• 27 Сентябрь 2024

МАҢЫЗДЫ :

nothing found

«Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» көшпелі көрмесі Қостанайда

2024 жылғы 18 қыркүйекте Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауи және шежірелі Түркістан» көшпелі көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Аталған шараға Қостанай облыстық Мәдениет Басқармасы басшысының орынбасары Әбдрахманов Мелс Бейбітұлы, Облыстық Дін Істері Басқармасының басшысы Қалмақов Ерлан Болатұлы, ф.ғ.к., Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың, Алаш халықаралық сыйлығының лауреаты, Қостанай облысының құрметті азаматы Серікбай Оспанов, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің оқытушылары: тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Исмаилов Серікжан Сағындықұлы, тарих ғылымдарының магистрі Ақмарал Ерікқызы Ералина, тарих ғылымының кандидаты Шалғынбеков Айбек Батырханұлы, сондай-ақ жергілікті музей басшылары мен зиялы қауым өкілдері, қала жастары қатысты.
Көрмеге “Әзірет Сұлтан” музей-қорығы қорында сақталған жүзден астам жәдігерлер қойылды. Олардың қатарында көне Түркістан шаһарынан табылған археологиялық қазба жәдігерлер, нумизматикалық материалдар және Қ.А.Ясауидің “Диуани хикмет”, “Мират уль қулуб”, “Пақырнама” секілді таңдамалы шығармалары мен данышпан бабамыздың ақиқатты жырлап өткен ізбасар шәкірттерінің құнды қолжазба еңбектері көрермен назарына ұсынылды.
Көрменің ашылуында алғаш болып сөз алған Қостанай облыстық Мәдениет Басқармасы басшысының орынбасары Мелс Бейбітұлы “Әзірет Сұлтан” Ұлттық музей-қорығы басшылығына шексіз ризашылығын білдіре отырып, музей-қорық директоры Мәулен Жарылқасынұлына арнайы алғыс хатын жолдады. Сондай-ақ, көрмені ұйымдастыруға атсалысқан музей-қорық қызметкерлеріне бағалы кітаптар тарту етіп, ұжымның алдағы жұмысына табыс тіледі. Одан кейін “Әзірет Сұлтан” музей-қорығының көрме ұйымдастырушысы Қуаныш Ысқақ көрменің мақсаты мен маңыздылығына тоқталып, облыстық Мәдениет Басқармасы басшысының орынбасары Мелс Бейбітұлы мен Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Елмира Ергешқызына музей-қорықтың баспа өнімдерін сыйға тартты.
Көрме экскурсиясын Данияр Сәдуақасов жүргізіп, көне Түркістанның терең тарихымыздағы орны мен Ясауи шығармаларының құндылығына айрықша тоқталды.
Құт пен кие қонған қасиетті қала — Түркістаннан сонау солтүстік өңірге арнайы барған көрмені Қостанай жұртшылығының көнекөз қариялары — ақсақалды аталар мен ақ самайлы әжелер, апалар ерекше шаттанып, ыстық ықыласпен тамашалады.
Аталған көрме Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында 18 қыркүйектен 30 қыркүйекке дейін қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет ететін болады.
Алдыңғы ақпарат

“ҚҰТ ДАРЫҒАН ТАЙҚАЗАН”

Келесі ақпарат

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНЫҢ ЖАҢА ЖОБАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ