Жәнібек Есімұлы – XVII ғасырда өмір сүрген қазақ ханы. Ол қазақ хандарының Жәдік әулетінен тарайды. Есім ханның үлкен ұлы. Тарихи деректерде балалары туралы мәлімет жоқ. «Бахр ал-асрар» атты шығыс дерегінде 1611 жылы Есім хан Орта Азияның бір бөлігін басып алғанда Жәнібек сұлтанды Мәуреннахрдағы алты иеліктің бірінің бас қаласы болып табылатын Сагарджа шаһарына әкім етіп тағайындаған. Оның Қазақ ордасының ханы болып билік жүргізуді бастаған жылы туралы нақты деректер жоқ. Дегенмен, XVII ғасырдың 30 жылдарында ағасы Абылай сұлтан қайтыс болғаннан кейін таққа отырды деп болжам жасауға болады. Қазақстан тарихын зерттеуші ғалым И.В. Ерофеева Жәнібек ханның өмір сүрген кезеңіне сәйкес келетін орыс тілді құжаттар бойынша, оның «Қазақ ордасының» билеушісі, яғни «царь» титулы болғандығына айрықша назар аударады. Бұл Жәнібек ханның XVII ғасырдың 30–40 жылдарында Қазақ хандығының билеушісі болғандығын дәлелдейді. Тарихи деректерде Жәнібек хан Қазақ хандығына үлкен қауіп төндіріп тұрған ойраттармен көп соғысқан. Сондай-ақ, ол ойраттармен болған ірі шайқастардың бірінде қаза тапты деген пайымдаулар келтірілген (Султанов, 2001: 222). Жәнібек хан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген тарихи тұлғалар тізіміне енгізілген.