Мемлекет Басшысының 2018 жылғы 12 маусымдағы № 699 қаулысына сәйкес, шілде айының алғашқы жексенбісі елімізде Ұлттық домбыра күні болып бекітілген болатын. Аталмыш мереке күніне орай «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Ертөстік» бөбекжай-балабақшасымен бірлесіп «Домбыра –халқымыздың мұрасы» тақырыбында мәдени-көпшілік шарасын ұйымдастырды. Музей-қорықтың кіші ғылыми қызметкері Ұ.Жүнісбаев домбыраның шығу тарихына байланысты танымдық дәріс өткізді. Шараға 50-ге жуық тәрбиешілер мен балалар қатысты. Түркістан өнер мектебінің оқушысы Серікқали Мейірлан «Ақбұлақ», «Әгугәй» әндерін нақышына келтіріп орындап, көпшілікті желпіндіріп тастаса, «Ертөстік» бөбекжай-балабақшасының мың бұралған бүлдіршіндерінен құралған бишілері «Домбыра» биін биледі.
Шарада өнер көрсеткен бүлдіршіндерге музейдің балаларға арнап шығарған баспа өнімдері табыс етілді. Бүлдіршіндерді сайысқа дайындаған «Ертөстік» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі мен тәрбиешілеріне музей-қорық директорының арнайы алғыс хаты табысталды.
Шара соңында сөз алған «Ертөстік» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Ж.Қожабаева шараны бірлесіп ұйымдастыруға мұрындық болған «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының басшылығына және ұйымдастырушыларына риясыз алғысын білдіріп, алдағы уақытта да музей-қорықпен бірлесіп, мерекелік даталарға байланысты мәдени-көпшілік шараларды өткізуді жолға қою қажеттігін атап өтті.
Б.Байбол, бөлім басшысы.