ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қолдауымен қорық-музейдегі экскурсия, қор сақтау және реставрация қызметкерлері халықаралық деңгейде тәжірибесі бар кәсіби мамандардан тәлім алып, тәжірибесін шыңдау үшін еліміздегі және шетелдегі оқу орындарына жіберілетіні туралы хабарлаған болатынбыз.
Осы мақсатта «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсоводтары Қ.Нұрахметова мен С.Ералиева Түркия Республикасы Анталия қаласында орналасқан Халықаралық туризм академиясының бір апталық оқу курсына жіберілді.
Оқу базасы және туризм саласындағы білікті қызметкерлерді даярлау бойынша Орта Азияда алдыңғы қатарлы орынға ие Анталия Халықаралық туризм академиясынан білім алған шәкірттер әлемнің түкпір-түкпірінде жоғары сұранысқа ие. Анталия Халықаралық туризм академиясы мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің екіжақты келесімі нәтижесінде Түркістаннан барған қызметкерлер апта бойы жан-жақты дәрістерге қатысып, білікті мамандармен жұмыс жүргізді.
-«Анталияда біліктілікті арттыру курсынан көптеген тәжірибе жинадық. Академия халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлайтын болғандықтан дәріс ағылшын тілінде жүрді. Экскурсовод ретінде келген қонақтармен және шетелдік туристермен жылы қарым-қатынас орнатудан бастап, экскурсия барысында орындалуы тиіс талаптар, біліктілік, этика, ақпараттандыру сынды жан-жақты мәселелер теориялық және практикалық деңгейде оқытылды. Сонымен қатар, өзге елдердегі экскурсовод мамандармен де сұқбаттасып,пікір алмастық. Бұл білім сапары бірнеше жылдық тәжірибемізге жаңаша серпін берері сөзсіз»,-дейді Салтанат Ералиева.
Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіндегі экскурсия бөлімінің мамандары қазақ, орыс, ағылшын, түрік, араб тілдерінде қызмет атқаруда. Алдағы уақытта, шетелдік туристермен жұмыс жүргізетін басқа да экскурсоводтар шетелдік оқу базасында тағылымдамадан өтетін болады.