• 26 Қыркүйек 2020

Түрікменстанның Спорт және жастар саясаты министрімен онлайн-кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков Түрікменстанның Спорт және жастар саясаты министрі  Даянч  Гулгельдыевпен онлайн кездесу өткізді. Сәкен Жүнісбекұлы ҚР Ұлттық құрамасының жаңа режимдегі дайындығы туралы айтты.

«Бүгінгі таңда ұлттық құрама командалары, карантин шараларын сақтау мақсатында үйлерінде отыр. Спортшылар физикалық дайындығын сақтау үшін, спорттық режимді бір қалыпта ұстап келеді. Сонымен қатар, командалардың дәрігерлері күн сайын спортшылар денсаулығын тексеріп тұрады. Ұлттық құрама командаларының жаттығу жоспары елдегі жағдай бір қалыпқа түсіп, Халықаралық Федерациялармен лицензиялық жарыстардың мерзімін анықтағаннан кейін түзетіледі»,-деді Сәкен Жүнісбекұлы.

Өз кезегінде, Даянч Гулгельдыев бүгінде спорт түрлері бойынша Түрікменстанның Ұлттық құрамасы  Олимпиада ойындарына қарқынды дайындалып жатқанын жеткізді.

«Біздің спортшылар өз базаларында Олимпиада ойындарына дайындалып жатыр. Бізде барлығы жоспардағыдай іске асып келеді. Олимпиададан бөлек, бізде бұқаралық іс-шаралар да жоспарланған. Мәселен, 3-ші маусымда елімізде, сонымен қатар, бүкіл әлемде велосипед күні аталып өтіледі. Осыған орай, жалпы велосипед шеруі мен басқа да спорттық шаралар өткізу көзделген. Оған 20 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлануда»,-деді Даянч Гулгельдыев.

Айта кетейік, бүгінде Түркіменстанда коронавирустық инфекция жұғуының бірде бір жағдайы тіркелмеген.

Бұдан басқа, Сәкен Мұсайбеков Олимпиада циклының 4 жылдан 3 жылға қысқаруына тоқталып өтті.

«Әлемдік коронавирустық пандемия мен Олимпиада ойындарының 2021 жылға ауыстырылуына байланысты, үйреншікті цикл 3 жылға дейін қысқарып отыр. Әрине, бұл Олимпиада резервінің ойындарға стратегиялық дайындығын өзгертетіні рас. Дегенмен, спортшылар спорттық шеберліктерін арттыруларын жалғастырады. Мұндай өзгерістер әлемдік спорт қоғамдастығына әсер етеді»,-деді вице-министр Сәкен Жүнісбекұлы.  

Сондай-ақ, Сәкен Мұсайбеков келесі жылға жоспарланған Орта-Азия ойындарын өткізу мәселесін Орта – Азия елдеріндегі өзге де әріптестермен келісіп шешу қажет деді.

Карантин аяқталып, пандемия жағдайы оңалғаннан кейін, тараптар бұрынғы оффлайн форматта кездесіп, басқа да мәселелерді талқылауға уағдаласты.

Біздің анықтама:

Орта-Азия ойындары – Орта Азия республикалары спортшылары арасында әр екі жыл сайын 2005 жылға дейін өткізіліп келген спорттық жарыс. Елімізде аталған ойындар 1997 жылы өткізілген. Ол кезде Орта Азия республикалары спортшыларын Алматы қаласы қабылдаған болатын.

Алдыңғы ақпарат

Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті

Келесі ақпарат

«Саңлақ Сүгір» атты онлайн-кездесу өтті (видео)