• 27 Сентябрь 2024

МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ҚАЗАН ТЕКТЕС ЫДЫС

Қазақстан аумағында балшықтан жасалған алғашқы бұйымдар неолит дәуірінде пайда болып, қарапайым ою салынған ыдыстарды отқа салып күйдіру кеңінен тараған. Ал, қола дәуірінде бір қалыппен қарабайыр болып жасалған қыш ыдыстардың түрлері өзгеріп, оюлары күрделеніп, әдемілене бастаған.
Музей қорында сол қола дәуірі ескерткіштері Шербай, Шпан қорымдарынан табылған қыштан жасалған құмыралар, саптыаяқтар мен қазан тектес ыдыстардың бірнеше түрлері бар. Солардың бірі б.з.д ХV-ХІІғғ. жататын «ӘСММ КК 3660» қазан тектес ыдыс, өлшемі бойынша Һ-22,5 см, d-12,2см-ге тең болып келген. Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 10 км жерде орналасқан, Шпан деп аталатын елді мекен маңындағы көне қорымның 3-ші барлау қазбасының 8 м тереңдігінен табылған. Ыдыс жерленген мүрденің бас жағынан табылған, ғалымдардың пікірінше ыдысқа сұйық зат, тамақ немесе су құйылған болуы мүмкін екендігін айтады.
Ыдыс қазан тектес болып жасалып, жіңішке диск тектес түпке орналастырылған. Түп жағы конус тәрізді жоғары қарай кеңейе келіп сопақша түрде дөңгеленген иыққа айналып, аузы кең болып, жоғары қарай аздап ұлғайған. Ауыз жиегі сыртқа қарай шамалы қайырылған, жарма көрінісінде сопақша болып келген. Мойны әр түрлі көлемдегі үшбұрыштардың бір қалыпты тізбегімен екі қатар етіліп сәнделген. Олардың іші солдан оңға қарай түсірілген түзу сызықтармен толтырылған. Үшбұрыш ұштары солға қаратылып шахмат тақтасы сияқты түсірілген. Түбінен иығына дейінгі өтпелі аралық көлденеңінен орналасқан «меандр» тектес өрнекпен сәнделген. «Меандр» аталуы Кіші Азиядағы «Меандр» өзенімен байланысты. Меандр геометриялық өрнек негізінен иректелген қисық, сынық және түзу сызықтарды құрайды. Мұндай өрнектер Ежелгі Грек өнерінде кеңінен қолданылған.
Шпан қорымынан табылған бұл ыдыс формасы жағынан және сыртындағы ою-өрнектерінің жасалу жағынан Е.А.Кузьминаның жасаған кестесіндегі Қожамберді тобына жататындығы белгілі болды. Е.А.Кузьмина Қожамберді тобы Алакөл және Феодоров топтарының араласу нәтижесінде пайда болған деген пікір айтады.
Алдыңғы ақпарат

ЕРЕКШЕ ҮЛГІДЕГІ АЛТЫН СЫРҒАЛАР

Келесі ақпарат

ШАШТӨБЕ (АҚТӨБЕ) ҚАЛАСЫ