МАҢЫЗДЫ :

nothing found

МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ ХҰМДАР

Хұм — негізінен бидай тұқымдас астық түрлерін, сондай-ақ, сұйық заттар: түрлі майлар, су т.б. сақтауға арналған ыдыс. «Хұм» атауы ескі иран тілінен шыққан, «үлкен саз ыдыс» дегенді білдіреді. Біздің дәуірімізге дейінгі 1 мыңжылдықтың 1 жартысынан бастап Орта Азия халқының өмірінде кең таралған. Хұмдар көбінесе баяу айналатын көзешінің айналмалы құралында жасалады. Олар әдетте екі немесе үш бөлікке бөлініп жасалып, содан кейін осы бөліктер білінбейтіндей етіп біріктірілетін болған. Осылайша олар кептіріліп, соңында арнайы әлсіз отта күйдіріледі. Хұм мен хұмшаларды жасау барысында арнайы астықты сақтауға арналған хұмдардың түбіне дөңгелек тесіктер қалдыратын болған. Бұл ауа айналымын жақсартып, дәннің ылғалдануына және көгеруіне жол бермеуіне арналған .
Музей қорында үлкен хұмдар мен хұмшалардың 50 ге жуық түрі бар. Олар көлемдеріне қарай, яғни 90см. ден төмен ыдыстар «хұмша», ал одан биіктерін «хұм» деп атаған. Сондай-ақ, олар ерте ортағасырлық, кейінгі ортағасырлық хұмдар мен хұмшалар деп те бөлінеді. Ерте ортағасырлық (V-ХІІ ғғ.) хұмдар өзінің биіктігімен және бүйірінің кеңдігімен ерекшеленеді. Оларға Сидақ ата қазбасынан табылған хұмдар жатады. Сидақ ата қазбасынан табылған хұмдардың формалары да, сыйымдылығы да әр түрлі болып келеді, биіктігі 90 см мен 120 см, ал бүйір диаметрлері 60 см мен 94 см аралығында ауытқып отырады.
Ал, кейінгі орта ғасыр хұмдары (ХV-ХVІІІ ғғ.) олардан әлдеқайда төмен және көлемі де кішірек болуымен ерекшеленеді. Бұл кездегі хұмшалардың көбінің екі жақты саптары бар және биік болмаса да мойыны бар, сабы жоқтарында мойын да болмайды. Ерте ортағасырлардан бастап кейінгілеріне дейін сырттары ашық түсті ангобпен сыланып, қара, қоңыр, қызыл түсті ангобтарды иығынан төмен қарай түрлі жосықтар арқылы ағызып сәндеген, кейінгі ортағасырларда спираль тәрізді шеңберлер түсірілгендері де кездеседі. Астықты, ұнды, майды сақтауға арналған хұмдардың бетіндегі мұндай сорғалаған тамшының іздері –тоқшылықтың, береке-байлықтың, ақпа-төкпе мол дәулеттің, пейілдің белгісін көрсетуге әдейі жасалғандай. Ал айқұш–ұйқыш ирек сызықтар және басқа да белгілер бір жағынан шебердің өз таңбасы жеке адам мүлкі екенін көрсететін болса, екінші жағынан, олар ыдыс ішіндегі затты бұзылуынан сақтайтын ырымы ретінде «көз тимеу үшін» жасалған. Хұмдардың сырты ашық қызғыш, қабырғалары тығыз да жұқарақ және сапалы ангобпен сыланып, кей біріне үшкір құралмен дөңгелек немесе иректелген сызықтар, свастика мен әр түрлі мөр таңба тәрізді бір ұғымды білдіруге арналып жасалған белгілер түсірілген.
Музей қорындағы хұмдар мен хұмшалар — археологиялық қазбадан табылған жәдігер ғана емес, халқымыздың тарихи тыныс-тіршілігін, шаруашылығын, тұрмысын айқындайтын құнды дүниелер болып саналады.
Ә.Егеубаева, қор бөлімінің қызметкері
Алдыңғы ақпарат

МИХРАБТАҒЫ ЖАЗУЛАР

Келесі ақпарат

ҚЫЛУЕТ МАКЕТІ — ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР