МАҢЫЗДЫ :

nothing found

ЫСҚАҚ АТА ҚАЗЫҒҰРТИ

Ысмайыл ата ұлы Ысқақ ата Қазығұрти әт-Түркістани. Кейбір деректерде «Ысқақ қожа», «Қожа Ысқақ» деп те келеді. ХІІІ-ХІV ғ.ғ. өмір сүрген Ясауи жолының ең көрнекті өкілі. Сайрам мен Шаштың, Ташкенттің арасын жалғаған Ұлы жібек жолының бойындағы ертеректе Харзиян, кейіннен Тұрбат аталып кеткен Қазығұрттың күнгейіндегі елді мекенде дүниеге келген. Бағзы деректерде Сайрам мен Ташкенттің арасындағы бұл мекенді Исфиджап деп те көрсеткен.
Ысхақ атаның әкесі – Ысмайыл ата Қазығұрти өз уақытында сансыз бабы бар Исфиджаб (Сайрам) өңірі мен қасиетті Қазығұрттан сонау Қорасан мен Мауреннаһрға дейінгі түркі халықтарына керемет қасиеттерімен мәшһүр, төрт тараптағы мұсылман жұртына атақ даңқы жеткен ұлы әулиелердің бірі болған. Ұлы әулие, ізгі ұрпақтардан болатындығы атасы Ыбырайым ата мен атасының ұстазы Сүзүк атаға (Сүксүк ата, Сексек ата, Сөксөк ата) дүниеге тумай тұрып аян болған. Айтулы кереметтерінің бірі – емшектегі нәресте кезінде, рамазан айында ораза тұтып, күн батқанша анасының сүтін ембегені бірнеше еңбектерде ерекше еске алынады. Сондай-ақ Ысмайыл ата дүниеге келгенде, оны хазіреті Ұзын ата омырауына салып тұрып, елдегі осыншама құт-берекенің қолындағы сәби –Ысмайыл атаның шарапатынан болып жатқанын айтты деген деректер бар. Ысмайыл ата ХІІ ғасырдың соңында туылып, 120 жыл ғұмыр кешіп, ХIV ғасырдың басында дүниеден өткен.
Осындай ұлы тұлғаның перзенті Ысқақ ата өзінің рухани силсиласы, яғни рухани тізбегінің Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауиға барып жалғанатыны жөнінде қолжазба еңбегінде мынадай деректер келтірілгені айтылады: «Мен Қазғұрттық атам Ысмайыл ата арқылы тариқатқа кірдім. Ол өзінің атасы Ыбырайым ата арқылы, Ыбырайым ата Қожа Ахмет Ясауидің Сопы Мұхаммед Данышпан атты халпесінің (орынбасарының) шәкірті Сүзүк ата арқылы тариқатқа кірді».
VIII ғасырдың екінші жартысында Арабстаннан Түркістанға «ислам ашып» келген Әзірет Әліден тарайтын үш ағайындының кішісі Әбдіжәліл бабтың он үш, он төртінші атадағы ұрпақтары Ысмайыл ата Ыбрайым ата ұлы мен Ысхақ ата Ысмайыл ата ұлы XIII-ХІV ғасырларда Қазығұрт өңірінде өмір сүрген. Қожа Ахмет Ясауидың діни ілімін жалғастырып, халықты ізгілікке, дінге, иманға бағыттап, соңынан ертіп, Тұрбаттың атын шығарып, рухани орталықтардың біріне айналдырып, даңқын асырды. Ата ілімін жалғастырған оның ұрпақтары діни ілімнің атадан балаға өтетін туыстық тізбегін құрып, Ясауи силсиласын өте ықпалды силсилаға айналдырды. Дүниеге ислам дінін таратуда аса белсенділік танытып, бірнеше ғасыр бойы Мәуренахр мен Түркістанда, Қорасан мен Үндістанда халықты соңынан ертті.
Заманында төрткүл дүниені билеген Мәуеренахр сайыпқыраны Әмір Темір Ысмайыл ата мен Ысхақ атаны пір ретінде мойындап, құрмет көрсетіп, Тұрбатта бір емес, үш архитектуралық кешен салды. Бірінші, Ысмайыл ата кешені. Онда: Ысмайыл ата, Жебірейіл ата, Қошқар ата кесенелері бар.
Екінші, Ысмайыл атаның үлкен ұлы Ысқақ ата кешені. Онда Ысқақ ата кесенесі бар, басқа құрылыстар бұзылған. Ысмайыл ата кешенінен оңтүстікте, екі шақырым жерде.
Үшінші, Ысмайыл атаның тоғызыншы ұлы Қажы ата, оның ұлы Молда қожа кесенесі, біздің заманымызға жетпей бұзылған. Ысмайыл ата кешенінен үш шақырым шығыста орналасқан…
Ұлықбек Жүнісбаев, ғылыми қызметкер.
Алдыңғы ақпарат

АСТАНАДАН КЕЛГЕН АЛҒЫС ХАТ

Келесі ақпарат

Самарқанда халықаралық музейтану форумы болып өтті