Мұрағаттан Түркістан тарихына қатысты тың мәліметтер табылды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері мен тарихшы, ғалымдар  Алматы қаласына ғылыми іссапармен барды.

Екі бағыттағы ғылыми жоба аясында ұйымдастырылған сапарда ҚР Ұлттық кітапханасы мен ҚР ғылым академиясы «Ғылым ордасы» кітапханасының сирек кітаптар қорында және диссертациялық залында, «Ғылым Ордасы» архивінде, «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің ведмоствалық архивінде зерттеу жұмыстарын жасады.

Кітапханалар мен мұрағаттар қорындағы тарихи деректер мен еңбектерге, құжаттарға зерттеу жүргізген мамандар Түркістан қаласының тарихына қатысты соңғы жылдары қорғалған диссертациялардың көшірмелері мен Түркістан қаласындағы тарихи ескерткіштерге түрлі жылдары жүргізілген реставрациялық жұмыстардың құжаттарын, Түркістан Республикасына қатысты материалдар, патшалық кезеңдегі Географиялық қоғам мүшелерінің Түркістан жайлы жазбалары, жерасты қылуеттеріне қатысты тың деректер жинақтады.

Айта кетсек, биыл «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ғылыми жобалар конкурсынан «ХІХ ғасырдың ортасы – ХХІ ғасыр басындағы Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени тарихын кешенді зерттеу» және «Қазақстанның рухани жер асты мешіттерінің тарихы және «Қылует жерасты мешітін» музейлендіру» атты жобамен грантқа ие болды. Аталған мәселелер аясында толыққанды зерттеулер жүргізіліп, ғылыми кітаптар мен еңбектер жарыққа шығады.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Алдыңғы ақпарат

Далаиль Хайрият

Келесі ақпарат

Оқушылар тарихи жәдігерлер әлеміне саяхаттады