін оқытатын қыздар сыныбы да ашылды және ол 1890 ж. дейін жұмыс істеді. 1887 ж. училище жанынан қол өнер сыныптары ашылып онда етік тігу шеберлері дайындалды. Ал, 1905 ж. бастап қол еңбегі сыныптары жұмыс істейтін болды. 1910 ж. училищедегі оқушылар саны 82 болды, олардың 49 орыс, 23 қазақ, 4 сарт, 1 татар, 5-і еврей балалары еді. Бұл училищеде де, Мұнан басқа Ресей өкіметі тарапынан ашылған оқу орындарында да православиялық діни пәндер мүлдем  оқытылған жоқ (Добромыслов, 1912, 31).

Тағы бір екі сыныптық орыс-түзем училищесі 1888 ж. ашылды, алайда, ол тұста бір сыныптық болатын, 1911 ж. бастап екі сыныптық училищеге айналды. Училище патша тұсында салынған үйде орналасқан, бұл жайда 1887 ж. дейін қалалық қазына мекемесі (казначейство) оналасқан-ды. Оқушыларының саны 65-ке дейін жеткен, училище жанынан ересектер үшін кешкі курстар ашылған. Ондағы оқушылар саны көп жыл бойы 30-дан аспаған еді, соңғы жылдары (1912 ж.) 60-қа дейін өсті.

Келесі бір қыздар училищесі шіркеу жанынан 1890 ж. ашылды. Бір сыныптық училище қалалық ескі құрылысқа орналасты. Оқушылар саны көп болмайтын, ең көбі 26 болатын, 1911 ж. олардың қатарына 8 еврей қызы қосылды. Негізінен православия заңдары, славяндық шіркеулік оқулар мен діни әндер салу, аздап орыс тілі мен арифметика пәндері оқытылды.
1903-1905 жж. бастап Түркістан станциясы жанынан ұлдар мен қыздарға арналған Темір жол училищесі ашылып жұмыс істей бастада. Мұнда 1910 ж. оқушылар саны 229-ға жетті, олардың 200-і орыс, 1-і татар, болды.

1870 ж. ортасынан бері Еврей кварталында ұйымдастырған мектеп-хедер жұмыс істей бастады, онда тек еврей балалары (Бұхаралық, Ресейлік еврейлер) ғана оқитын. 1910 ж. санақ бойынша Түркістанда 800 еврей тұрғын болған. 1911 ж. олардың 35 жанұясы басқа жерлерге күшпен көшіріліп 561 еврей ғана қалған, олардың 12 Ресей еврейлері, қалғандары Бұхаралықтар болды. Ең қызықтысы мұсылман мектептері Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи заманынан бері (XII ғ.) жұмыс істеп келе жатқан болуы мүмкін дейді А. И. Добромыслов өзінің «Города Сыр- Дарьвинской боласти, Чимкент, Туркестан, Ташкент. 1912 ж.» атты еңбегінде.

М.Тұяқбаев, т.ғ.к, тарихшы, археолог.
А.Үркінбаева, ғылыми қызметкер.

Алдыңғы ақпарат

ИНСПЕКТОРЛАР ЖҮСІП АТА КЕСЕНЕСІНЕ БАҚЫЛАУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ

Келесі ақпарат

ТАФСИР