• 27 Сентябрь 2024

МАҢЫЗДЫ :

nothing found

“ҚҰТ ДАРЫҒАН ТАЙҚАЗАН”

«Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы қасиетті Тайқазанның тарихи орнына оралғанына 35 жыл толуына орай, Түркістан облысы, Сауран ауданының жалпы білім беретін мектептерінде «Құт дарыған Тайқазан» атты көшпелі көрме ұйымдастырды. Атап айтқанда, көшпелі көрме Молда Мұса және Әшірбек Сығай атындағы жалпы білім беретін орта мектептерде өткізіліп, мектеп ұжымы мен оқушыларының зор қызығушылығын тудырды.
«Құт дарыған Тайқазан» көрмесінің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылды. Олардың қатарында Тайқазанды қайтару туралы архивтік тарихи құжаттар, Тайқазанның макеттері, орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер, 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағаттық суреті, Эрмитаж музейінің экспозициясына қойылған бірегей фотосы және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқазанды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлғалардың фотосуреттері бар.
Көрменің мақсаты — ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас жеткіншектерге тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын ояту.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған ортағасырлық аса құнды жәдігер — қасиетті Тайқазан 1399 жылы Түркістаннан 25 шақырым жерде, Қарнақ елді мекеніндегі ұстаханада құйылған. Алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын, мырыш, қалайы сынды жеті түрлі металдың қосындысынан құйылған Тайқазанды Тұранның билеушісі Әмір Темірдің бұйрығымен ұста Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи жасаған.
Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықаралық конференциясына үш айға жіберілгенімен, 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегі күні тарихи отанына қайта оралған.
Көрмеде Тайқазанның тарихи мекеніне оралуына мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қосқан үлкен үлесі де тарихи құжаттармен нақтыланып, көрсетілді.
Т.Оразов, ғылыми қызметкер.
Алдыңғы ақпарат

МУЗЕЙ ЖӘДІГЕРІНЕ АЙНАЛҒАН «АСПАЛЫ ШЫРАҒДАН»

Келесі ақпарат

«Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» көшпелі көрмесі Қостанайда